ТҮРКИЯДАҒЫ ҚАЗАҚТАР АДНАН МЕНДЕРЕСТІ НЕ ҮШІН ҚҰРМЕТ ТҰТАДЫ?

466 көрілім

Түркиялық қазақтардың 1950-1960 жылдары бас министрлік қызметін атқарған, Түркияның белгілі мемлекет қайраткері Аднан Мендерестің Стамбұлдағы кесенесіне барып, тағзым етуін қалыптасқан үрдіс десек қателеспейміз. Осылайша, олар түрік халқына деген ризашылықтарын білдіреді. Не үшін десеңіз, шоқайтанушы ғалым Әбдіуақап Қараның жазбасына сүйеніп түсіндіріп өтейік.

Отызыншы жылдардан бастап бас сауғалап, пана іздеп көшкен халқымыздың бір шоғыры Пәкістанды пана етіп еді. Олардың көші 1930 жылдардың екінші жартысында Алтайдан басталып, Гансу, Шынқайдан өтіп, Гималай мен Тибеттен асып, 1940 жылы Үндістанға жеткен еді. Ендігі мақсат Түркияға жету еді. Бірақ олардың бұл жайында өтініштері екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан қабылданбады. 12 жыл бұрын Үндістан, кейін одан бөлініп шыққан мұсылман Пәкістан елінде өмір сүрген қазақтар Түркияға бару мақсаттарынан айнымады. 1950 жылғы сайлаулар нәтижесінде 1938 жылдан бері билік басында болған үкіметтің орнына жаңа үкімет келгенін естіген қазақтар өтініштерін қайталады. Жаңа басминистр Мендерес сол өтінішті қанағаттандырды. Түркия түбі бір туысқан халық деп санап отырған қазақтарға әрқашан жанашырлық көрсете білді. Сондықтан, бұл елдегі қазақтар әрқандай бір бөтендік, жаттық көріп, этникалық қысым, қудалауға тап болған жоқ. Түркия, Пәкістаннан қоныс аударған қазақтарды алдымен «қонақхана» деп аталатын бөлмелерге орналастырды. Ол жерде жаңа көшіп келген азаматтардың баспана, тамақтану, киім сияқты негізгі барлық мұқтаждықтары қанағаттандырылды. Тіпті оларға айлық та төленіп тұрды. Сонымен қатар, оларға түрік тілі, кәсіп-мамандық, жаңа елдің тірлік-салтына бейімдеу барысында курстар мен сабақтар ұйымдастырылды. Екі жыл осылай өткеннен кейін, қазақтардан Түркияның қай жеріне орналасуды қалайтындықтары сұралды. Олар өздерінің дағдылы көшпенді мал шаруашылығы өмірлеріне сәйкес келетін таулы және далалық Анатолия аймақтарынан қоныс беруін қалады. Сонымен қазақтарға Түркияның Маниса, Конья, Аксарай, Кайсері және Нигде өңірлерінің далалық және таулық аймақтарында арнайы үйлер салынды. Сөйтіп, қазақтардың түрік еліндегі өмірі басталды.

Міне, осындай қамқорлыққа бөленген Түркия жеріндегі қазақ диаспорасының Аднан Мендерестің Стамбұлдағы кесенесіне барып тәу етуінің негізгі себебі осы.

Түбі бір туыс халыққа ортақ азаматқа деген құрмет осылайша Түркістан қаласында жалғасын тауып отыр. Жаймашуақ көктемнің сәрсенбіге тура келген алғашқы күнінде түркі халықтарының түп мекені саналатын шаһарымыздың төріндегі Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіндегі игі қадам тақырыбымызға арқау болып отыр.

Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай, Түркия Республикасының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Аднан Мендереске арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Пеями Баттал және қала тұрғындары қатысты.

Облыс басшысы Түркістанды түркі әлемінің орталығына айналдыруда бауырлас мемлекеттермен рухани байланысты тереңдетудің маңыздылығын айтып өтті.

– Танымал саясаткер, Түркия Республикасының Премьер-Министрі қызметін атқарған Аднан Мендерестің Түркі жұртына ортақ тұлға екендігі баршамызға аян. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары қазақтардың Түркияға қоныстануына себепкер болып, 4 жылға жуық созылған қоныс аудару процесіне өзі басшылық еткен саяси тұлғаның тарихта алар орны бөлек. Сол заманда қазақ халқы үшін оңтайлы шешім қабылдап, қамқорлық танытқан Аднан Мендерестің есімін жаңғырту – біз үшін парыз! Осыған орай, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласындағы көшелердің біріне Аднан Мендерестің есімі берілді. Бүгін сол іс-шара жалғасын тауып, тарихи тұлғаның ескерткішінің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Күллі түркі жұртының рухани астанасы Түркістанда қос елге ортақ тұлғаның есімін жаңғырту – заңдылық. Биыл Түркияда жер сілкінісі болып, түрік бауырларымыз зардап шекті. Осы қиын шақта Қазақ халқы Түркиямен бірге екенін дәлелдеді. Президентіміздің тапсырмасымен қолдау көрсетілді. Бұл – екі бауырлас ел арасындағы терең байланыстың белгісі, – деді Дархан Сатыбалды.

Салтанатты жиында ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Айтыстың ақтаңгері Бекарыс Шойбеков екі елдің бірлігі туралы арнау айтса, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ректорының өкілі Пеями Баттал да жылы лебізін білдіріп, тұлғаны ұлықтаған қазақ халқына алғысын жеткізді. Зілзала салдарын жою үшін Түркияға қолдау көрсеткен Қазақстанның мейірбан жұртына, Түркістан өңірінің жанашыр тұрғындары мен басшылығына рахметін айтты. Іс-шараға қатысушылар Аднан Мендерестің ескерткіші маңындағы гүлзарға ағаш отырғызды.

Аднан Мендерес – түрік саясаткері, Түркияның премьер-министрі (1950-1960). Түркияны дамытуға үлес қосқан көшбасшыларының бірі. Сонымен бірге бұл саяси қайраткер Пәкістандағы қазақтарды Түркияға көшіруге ықпал етіп, қолдау көрсеткен. 1952 жылы басталған қазақ көші бірнеше жылға дейін жалғасқан.

«Түркістан-ақпарат».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы