ЖАНКЕШТI ҰРЫСТЫ БАСТАН КЕШКЕН АРДАГЕР

523 көрілім

Әлiбай Қарабалаев әкесi Алдаберген мен анасы Күлшардың дүниеге әкелген 8 ұл-қызының iшiнде үшiншiсi. Қаладағы Әл Фараби атындағы орта мектептi бiтiргеннен соң, темiржолда жұмыс iстейдi. Бейбiт өмiрдiң бейбiт ұланы Отан алдындағы әскери борышын өтеудi Ауған жерiнде өткiземiн деп ойламаса керек. Сол бiр зұлмат жылдар жайлы Әлiбай ағаның өзiнен сыр тартсақ.

– 1981-1983 жылдары Ауғанстанның Джабалы елдi мекенiнде танк жүргiздiм. Алғашында Саланг асуын қорғадық. Паншер операциясына 2 рет қатыстым. Пули-Хумри, Хайратон трассасын дұшпандардан күзеттiк. Баграм-Чиникар бағытындағы операцияға қатыстық. Есте қалған ең ауыр, қиын сәт болды: Чиникар елдi мекенiндегi ұрыста бiздiң танкiнi гранатаметпен атқылады. Танкiнiң  жанып жатқанын бiлдiк. Командирдiң «Танктi тастап шығыңдар!» деген бұйрығы емiс-емiс естiле бастағанда есiмдi жоғалттым. Содан 10 күннен кейiн госпитальда есiмдi жиып, экипажда тiрi қалған мен ғана екендiгiмдi бiлдiм. Барлығы ауыр жарақатты көтере алмай қайтыс болыпты. Бiр айдан соң өз ротама  келiп, жаңа танкiге отырдым.

Бiрде Ауғанстан мемлекетiнiң басшысы Бабрак Кармальды межелi жерiне жеткiзу мiндетi қойылды. Жолда дұшпандар шабуыл жасап, мемлекет басшысына қауiп төндi. Сонда бiз көп ойланып жатпастан екi топқа бөлiндiк. Бiр топ тоқтамай басшыны алып кету, екiншi топ тосқауылда қалып, дұшпандардың жолын бөгеу. Бiздiң бөлiмге екiншi мiндет жүктелiп, бiрiншi топтың аман қалуы үшiн дұшпандармен өте жақын қашықтықта ұрыс жүргiздiк. Мемлекет басшысына арнап атылған оққа өз кеуделерiн тосып, жанкештi ұрысты бастан кешкен жиырма жауынгерден жетеу ғана қалдық. Сол жерде көз жұмған жолдастарымды еске алсам, әлi күнге дейiн жүрегiм ауырады. Олардың жарқын бейнелерi әлi есiмде, кейде түсiме енедi. Сол күнгi тапсырмадан соң генерал Максимовтан Алғыс хат алдым,- деп, сол бiр сұрапыл жылдарды еске алған Әлiбай Алдабергенұлы жан жары Рыскүл екеуi 4 ұл мен 4 қызды өнегелі тәрбиелеген  отбасы иелерi. Екі ұлын  үйлендіріп,  екі келіні бар. Бүгінгі таңда 14 немеренің сүйікті ата-әжесі.

-Ұлы Отан соғысы кезінде соғыс туралы «Четыре танкиста и собака» деген кино түсірілген.  Тарихта болған оқиға негізінде түсірілген фильм болатын. Ауған жерінде біз қазақтың жігіттері  осы тарихты қайталадық. Менің танкімде макака маймылы болды. Аты Макс.  «Четыре танкиста и макака» деп атады біздің экипажды. Оның тарихы ерекше. Айта берсек, қызықтары да көп.

Ауған жерінде қаншама қиыншылықты бастан өткердік. Контузия алдым,  жараландым. Мен  үшінші топтағы әскери мүгедекпін. 2015 жылдан кейін, еңбекке жарамай қалдым. Мүгедектігіме  байланысты  дәрі-дәрмекті  тегін аламын. Сонымен қатар,   Алматы қаласындағы  госпитальға барып, емделіп  тұрамын, – дейді Әлiбай Алдабергенұлы.

Әңгiме барысында Әлiбай Алдабергенұлының ақындық қасиетi барын аңғардық. Өлең жазуды  бала жасынан жанына серiк еткен Әлiбай сол бiр аласапыран тұста да өлеңдi жүрегiне алау отындай жағыпты. 1982 жылы ауыр жарақаттанып госпитальға түскенде де жанын өлiмнен алып қалған поэзия әлемiнiң сиқыры секiлдi. Әлiбай Қарабалаевтың госпитальда  жазған мына өлеңi соның айғағындай:

СҰМ СОҒЫС АУҒАН ЖЕРІНДЕ

Сұм соғыс Ауған жерiнде,

Қара бұлт торлаған көгiнде.

Жаралы ыңырсыған достарым,

Жасымнан көрейiн дегенiм бе?

Күнде атыс, күнде топалаң,

Дұшпан келедi жотадан.

Аузы-басын түк басқан жауыздар,

Оқ атады бiзге тасадан.

Ашудан айналады күш ағынға,

Оқ атамын қаруды қысамын да.

Ақ ұрып құлаған қаруласым,

Қала бердi қара жер құшағында.

Ей, адамзат, бар ма бұған тиым?!,

Күнде атыс-шабыс, күнде жиын.

Жалғыз ұлын қара жерге тапсырған,

Түсiнетiн бар ма ана күйiн?!

Екi жыл мұнда қалған жастық шағым,

Сындырды ғой көптеген ердiң сағын.

Екi жыл жолға қарап көзi талған,

Жас арудың алып кеттi-ау бағын.

-Ауған соғысының ардагері ретінде құрмет көрсетіп, мектептерде  кездесуге шақырып тұрады. Атап айтсам, қаладағы Ә.Науайы атындағы мектебінде өткен кездесу кеші ерекше өтті. Ресейлік танымал рок-музыкант   Александр Маршалдың  әндеріне жазылған «Салам бача» және т.б. өлеңдерді  қазақшаға аударғанмын. Осынау аударған өлеңдермен қатар,    жүрекжарды өлеңдерімді оқушылар жатқа оқыды.  Сауран ауданындағы мектепте де  кездесу өтіп, өлеңдерім оқушылар тарапынан жатқа оқылды. Мектеп ұжымдары мерекелерде шақырып, құрмет көрсетіп отырады,-деп Әлібай аға мектеп ұстаздарына алғысын жеткізді.

Осы орайда осы өлеңді жазып алуға тырыстық.

САЛАМ БАЧА

Салам бача міне кездестік екеуміз,

Салам бача экипажда болдық төртеуміз.

Міне біз оралдық елге,

Олар қала берді бөгде жерде.

Бача, бача.

Қ/сы

Жаса Кандагар Герат,

Жаса Файзабад Газни,

Жаса Хаиротон Шыңдат,

Жаса саған қадірлі маған Шурави.

Салам бача қал жағдайың қалай,

Салам бача тағдыр екен осылай.

Қанша ғұмыр қалды бізде,

Қыршын кетті жастар талай.

Бача, бача.

Қ/сы

Жаса Құндыз,Баграм.

Жаса Кабул,Саланг.

Жаса Пулихумри, Гардез,

Жаса мәңгі, қадірлі маған шуравии.

Әлібай Алдабергенұлы Ауған соғысында көрсеткен ерлігі үшін СССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет гра-мотасымен, «От благодарного Афганс-кого народа», 70 лет ВС СССР», «Вете-рану войны в Афганистане» медаль-дарымен марапатталған.

Әлібай ағамен сұхбаттаса отырып түйген ойым: Халықтың бірлігі  мен  мемлекет тұтастығы  жолында жастар-ға әскери-патриоттық тәрбие беруге өз үлестерін қажымай қосып отырған ау-ған соғысы ардагерлерінің мәртебесін шынайы түрде ҰОС ардагерлерімен теңестіру – өмір талабы.

Ләззат  ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы