САЙЛАНБАЛЫ ОРГАН ЕЛДІ-МЕКЕНДЕРДІ АБАТТАНДЫРУҒА ҚҰЛШЫНА КІРІСУДЕ

586 көрілім

Мейрамбек Күнпейсов – Сауран аудандық мәслихатының жетінші шақырылымдағы хатшысы:

Сауран аудандық мәслихатының бекітілген Регламентіне сәйкес, аудандық мәслихат төрағасы жылына кемінде бір рет тұрғындар алдында атқарған жұмыстар туралы есеп береді. Осыған орай, Сауран аудандық  мәслихатының жетінші шақырылымындағы хатшысы Мейрамбек Күнпейсовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Мейрамбек Заманбекұлы жаңадан құрылған аудандағы сайланбалы органның, халық қалаулыларының елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруге белсенділігі қалай?

– 2022 жылдың қорытындысымен аудандық мәслихатта жалпы 13 сессия өткізілді. Аудандық мәслихат депутаттарының мәслихат сессияларында айтылған ұсыныстары жинақталып, аудан әкіміне хаттамамен жолдануда. 2022 жылы жолданған 105 ұсыныстың 35-і орындалды. 70 – ұсыныс тұрақты бақылауда тұр.

2022 жылдың қорытындысымен аудандық мәслихат депутаттары тарапынан 12 депутаттық сауалдар жолданды. Оның ішінде депутат А.Сауранбекова Жаңа Иқан ауылдық округіндегі 1500 гектар жерді суармалы сумен қамтамасыз ету үшін «Иқан су» өзенінде су қоймасын салу туралы мәселе көтерді. Депутат А.Асаев Жүйнек ауылдық округіндегі «Шекербұлақ» суының мәселесін және «Қарсақты» арығы арнасындағы кедергілерді заңға сәйкес реттеу туралы айтылды. Әсіресе, депутат Т. Садуов өте жоғары белсенділік көрсетті. Ол Үшқайық ауылдық округі, С.Қожанов ауылының тұрғыны М.Бейсенованың мүгедектігі бар баласын оңалту шараларынан өткізу, Бабайқорған ауылдық округі, Абай елді мекенінің тұрғындарымен өткізілген көшпелі қоғамдық қабылдау барысында айтылған ұсыныстарды шешу, Майдантал ауылдық округінің тұрғындарымен өткізілген көшпелі қоғамдық қабылдау барысында айтылған ұсыныстарды шешу,Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Абай елді мекенінде және Майдантал ауылдық округінде спорттық кешен салу туралы мәселелерді алға тартып отыр. Депутат А.Шалданбаев «Самара-Шымкент» автомобиль тас жолының бойында орналасқан ауылдық округ, елді мекен тұрғындарына ақылы жолдан алынатын алымды алып тастап, тек транзиттік автокөліктерге ақылы жол жасау туралы депуттаттық сауал жолдады. Депутат М.Абишева Шаға ауылдық округіндегі ұялы байланыстың және Интернет желісінің нашарлығы туралы айтты.

Мен өзім де төрт мәселе көтердім. Мәселен, Шорнақ ауылдық округі, Аша елді мекеніндегі темір жол тұсынан жер асты немесе жер үсті арнайы өткелдің құрылысын салу туралы мәселе көтердім. – Ескі Сауран елді мекеніне «Самара-Шымкент» автомобиль жолынан бұрылыс ашу, Шорнақ ауылдық округіндегі жол бойынан мал айдау өткелін қарастыру және Аша елді мекеніндегі темір жол тұсынан жер асты немесе жер үсті арнайы өткелдің құрылысын салу туралы жайды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ.Абасовқа, Ескі Сауран елді мекеніне «Самара-Шымкент» автомобиль жолынан бұрылыс ашу, Шорнақ ауылдық округіндегі жол бойынан мал айдау өткелін қарастыру туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Ертаевқа жеткіздім. Майдантал ауылдық округі тұрғындарымен өткізілген кездесу барысында берілген ұсыныстарды шешу туралы депутаттық сауалдар жолдап, тиісті жауаптарын алдым.

Жалпы жыл басынан аудандық мәслихатта Сауран ауданының басқару схемасын бекіту, әкімдіктің дербес құрамына келісім беру, әкімдік жанындағы консультациялық-кеңесші органдардың дербес құрамын бекіту, Сауран ауданының шекараларын өзгертуге ұсыныс енгізу, аудандық және ауылдық округ бюджеттерін бекіту, оларға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу, бекітілген бағдарламалардың орындалуы және де басқа мәслихат құзыретіне жататын мәселелер қаралды.

– Халықтың тарапынан депутаттардың атына нақты келіп түскен арыз-шағымдар қанша және олардың орындалу деңгейі сізді қанағаттандыра алды ма?

– Жалпы өткен жылы депутаттарымыздың атына 22 арыз-шағымдар келіп түсті. Жауап берілгені – 7 арыз болса, қалған 15 шағым арыз кезекті шешімін табу мақсатында аудан әкіміне және ведомстволық бағыныстылығына қарай бөлімдерге жолданды. Аудандық мәслихат аппаратының кіріс және шығыс құжаттары бойынша: 2022 жылы келіп түскен хаттар саны – 413 болса, жіберілген хаттар саны – 425-ті құрады. Өткен жылы аудандық бюджетке сегіз рет өзгерістер енгізілді. Оның ішінде төрт рет аудандық бюджетке өзгеріс енгізілсе, төрт рет ауылдық округтердің бюджеттеріне өзгерістер енгізілді.

– Сіздердің тараптарыңыздан аудандық бюджеттен үнемдеу арқылы елді-мекендерді абаттан-дыруға көңіл бөлдіңіздер ме?

– Әрине. 2022 жылғы 27 мамырдағы №113 шешімімен жоғарғы тұрған бюджеттен 241 млн. 719 мың теңге қосылса, жергілікті кіріс көздерінен 261 млн. 983 мың теңгеге ұлғайтылып, жалпы бюджет 503 млн. 702 мың теңгеге ұлғайтылып өзгерістер енгізілді.

Жоғарғы тұрған бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен азаматтық қызметкерлердің еңбекақы қорына және елді мекендердегі жолдарды орташа жөндеу жұмыстарына қосымша қаржылар қосылды. Аудандық бюджеттен үнемделген қаржылар қысқартылып, елді мекендерді абаттандыру, жолдарды орташа жөндеу жұмыстарына, елді мекендердің санитарлық жағдайын қамтамасыз етуге, елді мекендердегі ауыз су жүйелерін орташа жөндеу жұмыстарына бағытталды.

2022 жылғы 27 қыркүйектегі №143 шешімімен жоғарғы тұрған бюджеттен 1 млрд. 251 млн. 056 мың теңге қосылса, жергілікті кіріс көздерінен 131 млн. 554 мың теңге қысқартылып, жалпы бюджет 1 млрд. 119 млн. 502 мың теңгеге ұлғайтылып өзгерістер енгізілді.

Жоғарғы тұрған бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен «2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы аясында 2022 жылы жұмыспен қамту іс-шараларын іске асыруға, «Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде елді мекендерді абаттандыру және жолдарды орташа жөндеу жұмыстарына, мемлекеттік мұқтаж үшін қайтаруға жататын жерлерді сатып алуға, жолдарды күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қосылды. Аудандық бюджеттен үнемделген қаржылар қысқартылып, елді мекендерді абаттандыру, жолдарды орташа жөндеу жұмыстарына, елді мекендердің санитарлық жағдайын қамтамасыз етуге, елді мекендердегі ауыз су жүйелерін орташа жөндеу жұмыстарына бағытталды.

2022 жылғы 29 қарашадағы №158 шешімімен жоғарғы тұрған бюджеттен 397 млн. 207 мың теңге, жергілікті кіріс көздерінен 38 млн. 345 мың теңге қысқартылып, жалпы бюджет 435 млн. 552 мың теңгеге кемітіліп өзгерістер енгізілді. Жоғарғы тұрған бюджеттен берілген ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша жалпы үнемделген және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті төлеуден үнемделген қаржылар қысқартылып, әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақы қорына, мемлекеттік мұқтаж үшін қайтаруға жататын жерлерді сатып алуға және елді мекендерді абаттандыру жұмыстары бойынша қосымша қаржылар қосылды. Аудандық бюджеттен үнемделген қаржылар қысқартылып, мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі шараларды іске асыруға, құрылыс нысандары жүретін жерлерге мемлекеттік акті алуға, елді мекендердегі ауыз су жүйелерін орташа жөндеу жұмыстарына және елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына бағытталды.

2022 жылғы 26 желтоқсандағы №169 шешімімен жоғарғы тұрған бюджеттен 312 млн. 184 мың теңге, жергілікті кіріс көздерінен 42 млн. 726 мың теңге қысқартылып, жалпы бюджет 354 млн. 910 мың теңгеге кемітіліп өзгерістер енгізілді. Жоғарғы тұрған бюджеттен берілген ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша жалпы үнемделген және «2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы аясында 2022 жылы жұмыспен қамту іс-шараларын іске асырудан үнемделген қаржылар қысқартылып, әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақы қорына, мемлекеттік мұқтаж үшін қайтаруға жататын жерлерді сатып алуға және елді мекендерді абаттандыру жұмыстары бойынша қосымша қаржылар қосылды. Аудандық бюджеттен үнемделген қаржылар қысқартылып, мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі шараларды іске асыруға, облыстық спорт жарыстарына қатысуға және аудандық деңгейде спорттық жарыстар өткiзуге, елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына бағытталды.

Сөз соңында айтарым, биылғы жылы атқарылатын және бөлінген бюджеттік қаражаттың сапалы игерілуіне бақылау күшейтілетін болады. Сауран аудандық мәслихаты Мемлекет басшысының барлық бастамаларын назарға ала отырып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аудан тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.

Аудан тұрғындарын алдағы сайлауға белсенді қатысуға шақырамын.

– Әңгімеңізге үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан:

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы