ҚАЛЫЙМА ЖАНТӨРЕЕВА. АНАМА ХАТ

472 көрілім

 Қыркүйек айы  биыл былтырғыға қарағанда әлдеқайда жылы. Аздап қана таңалагеуімде күздің  қоңыр ызғары  сезіледі. Өңменіңнен өтіп кететін суық жел биыл байқалмайды.  «Қыркүйек» атауының шығуы туралы  ел аузында қалыптасқан  дағдылар бар.

Ұсақ малдың төлдеу уақытын жылдың жылы айларына жеткізу үшін малшылар қошқардың беліне киіз немесе жұмсақ шүберекке тарыны салып қошқардың беліне байлап қойды мезгілінен бұрын қашырмаудың  амалын жасап тежеген. Оны күйек деп атаған. Күйектi аларда күйектің төрт жағына байланған жіптің бiр шетiн ағытып жiбередi де, «Тарыдай көп болсын!» деп әйелдер аузына тары уыстап салады. Сол тарының бiр ғана дәнiнен отыз-қырық мың дән өсiп шығатын болған. Қой мен қошқар осы айда «қосылып», мал көктемге таяу төлдеп шығын аз болған, ал ерте қашқан мал суыққа ұрынғаннан төлі қырылып қалады, не іш тастап қоятын болған. Бұл айда қырдағы малдар жазыққа әкелінеді. Қошқарлардың күйегі  алынатын  айдың «қыркүйек» аталуы сондықтан.

Сүмбіле жұлдызы жазда аспаннан жоғалып кетеді де, қыркүйек айының орта тұсында ғана көрінеді. «Сүмбіленің тууы» қыстың жақындап қалғанының белгісі. Қыркүйек айының осындай  табиғи ерекшеліктері бар. Жалпы қазақ қыркүйек айын «жылдың ымырты», «сағыныш айы» деп те атайды.

Сағыныш дейтін себебі  күзде тыраулап тырналар қайта бастағанда қанаттарымен сағынышын білдіріп мұңды дауыс шығарады. Майда қыздар жиналып күншуақта шекем тас ойнайтынбыз. Баламысың деген ойынға тоймайтын тәтті кез қарнымыз ашқанша ойнай беретінбіз,кейде әжелеріміз жұмсайтын адам таппай қалса шыбығын алып үйді-үйге  шетімізден қуып тығатын. Шыбық ғана Тұқымың жайылғырлар әлі отырсыңдар ма, одан да барып жүн түтіңдер моншақ берем деп деп ұрысқан болатын. Жарықтық  асыл әжелер-ай! Кейде  аспанда қаз-қатар сап түзеп  ұшқан тырналарды көре қалсақ  болды орнымыздан жапа тармағай  үдере тұрып, Жаз өмірін мәз өмірін қысқартып, Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып деп  қосылып әндетет кететінбіз. Тырналардың көк аспанда  сән түзеп  ұшқаны, аспанға салынған суреттей сызылған жанды көрінісі бәрімізге керемет әсер қалдыратын.  Тырналар тобы аспанда билеп жүрген бір топ балериналар секілді елестейтін. Тырналар алты ай жазын өткізген жерді, тау мен тасты,өзен мен көлді,сай мен қырды  қимаса, ббала біткен тырналарды қимай  әбден ұзап  көзден таса болғанша   тапжылмай қарап тұратынбыз. Құс сағынышы мен бала сағынышы қосылып  жер дүние мейірімге толатын. «Тырна төмен ұшса – қыс жылы болады, жоғарылап ұшса – қаңтар қаһарлы, ақпан ашулы» деп болжайтын үлкендер.

Бүгін  қыркүйектің жиырма үші.  Анашымның төсек тартып  жатқанына  үш айдың жүзі болып қалды. Үшінші күн тамаққа тәбеті тартпай сұлық жатыр. Күнде түскі үзіліс кезінде кіріп шығатын әдетім.Бүгін  біржолата қонуға барайын деп шештім. Түс ауа салысымен өз-өзімнен шыдамсызданып  дегбірсіздене бердім. «Күн батпай  анашыма баруым керек» деп қайта-қайта қасымдағылардың мазасын алдым. Жолда келе жатып інімммен сөйлескенімде  «Бірқалыпты  деген сонда да қантын тексеретін  ала салшы дәріханаға соғып» деді. Екі-үш дәріханаға кіріп  біраз жүріп қалдым. Таптым-ау әйтеуір. Асығып-үсігіп барынша жылдамдықпен басып келеміз. Анашымның «Үйге қарап жүгірген жаман болады» деген сөзі есіме түсіп  жүргізушіге  «Жақындап қалдық жәйлап  жүре берсең болады, кешке қарай бала-шаға өріп жүретін әдеті абайлашы» деп   ескертіп жатырмын.. Бір кезде  телефоным шыр ете қалды.Телефонда інімнің әйелі Балжан «Апамнан айырылып қалдық қой» дегені.Дауыстап жылап жатыр.  

Келіндері адал  анашымның пейіліне қарай.  Кеудемді өкініш кернеді. Аллаға шүкір кімге де болса өлім хақ, тоқсаннан асты бұл жасқа жеткен де бар жетпеген де бар.Шүкіршілік. Әжемнің қызымын деп жүріп жылылық та танытпаппын. Әжеме ұнамай қалады деп анашыма онша иілмейтінмін. «Асыл анашым-ай  тірі  кезіңде қадірінді де  білмеппін, қоштасып та қалмаппын ризашылығын алып» деп өксіп-өксіп жібердім.  Әсіресе кішкентай кезімде Әжемнің қызымын деп есіріп айтқанын жүре тыңдайтынмын. Анашым қыркүйектің   сағыныш айының  ең қасиетті күні жиырма үшіне үзілді де кете барды Асыл анам сабырлы едің қандай. Ағайын біткен жиналып қалды, көрісіп,көңіл айтып жатыр. Түн жарымында анашымның сандықтарын ашып  жиған-тергенін шығарып абысын-ажынының ортасына тастап жатырмыз. Үшінші сандықты ашып қалғанда ақ  шыт орамал  түйіншек қолыма ілінді. Түйіншекті ашып қарасам жиырма метрден  аса ақсұрып мата шынкиімге арнап сақтап қойса керек. Шынкиімнің бетінде мұсылманша әтір, сабын,  мәшина жіп, төрт бүктеліп сарғая бастаған бір жапырақ қағаз.Біеден бәрін қойып қағазды ашып қағазға жазылған сөздерді оқып жатырмын .Қызымның қолын бірден таныдым. Қағаздағы Анашымның аманатында  Жетпіс екі мыңнан  бес рет Аллаға мадақ айтып тәспі аударыпты, соншама рет мәшина жіпті түйіндепті.  «Жуындырып шайындырып болған соң осы мәшина жіпті оң қолтығыма қыстырып жіберерсіңдер» депті. Оны қызым Ақеркеге жаздыртып бізге аманат  етіп  қалдырыпты. Енді анашым сен де кеттің мәңгілікке,қызым Ақерке де сонда. Қабірстанның жанынан өтіп бара жатқанда әкемнің «Қиямет қайым жақын» деп бетін жәймен сипалайтыны көз алдыма елестеді.                                                                                   

Әлі есімде ол кезде Шымкенттегі  Байтұрсынов көшесінде тұратынбыз. Оған  да  жиырма жылдай уақыт өтіпті. Анашым санатории, курорт дегенге де құмар емес еді. Сол жылы  әйтеуір «Сайрамдағы ардагерлер үйіне барсам барайын өз қатарларым болады  екен әжік-күжік әңгімелесіп қайтармын» деп  сонда барып қайтарда біздің үйге қонды. Ертесіне демалыс күн болатын қасына мені отырғызып «Алда жылда олай-бұлай болып кетсем шынкиім тілеулес деген  алып қойдым соның ішінде  аударылған тәспінің саны жазылған бір  парақ қағаз, қанша тәспі аударсам сонша түйінделген мәшина жіп бар соны  жуындырып-шайындырып болған соң оң қолтығымның астына қыстырып көмерсіңдер» деді. «Қайдағыны айта береді екенсіз қайдағы өлім, зуылдап курорттан келдің» деп қоямын. «Әй мені тыңда апырақтамай,қайда жүрсең де бір өлім,бір дем ары,бір дем бері деген» деп маған жақтырмай қарады.

Өлімді мойындап отырған  тіп-тік отырысына қарап қандай ақылды едің деп   мейірлене құшақтадым. Өлімді мойындау ерлік қой. Сол сабырлы қалпынан таймастан «Өзім жаза алмаймын,сенің қызыңа жаздыртып алдым,дәрет алып ашасың ғой, мені ақіретке шығарып салуға керек–жарақтың бәрі түйіншекте  ораулы, сандыққа салып қоямын» деп орнынан тұрып кетті.Көңілі босады ма кім білсін бұрылып қарамады. Құдайдың құдіретін қайтерсің шынкиім тұрған  сандықты менің ашқанымды қарасайшы. Тура түс көріп білгендей апырақтап жүріп ол сөздері есімнен шығып кетіпті. Ниеттің түзулігі. Анашым шешесінен көрі әкесін жақсы көретін. Әкесі Битас өте бақуат кісі  болған,арабша сауатты, анамды да ескіше оқытқан.Бір қызығы әкесі керуен басы болып жүріп орысша да үйренген, жұрт тілмаш деп атап кеткен. Қызылдар ойқастай бастағанда бір ауыл елді Қырғызстанның таулы жеріне көшіріп алып кетіп ашаршылықтан аман сақтап қалған екен.

Анамды тектіден қалған тұяқ еді деп он алтыға жетер жетпе әкеме өзі қосқан. Әкемнің әкесі, бабалары Созақтың ешкілі байы атанғандар, конфискация басталмай жатып-ақ малдарын өз еркімен елге таратып,  кейіннен қызылдардың қолына түсіп айдалып кеткендер, алғашқы қарқынмен ірі байлардың тізіміне іліккендер, қай архивтен іздесең де таба алмайсың ,аты жөнін өзгертіп жіберген. Батыр деген атамыз ең алғаш алтын кенін тауып, алтынға көзі шағылысып көр соқыр болып қалса да есепке жүйрік құмаршы  атанған. Сөйтіп жүріп-ақ ағайындарды Күмісті жайлауына көшірген. Күмісті көлі түнде айдың жарығымен жалтырап жатады екен. Шамасы алтын құмдардың  әсері болар. Ешкімге білдірмей  аттарының үзеңгілерін алтыннан құйдыртқан. Елден көшіп жан сауғалап бара жатып сом алтындарын   ақ киізге орап,  Отырабаттағы қызыл көпірдің тұсына көміп, жалғыз қызы он үш жасар сұлу Назымды «Не болса  да елде қалсын жолда қарақшылар қыз бен алтынға өш болады» деп жетім бала божбан Нұғманға қосып кеткен.  Кейіннен әке-шешем сол Отырабатқа қоныстанды. Бала-шағаның бәрі  Отырабатта дүниеге келді.Әкем  жаз болса болды Жаз болса болды әкем  жұмыстан келе салып  шалғы орағын мотоциклге байлап алып  ажырық оруға, жантақ піскенде жантақ оруға  кететін. Ара-арасында қамыс оруға да баратын.Қамыс оруға кеткенде маған тете інімді үнемі бірге алып жүретін. Қамыс орудан  өте кеш қайтатын.

Шәйдің үстінде анашым әкеме күліп әзілдеп «Әкеңнің  көміп кеткен алтынын іздеп жүрсің ба,алтын көшіп кетеді,қамыс оруға бардым»  деп сылтауратпай-ақ қой дейтұғын. Битас атамыздың анашымды әкеме қосқаны ертегі сияқты.«Тектілік қанмен келеді,қаның таза болмаса немен келеді, берекелі жерге бардың қызым  бетіне қарап сөйлеме,  алтын киелі болады, кие қонған әулет,дәулетті әулеттің ұрпағына бардың,  аш болмайсың» деп айтып отыратын көрінеді. Битас атам  туа алмай қиналып жатқан әйелдер жатқан киіз үйдің керегесінің әйел жатқан тұсынан қамшысымен бір рет қана тартып жіберсе  болғаны, баланың жолы ашылып,  шар етіп  нәресте дүниеге келеді екен.   2018 жылы анам «Әкемнің  басына апарыңдаршы мені» деген соң әкесінің басына алып бардық.   

Атамыздың қабірі Қайрағаш деген ауылда таудың ішінде шатқалдың басына жерлепті. Ғасыр өтсе де  қырғыздар тұрғызған кесек  белгінің  бір жері де  мүжілмеген. Дәл жанынан бұлақ шығыпты бұлақтың оң жағынан  қарағаш шығыпты. Тәнті болдым.Қарағаштың сау бұтағы жоқ. Ақ шүберек байлап тастаған.  Бұлақтың басына жақын жерде  жәшік  қойыпты, тиын-тебен салатын болса  керек келгендер.Айналада  жағылған шырақтың күлдері көзіме түсті. Бұлақтың  бастауына труба қойып  етектегі ауылға тарыпты. Не деген қасиет. Түнде ауыл биінің үйіне қонып шықтық,Битас атаның тұқымы деп отырғызатын жер таппады. Ертесіне мешітке ауылдағы қарияларды жинап қатым құран түсірдік. Алланың құдіреті бұл ауылда жасы жүзден асқан бес алты қария бар екен. Жүрістері тым ширақ.

Бір қызығы мына қырғыздардың тілі қазақшаға ұқсайды. Іштей бізден барған қазақтар қырғыздарды да қазақтандырып жіберген ба деп  іштей ойлап қоямын. Ол ойымды көңілдеріне келмесін деп сыртқа шығармадым. Құран кәрімді  көзілдіріксіз-ақ  бірінен  кейін бірі кезектесіп оқып жатыр.Битас атаны  Биташ ата дейді екен. «Ілгеріде Биташ атамыз өзімен еріп келген қазақтарды ғана емес, қырғыздарды да аштықтан сақтаған, аштық қазақтарда ғана болған жоқ бізде де болған,керуеншілер  керуенмен күнжәра тасиды сонда адамдар керуеннің жолын тосып тұрады  екен,   керуеншілер арбадағы күнжәрадан бір-бір түйір лақтырып жолщыбай  қарайламай кете береді екен,күнжәраны  қажап талғажу етіп талай адам аман қалды,сондықтан Биташ атаның әруағын қадірлейміз,кезінде осы отырған қариялардың әкелерін ескіше оқытып, Биташ ата бас болып жындарды осы ауылдан Қашқарға қуған» деді  бір қария.  

Битас атамыз жындармен сөйлесе алған, бірде  әлгі бәленің шашын  жұлып алып  үйіндегі құранның ішіне салып қойыпты. Жындар шашын жұлып алған адамға бағынышты болатын көрінеді. Осы сөздерді талай рет  әжемнің аузынан естіп шалын жақсы көрген соң қатты мақтап жатырған шығар деп ойлайтынмын. Енді міне қырғыз туғандардың аузынан естіп неге бұрын  алып келмедік екен анашымды деп ойланып қалдым «Өз-өзіңді жаттай күт, өзгелерді құрметте» деген.  Жатқан тарих. Өз атам өзгелерге өнеге болып жатыр.Есім кетті  сүйегін елге алып кетсек қалай болар екен? деген ой да жоқ емес. Жоқ осында бола берсін,жер дөңгелек, Алла жалғыз,өзі панасына алғаны шығар, сырт елде сүйегі қалса да, көзден тыста қалмапты. Аллаға тәуба деп  көкірегіме  қолымды айқастырып Аллаға тағзым еттім.Қандай жақсы болды анашымның көзі тірісінде әкесінің басына апарғанымыз.  Жүзден асқан бір қария «Әкелерімізден Биташ атаның ескі құраны бар деп естуші едік, сақталған ба?» деп сұрады. Нағашымның үйінің төрінде ілініп тұратын  ақ қалтаға салып түймелеп қойған  Битас атамнан қалған 1379 жылғы құран, атамның қажылықтан алып келген әбден тозығы жеткен қалың қоңыр былғары әмияны есіме түсті.  

Қасиетті Мединеде басылған сол  құран қанша рет аударылды екен?  «Атамның бүкіл қасиеті қырғыз топырағында  қалып кетпесе екен» деп қабірді сыйпалай бердім,сыйпалай бердім. Жоқ анашыма да дарыпты қасиет. Енді көзім жетіп отыр.Анашым қалдырған бір жапырақ қағазды  кеудеме басып, «Аманатыңды орындаймын» деп күбірледім.. Ертесіне жуынып шайындырушылардың ішіне   молдадан үш қызын кіргізуді өтіндік. Жуындырып жатып «Кешірші анашым еркелігімді, ессіздігімді» деп аяғынан сүйдім. «Жұмақтың кілті ананың аяғының астында» деп бекер айтылмаған екен.  Анашым денең мұздаса да сен маған ыстықсың. Анашым менің,  шынкиімге орап қалдырып кеткен аманат хатыңа жауап хат енді  ғана жаздым. Қысылып,тамағымды өксік кернеп жаза алмадым.  Қабыл ал менің  жауап хатымды асыл анашым.Алланың ақ жүзін көруге нәсіп етсін.Ұрпаққа деген  нағыз  өсиет осы болар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы