ГҮЛ ӨССЕ – ЖЕРДІҢ КӨРКІ

764 көрілім

Түркістанға көктем ерте келеді. Иә, расында оңтүстік өңір қай мезгілде болмасын қабақ шытқан кезін көрмейсің. Қашанда құшағын ашып, күннің көзі күлімдеп тұрады. Жыл сайын қызғалдақ гүлдері де осы өңірде ерте бүр жарады. «Көктемдей құлпырып жүр» , «Гүлдей жайна» деген халық арасында қыздар қауымына айтатын жақсы тілектер бар. Міне, осы хош иіске бөленген қызғалдақ гүлдер қала көркін одан әрі ашқандай. Ахмет Ясауи университеті ботаникалық бағы осы қуаныштың себепкері.

Түркістан облысы шөлейтті аймақ болса да, гүлдердің ерте бүр жарғаны көпшілікті қызықтырмай қоймайтыны анық. Ботаникалық бақ соңғы 3 жылда арнайы жылыжайда қызғалдақтың бірнеше түрін өсіруді қолға алған. Профессор Апушев Амангелді бастаған университет ғалымдары қызғалдақтардың коллекциясын жинап, гүл күтімі мен оны көбейту жолының түрлі әдістерін зерттеп келеді. Нәтижесінде, қазір қызғалдақтың 22 түрі бар, олардың 15-і мәдени, 7-уі арнайы экспидиямен алып келген жабайы түрі. Олардың барлығы тек жылыжай ішінде ғана емес, ашық аспан астында да өсіп шығады. Мамандардың айтуынша, топырақтың құрамында балшық, енді бірінде ағаш ұнтағы, үшіншісінде шымтезек бар. Бұлардың барлығы қызғалдақтың қай түрі қандай топыраққа бейім екендігін білу мақсатында жүргізіліп жатқан зерттеулердің бірі.

Халықаралық деңгейдегі оқу ордасы қашан да осындай ерекше бастамаларды қолдауға дайын. Оған дәлел, ғалымдардың маңдай тер еңбектері ескеріліп, өткен жылы Ғылым Комитетінің қолдауымен қызғалдақтарға бағытталған 77 млн. теңгелік гранттық қаржыландыру жобасы басталған. Жобаның негізгі мақсаты – қызғалдақ гүлдерді жеделдете көбейтудің тиімді әдістерін жасау, гүл өсіру технологиясын бейімдеу және қолданысқа енгізу арқылы Қазақстанның гүл өсіру саласын дамыту болып табылады.

Биылғы жылдан бастап алғаш рет қызғалдақтар сатылымға шығады. Көктем мерекеге толы ай. Алда келе жатқан 8 наурыз – халықаралық Әйелдер күніне орай 2 мыңнан астам қызғалдақ гүліне сұраныс түсіпті. Қызғалдақтардың ең үлкен ерекшелігі – 1 аптаға дейін солмай, көздің жауын алып тұрады. Екінші ерекшелігі, Голландиядан келген қызғалдақ пиязшықтарының басқа елдердегі жерсінуі 65 %-дан аспаса, мұндағы көрсеткіш 93-94% шамасында. Бұл өте керемет көрсеткіш.

«Гүл егу жұмыстары күз айынан бастау алады. Оларды тамырландырудың өзіндік режимі бар. Оны салқындату керек. Әр гүлді әртүрлі температурада өзгертіп, нақты бір температурада ұстап отыру керек. Әйтпесе гүл бүр жармайды»,-дейді университет профессоры Амангелді Апушев.

Аздаған уақыттан кейін жазиралы кең даламыз жайқалған жауқазындар мен қызғалдақтарға толады. Қазақ өлкесін одан әрі көркемдеп, шырайлы ететін де осы гүлдер. Ал, олардың алғаш болып Түркістанда бүр жаруы үлкен жетістік.

Гүлжан ТӘЖЕНОВА,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 4-курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы