Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Бірлік» секторының тұрғындарымен кездесті.
Жиын барысында тұрғындар қала әкіміне тазалық, сумен жабдықтау және қосымша балалар алаңшасын салу секілді бірнеше ұсыныстарын жеткізді. Көтерілген мәселелерді шешу үшін тиісті мекемелерге тапсырма берген шаһар басшысы әр өтініштің жеке бақылауында болатынын айтты. «Бірлік» секторында өткен жылғы кездесуде 141 ұсыныс пен өтініш түскен болатын. Олардың 131-і орындалып, 7-і орындалу үстінде. Тұрғындардың тілегі назарға алынып, 16,4 шақырымды құрайтын 26 көшеге тас төселіп, 11,03 шақырымды құрайтын 7 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, 35 шақырымды құрайтын 33 көшенің жарықтандыру жұмыстарының құрылысы аяқталып, қазіргі уақытта қуат көзіне қосу үшін құжаттамалар әзірленуде. Одан бөлек, 16,65 шақырымды құрайтын 11 көшеге аяқжол төселді. Қазіргі уақытта секторда 8 аялдаманың құрылысы жүруде. «Бірлік» мөлтек ауданында жалпы жоба бойынша 85 шақырымды кәріз желісімен қамтамасыз ету жұмыстары басталған. Қазіргі таңда, жұмыстың 25 пайызы атқарылды. Ауыз су тартылмаған көшелерге жоба жасалып, қаржы қарастырылды. «Бақ-Береке» ЖШС-гі құрылыс жұмыстарын жүргізуде.
Айта кетсек, қаланы сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында “Бірлік” секторында биыл 5 жаңа трансформатор орнатылды. Сондай-ақ, электр желілерін жаңарту жобасы әзірленіп, 3 трансформатор қою жоспарлануда.
