Ағымдағы жылдың 29 қазанында білім беру саласында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мәселелері талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары С.Қалқаманов, Департамент басшысының бірінші орынбасары Ғ.Асанұлы, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшылығы және бейнеселектрлық режимде қала/аудан әкімдерінің білім саласына жауапты орынбасарлары мен өңірдегі барлық білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

Шара шеңберінде сөз алған Ғ.Асанұлы білім беру жүйесінің дамуы маңызды рөлге ие екенін жеткізді. Сонымен қатар, осы салада жемқорлық деңгейін төмендету басты назарда екендігін алға тартты. Бұған ерекше назар бөлудің бірден бір себебі, соңғы жылдары білім саласы сыбайлас жемқорлық көріністері ең көп орын алып жатқан салалардың бірі екенін ескертіп, жемқорлық тәуекелдерін төмендету бағытында нақты шаралар қабылдауды ұсынды.
Бұдан бөлек, мектеп директорларының өздерінің негізгі міндеті – оқушыларға сапалы білім беруді ұйымдастыру жұмысымен айналысу үшін, төмендегілерді ұсынды:
– педагог кадрлардың бос орындарын толтыру бойынша өткізілетін конкурстардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін әңгімелесу сатысын онлайн трансляциялау;
– конкурстық комиссия құрамынан білім бөлімдерінің және оған бағынысты мекемелердің қызметкерлерін шығарып, олардың орнына қоғам белсенділерін, оның ішінде арнайы мониторингтік топтардың мүшелерін қосу;
– жұмысшы персоналды (еден жуушы, күзетші, вахтер және т.б.) жұмысқа қабылдауды мектеп директоры құзырынан алып, оны ашық бәсекелестік ортаға (аутсорсингке) беру;
– ұстаздардың, оның ішінде басшы лауазымдағы қызметкерлердің сапалық құрамына талдау жүргізу;
– іріктеу арқылы оқуға қабылдайтын «Дарын» және тағы басқа мектептерге қабылдауды мектеп құзырынан алып, оны орталықтандырып, бірыңғай облыстық конкурс ретінде өткізу (жоғары оқу орындарының гранттарына өткізілетін жалпы конкурс секілді).
Мақсатты жиын әрі қарай тақырыптық бағытта жасалған баяндамалар мен білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мәселелері ортаға салынды.
