ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

206 көрілім

Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысты Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Отырысқа облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары және әкімдердің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармаларының басшылары (бейнеконференция режімінде) қатысты. Сондай-ақ жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, Орталық сайлау комиссиясының жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, саяси партиялар, БАҚ және Қазақстан Халық Жинақ банкінің өкілдері қатысты.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, бұған дейін «Байтақ» және «Respublica» саяси партияларының ұсыну кезеңінде өңірлерде өз филиалдары мен өкілдіктері ашылған және тіркелген жағдайда мәслихат депутаттарын сайлауға қатысуға мүмкіндігі бар екені хабарланған. Әділет министрлігі ұсынған саяси партиялардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуге қатысты ресми ақпаратқа сәйкес, «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігінің 15 филиалы және «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігінің 19 филиалы мен өкілдігі тіркелген.

Комиссия мүшесі Шавкат Өтемісов 2023 жылғы 21 қаңтардағы қаулыға сәйкес, «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» үш облыста мәслихаттар депутаттарының сайлауына қатыса алады. Бүгінде Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Алматы, Шымкент және Астана қалаларында партияның филиалдары құрылған.

«Respublica» партиясының 19 облыста филиалы құрылып, сәйкесінше Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарындағы, Алматы, Шымкент және Астана қалаларындағы мәслихаттар депутаттарының сайлауына қатыса алады.

Н.Әбдіров сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізу кезеңінде азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету комиссия қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. ОСК жанында тұрақты жұмыс істейтін мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының мүшелері сайлауда мүгедектігі бар азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, сайлау органдары дайындайтын ақпараттық-анық-тамалық материалдарды, сайлау құжаттарын әзірлеуге және талқылауға белсенді қатысады.

Конституциялық заңға Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың тізімдеріндегі әйелдер мен жастарға үшінші санат өкілдері мүгедектігі бар адамдар үшін квота белгілеу туралы норма қосылды. Бұл талап соңғы заңнамадағы өзгерістерді ескере отырып, ағымдағы науқанда бірінші рет қолданылады. Яғни партиялық тізімдегі әйелдер, жастар, мүгедектігі бар адамдар саны жиынтығы бойынша кемінде 30 пайызын құрауға тиіс. Сонымен қатар бұл норма депутаттық мандаттарды бөлу кезінде де қолданылады: үш санат өкілдерінің – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың саны жиынтығы сайлау қорытындылары бойынша партия алған депутаттық мандаттардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.

Жиында жергілікті атқарушы органдарға сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасау жөнінде қажетті шаралар қабылдау, сайлау комиссияларына мүгедектігі бар сайлаушылардың дауыс беруі үшін жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа жәрдемдесу, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін учаскелердің қолжетімділігіне тексеру жүргізу, сондай-ақ мүгедектігі бар сайлаушылардың дауыс беруі үшін учаскелерде ерекше жағдайларды қамтамасыз етудің қосымша шараларын ұсынды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп дауыс беру кезінде ерекше жағдайлар қажет болатын мүгедектігі бар сайлаушылар туралы мәліметтерді өзектендіру, қолжетімділіктің интерактивті картасында сайлау учаскелері туралы мәліметтерді жаңарту ұсынылды. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астананың, аудандар, қалалардың аумақтық сайлау комиссияларына мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін жағдайды қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.

Ортсайлауком мүшесі Анастасия Щегорцова Орталық сайлау комиссиясы мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асырып жатқанын хабарлады. Мәселен, 2021 жылдан бастап комиссия отырыстарының трансляциясы, сондай-ақ барлық ақпараттық бейнематериалдар сурдоаудармамен қамтамасыз етіледі. 2022 жылғы президент сайлауында алғаш рет Брайль қарпін пайдалана отырып, трафарет жасалды. Жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар сайлаушылардың дауыс беруіне жағдай жасау жөніндегі жұмыс шеңберінде сурдоаудармашыларды, дауыс беру күні инватакси қызметтерін және жеке көмекшілердің қызметтерін қамтамасыз етеді. ОСК жергілікті атқарушы органдарға мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерін сайлау инфрақұрылымының қолжетімділігін тексеруге белсенді тартуды ұсынады.

Ортсайлауком мүшесі Сәбила Мұстафина отырысқа қатысушыларға бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарға, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін саяси партияларға кандидаттар тіркелгенге дейін және олардың заңнама талаптарына сәйкестігін тексергеннен кейін сайлау жарнасының қанша сомасын енгізу қажеттігін түсіндірді. Заңнамаға сәйкес бұл науқанда Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар үшін сайлау жарнасының сомасы – 15 ең төменгі жалақы мөлшері (1 млн 50 мың теңге), мәслихат депутаттығына кандидаттар үшін – 5 ең төменгі жалақы мөлшері (350 мың теңге).

Егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат мәслихат депутаты болып сайланған немесе дауыс беру қорытындылары бойынша кандидат немесе саяси партия сайлаушылардың кемінде 5 пайызын жинаған жағдайда, сондай-ақ кандидат немесе партиялық тізімге енгізілген жалғыз кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарна кандидатқа немесе саяси партияға қай-тарылады. Басқа жағдайларда енгізілген жарна қайтаруға жатпайды және республикалық бюджеттің кірісіне есептеледі.

Сондай-ақ ОСК мүшесі кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау қорларының шекті мөлшері мен көздерін айтты. Осылайша, сайлау қорлары кандидаттардың жеке қаражатынан, саяси партиялардың қаражатынан және республика азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырымдылықтарынан құрылмақ. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттың сайлау қорының мөлшері 700 ең төменгі жалақы мөлшерінен (49 млн теңге) аспауға тиіс.

Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсынған саяси партияның сайлау қорының мөлшері 15 000 ең төменгі жалақы мөлшерінен (1 млрд 50 млн теңге), облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының депутаттығына – 3000 ең төменгі жалақы мөлшерінен (210 млн теңге) аспауға тиіс.

Бірмандаттық округтер бойынша сайланатын облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәсли-хаттарының депутаттығына кандидаттың сайлау қоры 300 ең төменгі жалақы мөлшерінен (21 млн теңге), аудандар мен қалалар мәслихаттарының депутаттығына 150 ең төменгі жалақы мөлшерінен (10,5 млн теңге) аспауы керек.

Заңнаманың жаңалықтарына сәйкес әрбір жеке және заңды тұлғадан ерікті қайырымдылықтардың тиісті шекті мөлшері белгіленгенін атап өткен жөн.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы