СУ СПОРТЫНДА ІЛГЕРІЛЕУ БАР

1  808 көрілім

Түркістан су спорт кешені 2014 жылдың 25-тамызынан бастап түркістандықтарға қызмет етіп келеді. Ә.Нұрмаханов атындағы Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты мекеме Түркістан қаласының тарихындағы алғашқы жабық насандағы бассейн. 2 ауысымда жұмыс жасайтын кешенде 25 қызметкер еңбек етуде. 1-ауысым таңғы сағат 9.00-ден 15.00-ге дейін, 2-ауысым 15.00-ден кешкі сағат 22.00 аралығында. Бассейннің ұзындығы – 25 метр, ені 11 метрді құрайды. Ал, тереңдігі болса 2 метр.

Самбо күресінен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, п.ғ.к Ғалымжан Құдияров басқарып отырған кешенде 180-ге жуық жасөспірім жаттығуда. «Ата-анам, үш ұлым мен екі қызым да салауатты өмір салтын қолдайды» – деген спорт сүйер жан бала кезінен жүзе білгенімен жүзу әдістерін осында келіп үйренгенін жасырмады.


«Бес жылдан бері шәкірттеріміз су спортында топ жарып, республикалық, облыстық жарыстарда жоғары деңгейдегі көрсеткіштерге қол жеткізуде. Таңғы уақытта және түстен кейін 3 сағаттан жаттығу процесі жүреді. Қала тұрғындарына ақылы негізде суға шомылуға жаттығудан тыс уақытта мүмкіндік қарастырылған. Жүзу арқылы адамның сымбаты ажарлана түсетіндігіне көз жеткізіп жүрміз. Су спортын дамыту жолында облыс әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен жас жеткіншектерімізге жағдай жасалуда. Сондай-ақ, көзі тірісінде спорт жанашыры болған Ерқанат Тәңірбергеновтің еңбегін айтып өткен жөн болар. Хауыз суы 2 айда бір рет ауыстырылып отырылады. Жасөспірімдер арасында жылдан-жылға таңсық спорт түріне деген қызығушылық артып келеді. Біздің мақсатымыз ел спортына сүбелі еңбегімізді сіңіру, кішкентай болсын үлес қоссақ соның өзі үлкен мәртебе. Олимпиадалық спорт түрлері саналатын треатлон және су добын дамытсақ деген ойдамыз. Параолимпиадалық спортты насихаттауда мүмкіндігі шектеулі жандардан да бір топ жасақтауды қолға алмақпыз», – дейді Ғалымжан Батырханұлы.


Заманауи орталықта жаттығатын жасөспірімдердің биылғы жылдағы жетістігі де көңіл қуантарлық. Атап айтсақ, қыркүйек айының 26-28 аралығында Шымкент қаласында «Спорт нашақорлыққа қарсы» ұранымен өткен республикалық турнирде еркін жүзу эстафетасында Айдана Құлахмет, София Ковалева қатысып, I орынды иемденді. Брасс әдісімен 200 метрге жүзуден А.Құлахмет II орын алса, 100 метрге жүзуден III орынға қол жеткізді. 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден С.Ковалева II орынға тұрақтаған.


Су спортының ерекшелігі кез келген спортшының турнирден бірнеше медаль тағынуға мүмкіндігі бар. Себебі 50, 100, 200 метрлік қашықтықтағы жүзу түрі бойынша бақ сынай алады. Жүзу негізінен қан айналымы, жүрек қан тамырларының жұмысын жақсартып, жүрек соғысы, тыныс алу жүйесіне, бұлшық етті шынықтыруға пайдасы орасан. Жүзудің негізінен құлаштап, шалқалап, бүйірлей жүзу, брасс, баттерфляй аталатын 5 негізгі техникасы бар.
Бассейн ғимаратының артқы қапталындағы қосымша футбол, баскетбол алаңдарын жабық спорт кешенге айналдыру көзделуде. Түркістанға таңсық болған су спортымен қатар даму үрдісіне сұранып тұрған спорт алаңшалары қала жастарының басын қосқан орталыққа айналар күн алыс емес.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы