ТҮРКИЯДАҒЫ ОТАНДАСТАРЫМЫЗ ЗІЛ ЗАЛАДАН АМАН БА?

533 көрілім

Түркияда зіл залада қаза тапқандар саны 912-ге жетті. 35 жастағы қазақстандық азамат Шоқан Әлтаевтың мұнда қыдырып жүргеніне бір айдан астам уақыт өткен. Азамат жер сілкінісінің ошағы болған Анадолыдан 80 шақырым жердегі Мерсин қаласына тұрақтаған. Сөзінше, зіл зала сезілген таңғы 4:30-дан бастап мұнда тұрғындар құжаттары мен қолдарына іліккен заттарын алып сыртқа шығуға тырысқан.

Азаматтың сөзінше, мұнда бұрын да аз балдық жер сілкінісі орын алып тұрған екен. Алайда сөзінше соңғы болған зіл зала Түркия тарихында ең жойқыны.

“Кеше шамамен таңғы 4:30-дарда 3-4 балда жердің дүмпулері сезіле бастады. Ұйықтап жатқан жерімізден бәріміз дереу құжаттарымызды, қолымызға түскен дүниелерімізді алып далаға қаштық. Тұрғындар үрейленіп дүрбелеңге түсті”, – деді Шоқан. 

Қазақстандық азамат кейін өзі тұрған жерден 80 шақырымдай аралықтағы Адана қаласында бірнеше көп қабатты тұрғын үйлердің қирағанын естіген.

“Қайта бақытымызға орай, таныстарымның арасында зардап шеккендер болмады. Қазір елде қирандылар арасынан адамдарды құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Билік тарапынан, көрші мемлекеттер жақтан көмектер көрсетілуде. Жергілікті тұрғындар да барынша қол ұшын созып жатыр”, – деді азамат.

Шоқан Әлтаев мұнда дүмпу бұған дейін 1 балдан аспағанын айтады.

“Қазір қатты нөсер жағдайды қиындатқан. Соның салдарынан іздестіру жұмыстарына кедергілер туындатуда. Сонымен қатар ашық дереккөздерде Жерорта теңізі аумағында цунами жүру қаупі бар деген болжамдар пайда болды”, – деп қорытты отандасымыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы