ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕ БАҚ СЫНАДЫ

413 көрілім

Халықаралық театр күніне орай, 27-31 наурыз аралығында Көкшетау қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған халықаралық «Сәлем» комедиялық театр фестивалі болып өтті. Түркістан облысы атынан Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры қатысып, Әбіш Кекілбаевтың аудармасындағы К.Гоццидің «ТУРАНДОТ ХАНШАЙЫМ» комедиясымен өнер көрсетті.

Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының директоры Ержан Исатаевтың мәлімдеуінше, аталған фестивальде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның беделді өнер ұжымдары 9 аталым бойынша бақ сынасты.

Фестиваль ерекшелігі сол, жүлделі орындар емес, арнайы номинациялар беріледі. Қазылар алқасының әділ шешімімен «Үздік әйел адам бейнесі» аталымымен Турандот ханшайымы рөлі үшін театр актрисасы – Гүлзада Айтбаева марапатталып, 300 000 тг қаржылай сыйақыға ие болды. «Театр өнерін жақсы көретін көкшетаулық көрермен тамаша қойылымдарды көріп, тәнті болды. Бұл фестиваль біздің ұжымға ерекше шабыт берді. Биыл театрымызда 4 жаңа қойылымды сахналауды жоспарлап отырмыз. Атап айтар болсам, Айжан Атымтаеваның «Кім патша?» ертегісі, Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» драмасы, Лидия Егембердиеваның «Қалталы күйеу, қайдасың?» комедиясы, Алишер Айтуардың «Туған күніңізбен, анашым!» драмасын көпшілікке ұсынатын боламыз. 12 сәуір күні Р. Отарбаевтың «Жалғыздық» атты драмасын сахналау үшін Атырау облыстық М.Өтемісұлы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Мұқанғали Томановты арнайы шақырып отырмыз.

Сондай-ақ, осы жылдың қазан-қараша айларында республикалық деңгейде театр фестивалін өткізу жоспарымызда бар», – деді театр директоры. Брифинг барысында сөз алған театр актері Бақдәулет Шаймахан еліміздің театр кеңістігіндегі актерлердің өнер мен спорттағы шығармашылық әрі әріптестік байланысы туралы сөз қозғады. Астанада Халықаралық театр күніне орай өткен қазақ күресінен «Театр барысы – 2023» І Республикалық турнирінен Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының актері Бақдаулет Шаймахан жүлделі ІІІ орынды еншіледі. Аталған турнирге қалалық, облыстық және республикалық театрлардың актерлері қатысты.

Айта кетейік, алдағы уақытта театрдың негізін қалаушы, ҚР Халық әртісі Р. Сейтметовтың туғанына биыл 85 жыл толуына орай оның өзі сахналаған қойылымдары көрермен назарына ұсынылмақ. Бұдан бөлек, театр жоспарында түрлі халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде өтетін театр фестивальдеріне қатысу және гастрольдік іссапарларға шығу жоспары тұр.

Жазира ЖҮСІП,

ХҚТУ-дің студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы