Өткен аптада Түркістан қаласы қоғамдық кеңесінің кезекті мәжілісі өтті. Күн тәртібінде Түркістан қаласы әкімінің 2022 жылы атқарған жұмыстарының есебі және 2023 жылдағы жоспарлары туралы, сонымен бірге екінші мәселе бойынша Түркістан қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының 2022 жылы атқарған жұмыстары қаралатын болған. Алайда, осы аталған екінші мәселе бойынша басқарма басшысы О.Жиенәлиевтің еңбек демалысында болуына байланысты қараусыз қалды.
Кеңес мүшелері күн тәртібіне сәйкес Түркістан қаласы әкімінің 2022 жылы атқарылған жұмыстары және алдағы 2023 жылдағы міндеттері туралы есебін талқыға салды.
Басқосуды аталмыш ұйым төрағасы Мақсұт Атамбаев жүргізіп, шаһардағы атқарылған жұмыстар бойынша қала әкімінің орынбасары Талғат Төлегеновтің баяндамасын тыңдауға шақырды. Баяндамада қаланы сапалы ауыз су, жылу, табиғи газ және электр қуатымен қамту жайын, білім, құрылыс, экономика, туризм сынды салалардағы іске асырылған жұмыстар мен биыл қолға алынған жобаларды атап өтті.

Қала әкімінің орынбасары баяндаған жұмыс барысында алға ілгерілеушілік байқалады. Әр салада оң өзгерістер бар. Десе де кеңес мүшелері қаржының игерілуімен қатар сапасына да айрықша мән берілуі қажеттігіне басымдық берді. Бұл ретте жауапты салалардың жұмысына қатысты қала тұрғындарынан көптеп шағым түсіп жататыны ұсынылды. Айта кетерлігі, әкімдік есебі болған соң барлық сала қамтылуы тиіс еді. Әсіресе еліміздің тіпті түркі руханиятының түп қазығы саналатын Түркістанның мәдениет, спорт, ішкі саясат сынды идеологиялық бағыттағы жұмыстары жөнінде әкім орынбасары тіс жармады. Бұған қатысты ұйым мүшелері тарапынан арнайы ұсыныстар жасалып, аталған салаларда атқарылып жатқан тірліктер жөнінде қайта сұралды және осы бағытта жұмысты жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша қалада салынатын білім ордаларының жайы да сөз болды.
«Баяндама барысында мәдениет, спорт, туризм салалары қамтылған жоқ. Салынып жатқан мәдениет үйінің құрылысы, стадионның қайта жөндеу жұмыстары өте орынды. Дегенмен нәтижені тек құрылыс көлемімен емес мәдениет саласындағы өнерпаздардың жетістігімен, ұйымдастырылатын түрлі мәдени іс-шаралардың маңыздылығымен, өнерлі жастарға қолдау, жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларға жағдай жасау жайы қалай деген сауалдардың төңірегінде қарастыруымыз керек емес пе. Бұл жөнінде не айтасыз? Екіншіден, қалаға келген туристер саны жыл санап артуда. Осыдан жергілікті қазынаға түсіп жатқан қаржының көлемі қандай? Саяхаттап келген туристер қонақ үйге орналасып, тамақтанатын орындарға барады және өзге де қажеттіліктері үшін қаржы жұмсайды. Енді біздің қазынаға содан түсетін салық немесе табыс көлемі осынша болды деген ақпарат бар ма?» – деп сұрау салған кеңес мүшесі Мәлік Жұмаханұлына әкім орынбасары былайша жауап қатты:

«Мәдениет саласы бойынша қалалық мәдениет үйінің құрылысы қарқынды түрде іске асырылуда. Ал спорт саласы бойынша Жарылқапов стадионын қайта құру жұмыстары жүргізіліп, алдағы уақытта ел игілігіне беріледі. Мерекелік және мәдени іс-шараларды өткізу үшін мемлекет тарапынан қаржы қаралып жатыр. Ал, екінші сауалыңыз бойынша мәслихатпен жыл сайын салық түсіру мақсатында тариф бекітеміз. 2022 жылы салық көлемі 0 теңгені құрады. Биылдан бастап тариф көлемін арттырамыз. Соған байланысты тиісті салықтар түседі деп жоспарлап отырмыз.» – деді Талғат Байжанұлы.
«Өткен кеңес отырысында қаладағы қоғамдық көліктерде жолақысына байланысты тарифті белгілеу мәселесі күн тәртібіне ұсынылған. Сол бойынша студенттер мен оқушыларға қандай жеңілдіктер қарастырылуда? Тариф бойынша тағы кімдер жеңілдіктерге ие бола алады? Қаладағы аяқжолдар мен веложолдардың жарамсыз күйін қарап жатқан ешкім жоқ. Жаяу жүргіншілердің жағдайын кім ойлап жүр?» – деп сауал жолдады кеңес мүшесі Тәжібек Қалманұлы.
«Мәслихат шешіміне сәйкес жоба жасап жатырмыз. Аталған жобада «алтын алқа», «күміс алқа» иелері, бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы ардагерлеріне тегін жүруге мүмкіндік қарастырамыз. Сондай-ақ оқушылар мен студенттерге 50 пайыз жеңілдіктер қарастыруды жоспарлап отырмыз. Жаяу жүргіншілердің мәселесі ғана емес жалпы жол саласындағы мәселелер кезек күттірмейді. Осы ұсыныстар бойынша құзырлы орындармен келісім орнатамыз» – деді Талғат Байжанұлы.
Қала әкімінің орынбасары Талғат Байжанұлы айтылған ұсыныстарды тыңдап, пікірлерді ескеріп, жауапты тұлғалардың бақылауына ұсынып, ағымдағы жылда жүйелі жұмыстар атқарылатындығын жеткізді.
Жиын қорытындысында 2022 жылы Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы атқарылған жұмыстар және алдағы 2023 жылдағы міндеттер жөніндегі есептік баяндама тыңдалып, талқыланып, Түркістан қалалық қоғамдық кеңесі қанағаттанарлық деп шешім етті.
Қоғамдық кеңес тарапынан билік өкілдеріне қандай да бір жаңашыл-дықты енгізер кезде ең әуелі қарапайым халықтың ыңғайына қарай жұмыс жасау керектігін тағы да атап өтті.
Азамат ӘЛІБЕК.
