ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті қалалық «Жер қатынастары» бөлімінің 2018 жыл мен биылғы жылдың 8 айындағы жұмысын саралап, қызметтік талаптардың орындалмау барысын талдады. Жиынға қала әкімі Рашид Аюпов, қала, аудан әкімдерінің жер саласына жауапты орынбасарлары, жер қатынастары мен жер кадастры бөлімдерінің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Тексеріс қорытындысымен мәлім болғандай 25 кемшілік анықталған. Мысалы, мемлекеттік мұқтажы үшін жер және өзге де жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығару, жер кодексі талаптары сақталмауы салдарынан жер комиссиясының отырысы аудио-бейнежазба құралдары арқылы тіркелмей бірқатар заңсыздықтар орын алған.

“Кездесуді талқылау деп қарайық. Бірнәрсені ұмытпаған жөн. Мемлекеттік қызметке ешқайсысымызды зорлап әкелген жоқ. Иә, тұрғындарға жер беруге тиіспіз, бірақ инфрақұрылымы дайын аймақтан ғана. Нормативтік құқықтық актілерге сәйкес түсіндіру жұмыстарына көп көңіл бөліну керек”,-деді Рашид Абатұлы.

Агенттік департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғанижан Асанұлы: «Жер сіздің немесе біздің жеке меншігіміз емес халықтікі. Барлығымыз мемлекеттің қызметшісі екенімізді естен шығармауға тиіспіз. Бұл біздің ұсыныс та, талабымыз да емес, тек заңда көрсетілген заңнамалар орындалу шарт» – деді. Отырыс соңында түсіндіру жұмыстары үшін бейнеролик дайындау арқылы әкімдік табалдырығын тоздыратын адамдар саны сәйкесінше азаятындығы ескеріліп, облыс орталығы тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру кажеттілігі қолға алыну керектігі ұсынылды.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
«Түркістан».
