БИШІ РОБОТТЫҢ АВТОРЫ – АРУЖАН

678 көрілім

Кентау қаласы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты Кентау оқушылар үйі балаларды жан-жақты дамыту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар, онда робототехника саласын да терең үйретеді. Кентау қалалық оқушылар үйі 2023 жылдың 16 ақпан күні ашылған. Оқушылар үйінің директоры Халуа Мамбетбаеваның айтуынша, мұнда робототехника кабинеті жұмыс істейді. Кабинет түрлі роботтармен жабдықталған. Робототехника үйірмесін білім жетілдіру курстардан өтіп, арнайы дайындықтан өткен ұстаздар жүргізеді.

Айта кетейік, кентаулық өнертапқыштардың «Қара жорға» биін билейтін роботы көпшілікті тәнті еткен еді. Оны, Аружан Смайыл есімді 5-сынып оқушысы жасаған. Жетекшісі Ақниет Серікқызының айтуынша, робототехника үйірмесіне жарты жылдан бері қатысады. Қызығушылығының арқасында жеткен жетістіктері де аз емес. Аружан ұстазымен бірлесе жұмыс жасап, нәтижесінде «Қара жорғаға» билейтін биші робот жасап шығыпты. Аружан үйірмеге келмей тұрып үйінде лего құрастырып жүрген. Робототехника үйірмесіне алғаш қадам басқан күннен қызығушылығы одан әрі артқан. Әрқашан ізденіс үстінде жүреді. Ынта-жігерінің арқасында тапсырманы уақытынан бұрын орындайды.  Көпке танылған роботты құрастыру барысында «SPIKE» бағдарламасын қолданыпты. Жас өнертапқыш одан бөлек, ән айтқанды жаны сүйеді екен. 5-сынып оқушысының осындай ерекше туындыны жасап шыққаны тек Кентау оқушылар үйінің ғана мерейі емес, облыс үшін де айтарлықтай жетістік.

Бүгінде оқушылар тарапынан жаңа ғылым мен ұлттық құндылықтарды байланыстыра отырып, арқан тартыс, теңге алу сынды ұлттық ойындарға арналған роботтар құрастыру ісі де жүзеге асуда. Оқушылар тек робот құрастырып қоймай, қолөнер бұйымдарын да жасайды. Ол үшін барлық жағдай жасалған.

Жалпы, Түркістан облысында робототехника үйірмелерінің жұмысы жақсы көрсеткіш көрсетіп келеді. Естеріңізде болар, Төлеби ауданында қымыз құятын робот ойлап тапқан 9-сынып оқушысы Жансұлтан Төребек те көпшілікке танылып үлгерді. Ол өз туындысына «денсаулық сыйлағыш Асылбек» деген ат қойған. Ерекше робот құрастырған түркістандық оқушылар облыс көлемінде ғана емес, республика көлемінде де танымал.

Кентау қалалық Оқушылар үйінде 45 үйірме бар, жалпы 76 қызметкер жұмыс істейді. Балалардың мектептен тыс бос уақытын тиімді пайдалануға барлық жағдай жасалған. Қазір мұнда 2000-ға жуық оқушы қосымша білім алады екен.

Осындай дарынды балалардың жұрт тамсанатын туынды жасап шығаруы үшін ұстаздарының да еңбегі орасан зор. Бүгінде, оқушылар үйінде ашылған робототехника кабинеті ізденімпаз жастардың жан-жақты дамуына жол ашуда. Балалар жаңа технологияларды меңгеру арқылы жаңа қырларын танытып жатыр. Нәтижелі жұмысты көрген ата-ана да, ұстаз да риза.

Гүлжан ТАЖЕНОВА,

Кентау қаласы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы