РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІ КЕҢІНЕН ТОЙЛАНДЫ

1  639 көрілім

  18 қазан – Рухани келісім күні. Осыған орай Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында салтанатты шара өтті. Елдің бірлігін бекем етуді көздейтін ілкімді іске облыстық қоғамдық даму басқармасы ұйытқы болды.  Жиын барысында өңіріміздегі 6 діни конфессия басшылары жиналып, 6 қанатты киіз үйдің шаңырағына уықтарын қадап, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай екендіктерін көрсетіп, атсалысты.  Шара шеңберінде облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов дін өкілдерін құттықтап, өңір басшысының атынан алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпаттарды табыстады.

  «Қазақ халқы әрдайым бейбітшілікті, татулықты жоғары бағалаған. Өзгелерден көмегін аямаған. Адалдықты, мейірімді жоғары қойған. Осы игі қасиет қазір де ұлтымыздың бойынан өшкен жоқ. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында бейбітшілік пен достықты нығайтудың жарасымды үлгісі қаланды. Қазақстанда әлемдік діндер көшбасшылары съездерінің  тұрақты өтуі соның айғағы. Түркістан облысында да түрлі конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Кезінде Орта Азияның діни әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласы елді бірлікке шақыратын миссиясын жалғастыра береді», – деді С.Амангелдінұлы. 

  Айта кетейік, 1992 жылы 18 қазан күні Алматы қаласында Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінің 1-ші сессиясы өткен болатын. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні – қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қою, татулыққа талпыну, жақын адамдарға қайырымдылық пен жәрдем жасау күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдады. Міне содан бері жыл сайын елімізде 18 қазан – Рухани келісім күні мерекесі мемлекеттік деңгейде аталып өтіп келеді.

  «Бейбітшілік пен ауызбіршілігі бар елдің болашағы жарқын болары хақ. Бұл айтулы күнді тойлап, бір-бірімізбен жүздескенімізге қуаныштымыз. Түрлі дін өкілдері болғанымызбен мақсатымыз бір. Ол – елдің тұтастығы мен мызғымас бірлігі», – деді «Шымкент епархиясының Түркістан қаласындағы Свято-Никольский приходы» жергілікті  діни бірлестігінің  жетекшісі Виталий Смольянов.

  Жиын соңында мерекеге жиналған мәртебелі меймандар ел бірлігі мен дінаралық  қарым-қатынастарды  нығайту  мәселелері бойынша пікір алмасып, өзара талқылады. Арнайы киіз үйде қазақтың ұлттық тағамдары мен салт-дәстүрі насихатталып, өңірдегі этнос өкілдерінің дәмді тағамдары жұртшылыққа ұсынылды.  

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы