АУЫЛДАН ШЫҚҚАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫНА ҚҰРМЕТ

504 көрілім

Жақында күрестен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ардагерлер арасында Грузияда өткен әлем біріншілігінің чемпионы Нұрахан Өтепбергеновтің 60 жылдық мерейтойына орай ауыл орталығында салынған спорт кешенінде республикалық жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Нұрахан Өтепбергеновтің бірнеше жыл алдын әлем чемпионы атанып, туған ауылы Оранғайға абыроймен келгенде ауылдастары және Нұрлан Қадыров басшылық ететін Мұхтар Әуезов атындағы мектеп ұжымымен бірге қарсы алғанымыз әлі есімде…

Аталмыш спорт шарасында республикамыздың түрлі облыстары мен қалаларынан келген 10 команда қатысты. Жарыстың шымылдығын түрген Оранғай ауылдық округінің әкімі Сыздық Пірметов, Сауран ауданы мәдениет және спорт бөлімі басшысы Жанар Жұмабекова, ХҚТУ-нің профессоры, ҚР-ға еңбегі сіңген спорт шебері Жақыпбек Қасымбеков, күрес бойынша спорт шебері, әлем чемпионы Нұржан Әсілбеков, юбилярдың әріптесі Ержан Дүйсенов, спорт клубы директоры Еркін Жарқынбектер келген қонақтар мен мерейтой иесіне арнап жылы лебіздерін білдіріп, ауылдан әлі талай әлем чемпиондары шығуына тілектес екендіктерін жеткізді. Өз кезегінде Оранғай ауылының спортсүйер және меймандос жастары шараға келген қонақтармен спортшыларға ақ дастархан жайып, қонақжайлық танытты.

Қызықты да тартысты өткен жарыста Оранғай ауылының 4 спортшысы жеңіс тұғырынан көрініп, облыс біріншілігіне жолдама алды. Спорт шарасының соңында мерейтой иесі өзінің ұстазы, еркін күрес бойынша ардагер спорт бапкері Ардақ Тайжановқа қошемет көрсетіп, иығына шапан жапты.

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Сауран».

P.S. Ауыл спортын әлемдік деңгейде асқақтатып жүрген спорт ардагерлерінің жеткен жетістіктері кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге болары анық. Сондықтан, әрбіріміз салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысқанымыз нұр үстіне нұр болары анық. Спорт – денсаулық кепілі, спорт – бейбітшілік елшісі екенін ұмытпағанымыз абзал.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы