ТАБИҒАТТАН ЗАРДАП ШЕККЕН ТЕРІСКЕЙ

257 көрілім

Түркістан облысына қарасты қос аудан жарықсыз отыр. Табиғи апат салдарынан Созақ және Бәйдібек аудандары біршама қолайсыздықтарға ұшыраған болатын. Аталмыш аудандардың таулы аймақтарында қар аралас жаңбыр жауып, қардың арты көктайғаққа айналған.

Арнайы мамандар, қар күреу жұмыстарына кіріскен мезетте қарлы боранның салдарынан таулы және тау бөктерлі аймақтарында электр бағаналары құлап, сымдар үзіліп, ақырында тұрғындар жарықсыз қалды. Табиғаттан мұндай қаталдықты күтпеген халық үшін, дәл осы қаңтар айы ерекше есте қаларлық болды. Апат салдарынан тұрғындар біраз уақыт электр жарығынсыз отыр. Мамандардың айтуынша, жарықсыз қалған елді мекендердегі электр бағаналарын қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасуда. Боран әсерінен Бабата, Абай, Қарабұлақ ауылдары зардап шеккен. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков мәселені шұғыл шешу үшін, арнайы күштер бригадасын жұмылдыра отырып, техникалық базаны жіті бақылауда ұстап келеді. Сонымен қатар, өңір басшысы апат орын алған елді мекендердің мекеме басшыларына арнайы тапсырмалар жүктеп, мәселеге білек түре кіріскен. Құтқару командасы күні-түні демей, тіпті аязды ауа-райынан қаймықпай жұмысты тоқтатпай Бабата ауылына электр жарығын қосып берді.

Қарлы бораннан зардап шеккендер қатарында Шолаққорған ауылына қарасты Абай елді мекенінің тұрғындары да бар. Алайда, мұнда құлаған электр бағаналарын қалпына келтіру қарқынды жүріп жатқан көрінеді. Өңір басшысы жауапты мамандар мен қажетті техниканы жинап, жұмыс режимін қатаң түрде күшейтіп отырды. Күшейтілген бірқатар жұмыстар нәтижесінде, Абай елді мекенінде құлаған электр бағаналары толықтай қалпына келтіріліп, тұрғындар жарықпен қамтамасыз етілді.

Күн райының күрт суытуы Бәйдібек ауданына да анағұрлым қиындықтар әкелді. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Кәдіржан Әбеновтің мәліметінше, «Алмалы ауылдық округіне қарасты Бәйдібек ата ауылында әлі күнге дейін жарық жоқ. Ал Жарықбас, Байжансай, Алмалы ауылдық округтерінде электр жарығы қалпына келтірілген».

Аталған мәселе төңірегінде арнайы мамандар және бөлім басшыларымен байланысқа шыққанбыз. Мамандардың айтуынша, құлаған ағаш бағандары таулы қыраттарда орналасқан. Бүгінде жаңадан ағаш бағандарын орнату едәуір қиынға соғып жатқан көрінеді. «Бәйдібек ауданы мен Алмалы ауылдық округінің арасында үлкен тау бар, бұл елді мекендер қыратта орналасқан сол себепті электр жарығын қайта қалпына келтіру қиынға соғып жатыр. Тау бөктеріндегі аймақтар болғандықтан жол ашылмай, тіпті «КамАЗ» жүк көліктері де қатынай алмай отыр. Жол тазалау жұмыстары кеше аяқталды, ал жарықты қалпына келтіру жұмыстарын енді бастаймыз. Қазіргі таңда, Байжансай ауылынан 5 абонентке, сондай-ақ, Бәйдібек ата ауылынан 247 абонентке жарықтарын қосып беру жұмыстары қалып тұр. «Жаңа талап» тұрғындары жарықпен толықтай қамтамасыз етілді, енді жарықсыз қалған мекендердің де жұмысын жылдам аяқтауға бар күшімізді саламыз», – дейді «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС Бәйдібек ауданының электр жүйесі бастығы Айнақожа Мұхан.

PS. Бүгінде табиғи апат орын алған елді мекендерде электр жүйесін қайта қалпына келтіру жұмыстарына «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС арнайы мамандары жұмылдырылса, техникалық жағынан «ТорланСтрой» ЖШС көмек көрсетуде. Сондай-ақ, тұрғындар арасынан ерікті азаматтар да бұл іске немқұрайлылық танытпай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара», жұмыла кірісіп кетті. Иә, тіршілік көзі, күретамыры іспетті электр жарығынсыз тірлік кешу мүмкін еместей. Табиғаттың «тосын мінезі» туындатқан қытымыр қыстың қиындығын жергілікті жұрт осылай ауызбіршілікпен еңсеріп жатқанына қуандық.

Нұрсұлу ҚУАНЫШҚЫЗЫ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы