- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Сәрсенбінің сәтті күні Алматыдан қасиетті Түркістан қаласына «Аir-Аstаnа» ұшағымен – бір сағаттан аса ұшып отырып, Түркістан аэропортына төс тіредік. Бауыржан балам күтіп алып, «Құлатай – Ата» мешітіне кідіріп, құран бағыштадық. Сол жерде бір топ Жауғашты ағайындар күтіп алып. Мес – Атаға (Игілік ауылына) жол тарттық.
Түркістаннан Мес –Атаға дейін 40 шақырым шамасы. Жолда Қарашық өзенінен өткен соң бұрынғы «Қызыл – Әскер» колхозынан кейін қазіргі Сауран ауданы, (Шорнақ селосы), бұрынғы Фрунзе ауданың орталығы. 1958 жылы осы Шорнақта Фрунзе атындағы орта мектепті күміс медалімен аяқтағанымды еске алдым. Шіркін балалық шақ-ай. Интернатта жатып оқимыз. Сенбі күні сабақтан шыға сала бір топ бала «ауыл қайдасың?» деп елге қарай, ата-анамызды көру үшін, жаяу «тартып» кететін едік. Бір-бірімізді қуалай-ойнай жүріп 20 шақырым жерді оңай еңсеріп анамыздың құшағына енетін едік. Ал жексенбі күні түстен кейін әкелеріміз атпен, не басқа көлікпен Шорнаққа жеткізіп салатын. Осы оймен келе жатып оңға бұрылдық, алдымызда Бабайқорған ауылдық округі бұрынғы ауыл совет. Жол жақсы, асфальт. Енді Бабайқорғаннан (Бұрынғы Куйбышев совхозының орталығы) Мес – Атаға жол тарттық. Куйбышев совхозының бұрынғы Игілік бөлімшесі арасы – 8 шақырымдай. Кезінде талай-талай жаяу-жалпымен жүрген жолымыз. Әрбір тасы, жусаны, бұралаң белдері көзіме ыстық басылды. Сағат 14:00 шамасында жеттік-ау, Мес – Атаға.

Алматыдан ұшақ бір сағаттай кешігіп ұшқан еді. Келсек жиылған жұрт жиынды бастап жіберген екен. Жиынның мақсаты Мес – Атадағы әулие бұлақтың айналасын абаттандырып, келешек туризмге жол ашу. Ауыл азаматтары Ережеп, Базарбай бастаған жастар көп жұмыс атқарған екен. Бұлақтың айналасына таудан тас әкеліп төсеп үлкен алаң жасалған, талдар егілген, жаңадан келушілер үшін дәретхана салыныпты. Сүйегі (керегесі, уығы) металдан жасалған киіз үй тігілген. Аңызға сүйенсек, шамамен 2000 жылдай бұрын (20 ғасыр шамасы) Қаратаудың күңгей беті мен Сұрхандария аралығында Шаш-Ана (Шашты – Ана) мен Құрышқан – Ата (Гүрзіхан – Ата) ерлі-зайыпты болып өмір сүріпті. Бір перзентке зар болып, күні-түні армандап көз жастарын бұлап өмір өткізіпті. Күндердің күнінде Құрышқан – Ата Алламен тілдесіп, Аллаға жалынады. «О, Алла біздің төгілген көз жасымызды аяп, бізге бір нәрсе берсеңші, – дейді. Алла Тағала Құрышқан атаның тілегін қабыл алады. Күндер өтіп жатыр, Шаш – Ананың аяғы ауырлап, ай-күніне жетіп босанады ғой. Құдайдың құдыретімен Шаш – Анамыз мес туса керек. Иә қуанарын, ия үрейленерін білмеген Құрышқан – Ата Алла Тағаламен тілдесіп: «О, Алла маған бала бермей, мес бергенің қалай»? десе керек. Сонда Алла Тағала «О, пендем, сенің сұрағаныңды бердім. Сен менен бала емес, бірнәрсе берсеңші деп сұрап едің ғой, сол бірнәрсе осы мес», – деп жауап беріпті. Сонымен ерлі – зайыпты екеуі месті арқалап, Құдайдың бергеніне шүкіршілік етіп жүре береді.
Жаратқанның құдіретімен Шаш – Ана месті кіндігінен емізіпті дейді аңыз. Мес те толығып өсе береді. Қыс түседі, жаз шығады, күз, көктем бірінен кейін бірі ауысып өмір өтіп жатады. Осылайша жеті жылдай уақыт өтсе керек. Күндердің күнінде, көктем кезі болса керек, Шаш – Ана месті арқалап, Құрышқан – Ата екеуі Қаратаудың бөктерімен келе жатып, күнгей бетте шөбі шұрайлы, көк – майса шалғын, кілем түсті гүлдері, алқызыл қызғалдақтары жайнап тұрған жерге келіп: « Уһ, шаршадым ғой, демалайықшы», – деп месті жерге қоя берген кезде, мес жарылып кетіп, ішінен ай қабақты, алтын айдарлы бала шығып, Қара тауға қарай қаша жөнеледі…. Сол местің жарылған жері үй орнындай ойылып, жер астынан қайнар бұлақ атқылап шығыпты. Суы мөлдір де мол, тәтті. Міне осы бұлақ «Мес – Ата» әулие деп аталады. Осы бұлақтың суы басқа бұлақтармен қосылып, сол жерге орналасқан елді мекендегі еккен егініне, төрт – түлік малына көл – көсір жетіп жатады. Бұл жерді мекендеген халық Қоңырат елінің Жауғашты (Мухаммед, Айқожа Өтегенұлы «Шежіре» 27 бет) – деген атасынан тараған, «Қара» балалары болып есептеледі. Кеңес үкіметі кезінде осы елді мекенінде «Игілік» ұжымдасқан шаруашылығы ұйымдастырылған. Ағайынды жүз шақты түтін өздерінше бидай егіп, шөбін орып, төрт-түлік малын өсіріп отырған. Кейіннен мақта егіліп, оны өсіріп баптаудыда білген. Қазір бұл жерде отыз шақты үй бар. Бастауыш мектебі бар. Келешектен үміт күтіп отырған елді мекен. Ертеректе Сақ молда деген ғұлама кісі болды. Біздің бала кезіміз. Бұл кісі Бұхарадан оқып келген деп еститінбіз. Сол кісі «Мес – Ата» әулиеге күн аралатпай барып, бұлақ басына құран оқып тұратын болған. Құран оқып отырып ағыл-тегіл жылайды, сол кезде бұлақтың ішінен Мес көрініп, аударылып-төңкеріліп барып, көзден ғайып болады екен. Бұлақтың көлемі үй орнындай дегенімізбен көлденеңі 7 метрге жуық, ал тереңдігін ешкім өлшемеген, үлкен кісілердің айтуына қарағанда – құрық бойламайды. Суы жазда мұздай, қыста қатпайды. Бұлақ айналасына жабайы талдар, нар қамыстар өскен. Айналасы қабірстан. Сол елдің жақсылары мен жайсаңдары да осы жерде жерленген.
Сол өңірге белгілі қариялар Сақ – Молда, Елтай – Ата, Құлатай – Ата, Дағмырза – Ата, Бейсен сияқты тағы басқа ел азаматтары осы жерде мәңгілік мекен тапқан. Бабайқорған жақтан бара жатқанда жол бір белестен асып екінші белеске шыққанда, осы «Мес-Ата» әулие алдымен көзге түседі. Көк күмбездер күнге шағылысып, осында жатқан ата-бабалар келешек ұрпаққа нұр шашып тұрғандай көрінеді. Бір таңғаларлық жағдай, басқа талай әулиелердің басында кесене бар. Көбі сол кесене тұрған орында жерленген. Ал, «Мес – Ата» әулиенің басында ешқандай кесене жоқ. «Мес – Ата» әулие – сағым, аңыз. Бірақ құдыреттің күшімен – Әулие! Бір кездерде зиярат етуші ел басынан үзілмеген екен. Қазір сиреген. Дегенмен барып, бұлақ басында мал сойып, тәуеп етіп, зиярат етушілер әлі де баршылық. Бұлақтың мөлдір суы сусын, бұлақ басындағы өскен талдар жазда көлеңке. Құрғақшылық жылдары халық жиналып осы «Мес – Ата» әулиенің басында тасаттық жасайды. Құдайдың құдыретімен тасаттық жасап, құран бағышталғаннан кейін жаңбыр себелейді. Керемет! …Айдарлы балаға қайтып оралсақ. Көк орай шалғын сайдың бойымен Табақ бұлақ арқылы Қаратауға қарай қашыпты дейді аңыз. Құрышқан – Ата найзасын қолына алып, баланың соңынан жаяу қуса керек. Бала жеткізбейді. «Есек бел» асуынан асып, шаршаған ата бір жалпақ – жайдақ тасқа найзасын тіреп дем алса керек, сол найзаның ұшы тиген тас жарылып бұлақ шығып Құрышқан – Ата сусындаған екен дейді аңыз. Айдарлы бала 50-60 шақырымдай жерде орналасқан Қаратаудың биік шатқалындағы үңгірге барып кірсе керек. Құрышқан – Ата үңгірдің аузында үш күн – үш түн отырып, көз жасын төгіпті. Сонда бала сөзге келіп «Ата мен сізге бұл өмірде жоқпын, Алла қаласа мәңгілік өмірде – жұмақта кездесерміз, елге қайтыңыз. Артыңызға қарамаңыз» – депті. Сонымен сол үңгір «Жылаған – Ата» атанып кетеді. Құдыреттің күшімен жартастың маңдайшасынан су тамшылап тұрады. Бұл атаның көз жасы дейді. Әстін-әстін сол үңгірден күркіреп келіп көбікті су ағады. Содан Ата қайтып келе жатып, баласын қисын ба, «балам келе жатыр ма екен?» деп артына қарамай ма? Сөйтсе артынан арна толып теңіздей су толқып келе жатса керек. Ата қараған жерде су ағыны саябырсып барып, тоқтайды. Бұл жер «Ұя түп» деп аталады. Қазірдің өзінде көктемде таудан қар суы еріп, су тасыған кезде, осы «Ұя түпке» дейін келіп жерге сіңіп, баяу ағады қарғын су. Керемет! Осы күндері «Жылаған-Ата» үңгіріне барушылар көп. Негізінде сол үңгірге кірген айдарлы бала «Мес – Атада» жарық дүниеге келген – мес жарылған.
Сондықтан зияратты осы «Мес – Атадан» бастаған өте үлкен сауап болады. Қаратаудың бөктерінде Шаш –Ана, Мес –Ата, Құрышқан –Ата бір белдеудің бойында жатыр. Шаш – Ана кесенесі «Қара жон» елді мекенінде Мес –Атадан оншақты шақырым жерде батыс жағында, Құрышқан – Ата кесенесі «Көлде» (Ақтөбе) оншақты шақырым жерде шығыс жағында, Мес – Ата ортасында «Игілік» елді мекенінде. Аңыздың өзі бір деректерге байланысты өрбиді, елге тарайды. Осы аңыздың өзі ақиқаттың бір белгісі сияқты. Өйткені «Шаш – Ана» кесенесі, «Мес – Ата» бұлағы, «Құрышқан –Ата» кесенесі, «Жылаған – Ата» үңгірі осы аңыздың айнымас белгісіндей, ақиқаттың ізіндей болып тұрғандай. Зияратыңыз қабыл болып, Алла ризашылығын берсін. Мес – Ата туралы аңыз ақындарды да қызықтырмай қоймаған. Шаш – Ана, Құрышқан – Ата, Мес – әулие, Жылаған – Ата аңызы есте жоқ ерте заманда, үшінші ғасыр шамасы, жайбарақат кезі еді қазақтың кең даласы. Өмір сүрген Шаш ана мен Құрышқандай әулие, жиырма бестей шақырым, екі қорым арасы. Қаратаудың етегі, Шаш ана мен Құрышқан, бір перзентке зар болып дене бойы құрысқан. Намаз сайын Алладан, «бір нәрсе» бер деп сұрайды. Перзент көрмей өмірден, қаламыз деп ұлыстан. Күндердің күні болғанда, қабыл болып өтініш, Жүкті болды Шаш ана, басылғандай өкініш…
Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ,
Алматы – Түркістан – Мес – Ата, Жылаған – Ата, Алматы.
(Жалғасы бар).