Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан аумағындағы атқарылып жатқан тазалық, көгалдандару жұмысымен танысу мақсатында ішкі көшелерді аралады. Кәсіпкерлік нысан иелерімен тілдесіп, ғимарат аумағын көгалдандыруға ерекше көңіл бөлуі бойынша түсіндіру жұмыстарын атқарды.

– Аудандағы әр-бір ғимарат аумағындағы ағаштар кесілмеуі тиіс. Жеке сектор немесе мемлекеттің теңгеріміндегі нысандар аумағындағы ағаштарды тек ретке келтіру мақсатында бұтау жұмыстары жүргізілуі керек. Осы мәселені назарда ұстаңыздар. Ағаш көшеттерін егіп, оның өсіп-жетілуіне бар күшімізді жұмсап жатқанда өсіп тұрған ағашты кесу ессіздік деп санаймын, – деді аудан басшысы.
Жәнібек Есенұлы берілген тапсырмалардың орындалуы барысын көзден кешіру мақсатында аудан орталығындағы көшелерді жаяу аралады. Қураған көшеттер орнына жаңадан ағаш бұталары қондырылған. Суару жүйесін ретке келтіру жұмыстары атқарылуда.

Сонымен қатар, ішкі көшелердің бойын көгалдандырып, тұрғындар үшін қолайлы демалыс аймақтарын құру жұмыстары жоспарланды. Сауда орындарында көлік тұрағын ыңғайластыру бойынша қажетті шараларды атқаруға тапсырма берілді. Ауыл әкіміне қажетті шараларды атқаруға тапсырмалар беріп, орындалуын өз бақылауына алды.