ТҮРКІСТАН ТӨҢІРЕГІНЕ ТИІСУГЕ БОЛМАЙДЫ

264 көрілім

Саурандағы Бабайқорған ауылдық округінің маңындағы 500 гектар жер жайылымды алып, тас қазбақшы болған кәсіпкер ауылға жылына 6 млн қаржы бермекші. Айтуынша, кәсіпкер бұл жерді тендерден ұтып алған. Сондықтан, ол жер астындағы тасты қазып, пайдалану, игеру құқығына ие. Бұған елді мекендердің көзі қарақты зиялы қауымы қарсы шығып отыр.

 Жасыратыны жоқ, күні кешегі жекешелендіру тұсында бұған дейін Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданы аумағынан қиыршық тас алатын 42 карьер қазылып, соның зардабын қарапайым халық көріп отыр. Қазіргі таңда құзырлы органдар заңсыз өтіп кеткендерін елге, ортақ жайылымға қайтаруда. Оны қайта өңдеуге тура келеді.

Егер де осы айтылған 500 гектар жер кәсіпкерге беріліп кетсе, алайда жер қазылып, тас алынатын болса, онда бірер жылдан соң орасан залалы болары сөзсіз. Өйткені, Бабайқорған, Абай, Үлгілі, Мес ата ауылдар болашағы бар, сулы, егін мен мал шаруашылығына және Түркістан туризмін дамытуға өте қолайлы жер. Түркістандықтар үшін табиғаты керемет жерден тамаша  демалыс орындарын салуға болады. Жалпы Түркістан қаласының төңірегіндегі табиғаты тамаша жер. Сондықтан, тас үшін жерді қазып, залал жасағанша, дұрысы жер бетінде түрлі өнеркәсіп ошақтарын салса немесе егін егетін жылыжайларды іске қосса, онда нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.

Болашағы зор ауылдар, тарқатып айтсақ: Бір замандарда бұл ауылдар бітік шығатын егінімен, малымен  Одаққа танымал болған. Қаншама дихандарымыз, яғни еңбек майданында аты оза шапқан жүгерішілер мен озат шопандар Мәскеу, Алматының төріндегі үлкен жиындарға арнайы шақырылып,  еңбегі еленіп, төстеріне марапаттар тақты.

Біріншіден, ертеңгі күні Түркістанға Ясауиге келеді деп жоспарланған туристер Бабайқорған ауыл округіне қарасты Укаша ата,  Жылаған ата, Оғыз хан мекен еткен Өгізтау (Оғызтау), Ақтөбе қалашығы, Балақорған, Қызқорған сынды т.б өте көп тарихи жерлерді тамашалай алады. Нағыз туризмнің ортасы.

Екіншіден, Түркістан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін құрылып жатқан «Азық-түлік» белдеуі бағдарламасын жүзеге асыру үшін егін ексең бітік шығып, жайқалатын, бақсаң малы семіріп, мыңғыратын жайылымы мол ауылдарды неге пайдаланбасқа.  Бағдарлама аясында ауыл тұрғындарының жағдайы жақсарады.

Үшіншіден, табиғаты ыстық-қапырық Түркістанның халқы ертеңгі күні табиғаты тамаша жерлерге барып, бір мезгіл демалғысы келері сөзсіз. Сол кезде қаладан алыс емес  қарт Қаратаудың баурайындағы табиғаты тамаша Бабайқорған, Абай, Көксарай, Мес ата, Үлгілі ауылдары демалыс жай болуға таптырмас жерлер.

Қорқыныштысы сол, тас қазып алғанда ол жерде терең орлар пайда болары сөзсіз. Сол төңіректегі ауылдардың қайнар бұлақтары тартылып, тіптен салынғалы жатқан карьерден сәл ғана жоғарыда орналасқан 8 млн текше-метр су жиналатын «Абай» су тоғанының сулары тұрақтамай, карьерден бірақ шықпасына кім кепіл болады. Ауылдардың экологиясын бұзылуы әбден мүмкін.

Сондықтан, кәсіпкер жылына 6 млн теңге бергенімен, жердің астынан тас қазып,  терең ор жасап жайылымды жойып, экологияны құртар болса, нағыз өкініш сонда болар.

Бір кәсіпкердің бизнесі жүргенмен, мыңға жуық отбасының жағдайы төмендеп және түлеп жатқан Түркістан қаласы тамаша табиғаттан қағылып, көп мүмкіндігінен айрылып қалуы мүмкін.

Тубегі Әлжанұлы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы