ЖАЗУДАН ЖАЛЫҚПАҒАН, ӘНІ КӨККЕ ҚАЛЫҚТАҒАН

591 көрілім

Кейбір шығармашыл адамдардың өзімен өзі сөйлесіп, қолын сілтеп жүретіндері болады. Бекжігіт Сердәліні қашан көрсеңіз де ішінен ыңылдап бір әуенді қайталап жүреді. Соған қарағанда, әріптесіміздің журналистігінен, ғалымдығынан, ұстаздығынан гөрі сазгерлігі басым ба деп қаламыз. Бекжігіт Сердалы Сауран ауданы, Бабайқорған ауылдық округі, Үлгілі ауылының тумасы. Қаратаудың етегіндегі табиғаты әсем өңірдің саф ауасын сіміріп, тұма бұлағының кәусарынан қанып ішкен Бекең қашанда туып өскен жерінен кіндігін үзген емес. Сондықтан да болар әрбір әні мен пікірі елдің аузында жүреді.

БІЗДІҢ КӨРКЕМДІК КЕҢЕСІМІЗ-ХАЛЫҚ

Осыдан қырық жылдай бұрын жүрек сезімдері жарасып, отау құрған жастарға арналған «Жас жұбайлар» («Сендерге әрдайым орын бар») атты ән пайда болды. Пойызда пайда болған ән аз уақыт ішінде қазақ даласында танымалдана түсіп, миллиондаған қазақ жастарының үйлену тойында айтылатын той жырына айналып үлгерген еді. Себебі аңызға айналған бұл әнді шырқамаған адам кемде-кем шығар. Тіптен бұл ән шетелде де орындалып жүр. Бұл әннің авторы өзіміздің әріптесіміз Бекжігіт Сердәлі.

Жоғарыда айтып кеткен «Жас жұбайлар» әнінің шығу тарихы да қызық.

Ол күнді Бекең былай еске алады: «80 жылдардың орта кезі, ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде оқимыз. Бiр күнi табан астынан курстас дос Құлтөлеу үйленетін болды. «Қарағанды, қайдасың?» – деп тартып кеттiк» – дейді Бекең. «Сонымен не керек, пойыз жүйткіп келеді. Той өтетін мекен – Ақадырға жақындаған сайын оларды жас жұбайларға қандай сый тартпағы ойлантып, ұнжырғасы түсе бастайды. Себеп, қалтаның таяздығы. Уайым, «Құлтөлеудiң тойына қандай сыйлық апарамыз?».

Үйленген Құлтөлеу де, оған тұрмысқа шыққан Райхан да өзiміздiң курстасымыз болса, қиналмай көр! Ұйқым келетін емес. «Тойға не сый алып барамыз?» деген сұрақ құлағымнан кететін емес. Стол үстiнде жол бойы дастарханға айналған «Лениншiл жастың» (қазiргi «Жас Алаш») қиындысы жатыр. Қиындыда – фотоэтюд. Оған жазылған екi шумақ өлең. Авторы көрсетiлмеген. «Суреттi түсiрген Рахымбай Ханалиев» деген жазу ғана бар.

Газет бетiндегi суретте бейнеленген бозбала мен бойжеткеннiң сезiмдерiн дәл көрсетiп, дөп басқан жыр жолдарын қайта-қайта оқымау мүмкін емес. Ал, пойыз тербетiле зымырап келедi. Доңғалақ ырғағымен ыңылдап едiм, жарасымды бiр әуен пайда болды. Келе-келе әнге айналды. Вальске ұқсайды. «Лениншiл жастың» бетіндегі әлгi екi шумақты салып, айтып көрiп едiм, әп-әдемi ән туып шыға келдi. «Жас жұбайлар» деп ат қойдым. Таңертең тойға асығып, көңiлдерi алабұртып келе жатқан курстастарыма «мынау бір жерден есіткен әнім еді» деп тыңдатып көрiп едiм, бәрiне ұнады. Осылайша, дүниеге «Жас жұбайлар» атты жаңа ән келдi. Оны сәлден кейiн бүкiл вагон, ал, Ақадырдағы Құлтөлеудiң үйлену тойында бүкiл ауыл айтып кеттi. Кейiн ол жастардың аузынан тастамайтын сүйiктi әнiне айналды» – дейді сазгер.

Артынан «Жас жұбайлар» әнiнiң мәтiнiн жазған ақынды iздеу басталады. Зулап өтіп жатқан күндердің бірінде ҚазМУ қалашығындағы бесiншi жатақханаға бiрде «Лениншiл жастың» жiгiттерi кездесуге шақырылады. Болашақтың журналистерi мен осы шақтың журналистерi бiр-бiрiне түрлi сұрақтар қойып, сұхбаттасып, сырласып, мәре-сәре болады.

«Кеш аяқтала бергенде журфактың студенттерi қонақтарға арнап ән айтатын әдеті бар. Сол баяғы «Жас жұбайларды» заулаттық. Ән аяқтала бергенде «Лениншiл жастың» сол кездегi әдебиет бөлiмiнiң меңгерушiсi, ақын Өтеген Оралбаев орнынан атып тұрып: «Бұл мен ғой! Менiң өлеңiм ғой!» деп айғай салды. «Жас жұбайлардың» қос авторы арада екi жыл өткенде осылай табысқан едік. Бұл 1986 жылдың көктемі болатын» – деп жымиды кейіпкеріміз.

Бекжігіт Кенжебекұлының мұнан өзге «Неге, неге?», «Ақ көңілдім, ақ арманым», «Ауыл жатыр той жасап», «Түркістаным – Тұраным» (Түркістан қаласының төлұраны), «Астанам – асқақ ән» атты әндерін де ел сүйіп орындайды. Онан өзге «Ризамын», «Текемет», «Ерке қайың», «Қазақ жауынгері», «Келіп кет, қалқам», «Сүндет той», «Аман жүрші ауылдың адамдары», «Сені іздегем», «Айналайын жеңеше» секілді ондаған әндерді шығарды. Бірақ ешқайсысы сол студенттік албырт шақтағы «Жас жұбайлар» әніндей танымалдыққа ие болған жоқ.

«Маған кезіккен адам: «сіз танымал әндердің авторысыз, бақытты шығарсыз», – дейді. Біз ауылда жүргеннен кейін танымалмыз деп айта алмаймыз. Танымал болуға да ұмтылмаймыз. Өйткені танымалдықтың түсінігі қазір басқа деңгейде. Танымал болу үшін міндетті түрде Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда тұруың керек. Өйткені танымал болуға онда мүмкіндік көп» – деп айтқанындай Бекеңнің өзінен гөрі әні қазақтың жалпақ даласына әлдеқайда танымал.

«Қарап отырсақ, біздің тек таңдаулы деген әндеріміз ғана халыққа жетіп жатады екен. Демек, бізде өз әндеріміздің жақсы-жаманын іріктеп алуға мүмкіндік бар. Біздің көркемдік кеңесіміз – халық», – дейді Бекең.

СЕГІЗ ҚЫРЛЫ – БІР СЫРЛЫ

Сазгер әрі ғалым-ұстаз Бекжігіт Сердәлі қасиетті Түркістандағы Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болашақ журналистерге дәріс береді. Бүгінде профессор-оқытушы Бекжігіт Сердәлі Әлия Белдебекова жетекшілік ететін «Журналистика кафедрасында» журналистика саласының майталмандары профессор Қуандық Оразбекұлымен, профессор Сейдулла Садықовпен, доцент Балтагүл Оспанова және аға оқытушы Асхат Сәдібеков сынды әріптестермен бірге қызмет етіп жүр.

Ғылымның талай белесін бағындырған Бекең 1999 жылы филология ғылымдарының кандидаты, 2017 жылы профессор дәрежесін алса, 2015 жылы Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі және 2014 жылы Аймақтық Менеджмент Академиясының академигі атанған.

Өнермен қатар ғалымдықты да қатар алып жүрген Бекеңнің ғылыми еңбектері жетерлік. Атап айтқанда, 80-нен астам ғылыми мақалалар (оның 30-ы шетел журналдарында, 5-еуі нөлдік емес импакт-факторлы журналдарда), 3 монографиясы (1-еуі Ресейде) бар.

Ғылымның жолына түскен Бекең елімізге танымал қаншама журналист шәкірттерді тәрбиелей отырып, шығармашылықтан да қол үзбеді.

Олай дейтініміз, бір бойынан өнердің неше түрлісі табылатын әріптес-ағамның 15-тен астам шығарған әні бар. Сондай-ақ, Бекеңнің қарымды қаламынан 20-дан астам әдеби шығармалар, оқу құралдары мен монографиялар жарыққа шықты. Айталық, «Ұлт журналистикасының ұлықпаны», «Жорналшы жазбалары», «Шаттық ұялаған шаңырақ», «Әнім – әлемім», «О, махаббат!» «Танымал әннің тарихы», «Сөз айттым, құлақ ассаң» сынды т.б кітаптардың авторы.

Түркістан қаласының төңірегіндегі қазіргі Бабайқорған ауыл округіне қарасты Үлгілі ауылында дүниеге келген Бекжігіт Сердәлі ҚазҰУ-дің журналистика факультетін 1987 жылы бітірген.

Жоғары оқу орнын бітірген соң Бекжігіт Сердәлі қалалық, аудандық газеттердің тілшісі болып еңбек етеді. Содан, халықаралық қазақ-түрік университетінде журналистика мамандығы ашылғалы ұстаздық етіп келеді. Кафедра меңгерушісі болып біраз жылдар мамандыққа басшылық жасады.

Бекеңнің ел алдындағы еңбектері бағаланып, 1998 жылы «Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты», 2010 жылы, «Қазақстанның мәдениет қайраткері» атанды. Сондай-ақ, оған «Түркістан қаласының Құрметті азаматы», «Кентау қаласының Құрметті азаматы» атағы берілген. Өткен жылы «Сауран ауданының Құрметті азаматы» атанды.

2010 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын иемденген. Ал 2008 жылы «Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері», 2010 жылы музыка саласы бойынша Васьлей Митта атындағы халықаралық сыйлықтың иегері (Чуваш Республикасы, «За заслуги в культуре и искусстве» медалі (Ресей, 2014) және «Заслуженный работник науки и образовании» құрметті атағы (Ресей, 2014) бар.

ТОҚТАҒАНЫҢ – ТОҚЫРАҒАНЫҢ

Бекең, барлық өнерді меңгерген, адамгершілік қасиеті жоғары, жан-жағына шуағын шашып жүретін кісі. Шәкірттеріне өз баласындай жаны ашып, ақылын айтып, көмегін беріп жүреді. Нағыз зиялыға лайық мінезі бар қарапайым, менмендігі жоқ жан. «Өз кәсібін жанындай сүйген адам қашанда бәріне үлгереді. Адамда тыным болмау керек. Бір сәт те тоқтап қалуға болмайды. Тоқтағаның – тоқырағаның» – дейді ұстаз. Онысы рас, қазіргі цифрландырылған заманда Бекең соңғы техникаларды, компьютерді жетік меңгерген, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ия, осындай ұстаздан білім, тәлім-тәрбие алып отырған шәкірттері белсенді. Ынтымағы жарасқан Бекеңнің отбасында үш қыз, бір ұлы бар. Жары мектепте ұстаздық етеді. Педагогтардың отбасы десек те болады. Қазіргі таңда ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ата-әже.

Бекжігіт Сердәлі қашанда Саурандағы, Бабайқорғандағы, Үлгілі ауылындағы бұқаралық іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Ауылының жанашыры. «Сауран ауданының құрметті азаматы» ғалым әрі сазгер ағасын ауылдастары мақтан тұтады.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы