Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің назарына!
Ілгеріде елдің көпшілігі көз алмай қарайтын ұзын-сонар оқиғасы бір-біріне ұласып жүздеген серияға кететін Санта-Барбара деген драмалық фильм болды. Осыдан екі жыл бұрын редакциямызға келген қала тұрғыны зейнеткер Мәдібек Тілеубайұлы 2015 жылдан бері әділеттікке қол жеткізе алмай жүргендігін, баласының атына жалған тіркелген «Toyota Land Cruiser – 200» автокөлігі үшін қарапайым қала тұрғыны Бақытжан Мәдібекұлы екі миллион теңге салық төлеуі тиіс екендігін айтып келді. Бұл оқиғаның басталғанына да бас аяғы сегіз жыл болыпты.

Мәселенің ақ-қарасын ажыратуға «Түркістан» газетінің тілшілері кіріскен болатын. Аталмыш басылымның 2020 жылғы қарашаның 20-сындағы 47-ші нөмірінде бетінде «Жауапсыздық па, сауатсыздық па?» деген атпен сын материал жарияланған болатын. Алайда, содан бері де құзырлы органдардан қозғалыс жоқ. Жақында зейнеткер Мәдібек Тілеубайұлы газетімізге тағы келіп, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен Түркістан облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Асылхан Төрехановтың атына жазылған хатын жариялауымызды өтінді.
Хат мәтінін сол күйі назарларыңызға ұсынамыз.
«Еліміздің Ата заңында: «Отанымыздың басты байлығы адам және оның тағдыры» деп алтын әріппен жазып көрсеткен. Ия, Отанымыздың басты байлығы адам. Оның тағдырына қол сұғуға болмайды. Менің айтайын дегенім, мәселенің ақиқаты мынау. Осы «Түркістан» үнқағазының 20.11.2020 жылғы №47 санында менің «Жауапсыздық па, сауатсыздық па?» деген мақалам жарияланған болатын.
Обалы не керек, мәселені қарауға прокуратура және полиция басқармасы шұғыл кіріскен болды. Сол кезде полиция департаменті басқарма басшысының орынбасары Берік Нышанбаев №4 1\14 12.04.2021 жылғы жауап хатында «Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының ҚК-нің 385 бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған. Аталған автокөлігіңізді тіркеген тұлғаға қатысты және автокөлікке қатысты жедел іздестіру шаралары жүргізілуде» – деп жауап берген.
Сонымен бірге Мәдібек ақсақалдың өзімен кездесуде Берік Нышанбаев «бұл мәселені түпкілікті шешіп беремін» деп уәде еткен көрінеді.
– Содан бері бір жарым жылдың көлемі өтті. Ешбір нәтиже жоқ. Салық басқармасының қызметкері Дәурен Ибрагимов балам Бақытжан Мәдібекұлының төлейтін салығы 2000000-ға жетті деп хабарлады. Сонда 2015 жылдан бері жалған құжатпен тіркелген автокөлікті табудың қандай қиындығы бар? Осыған түсінбеймін»,-деп шырылдайды Мәдібек Тілеубайұлы.
Өткен жылғы қарашаның 15-інде Мәдібек Тілеубайұлының атына Түркістан қаласының прокуроры Ж.Ахметбектен жауап келді. Жауаптың мәтіні төмендегідей:«Түркістан қаласының прокуратурасы №195126031000679 қылмыстық іс бойынша қабылданған процестік шешіммен келіспейтіндігіңіз туралы арызыңызды қарады.
05.04.2019 жылы Б.Тілеубаевтың арызының негізінде Түркістан қаласының полиция басқармасы жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, мемлекеттік пошта төлемі белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу фактісі бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 385- бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесі бойынша 24.12.2020 жылы ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 45-бабы, 7-бөлігінің 1-тармағының негізінде қылмыстық істің мерзімін үзу туралы шешім қабылданған.
Сіздің арызыңыз негізінде қылмыстық істі сұрату барысында Басқарма қылмыстық істі ұсына алмады. Соған байланысты істі жоғалту ықтималдығын ескере отырып, аталған факті ақпаратты есепке тіркеу кітабына тіркеліп, тексеру жүргізу және процестік шешім қабылдау үшін Түркістан облысының полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына жолданды.
Сонымен қатар Қылмыстық-процестік кодекстің 293- бабына сәйкес аталған істі қалпына келтіру туралы қаулы шығарылды. Қылмыстық іс қалпына келтірілгеннен кейін қала прокуратурасы оны зерделеп, қабылданған шешімге құқықтық баға береді.
Содан Мәдібек Тілеубайұлы желтоқсанның 21-күні Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал майоры Мұрат Қабденовтің қабылдауына жазылып, арыз-шағымын айтуға кірмекші болады. Алайда, Түркістан қалалық полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев бұл мәселені осы қала деңгейінде шешуге болатындығын айтып, үлкен бастығына кіргізбейді.
– Нақтырақ айтсам М.Сейдуалиев басқарған топ бұл мәселені генерал шешпейді. Біз шешеміз деп өздерінің бөлмесіне алып барып, мазамды алды. Сол күні 87081907563, 87717941312 ұялы телефондарынан хабарласқан қызметкерлердің бірі: «автокөлік үшін төлейтін салығыңызды алып тастаймыз десе, екінші МАИ қызметкері бұл автокөлікті мүлдем есептен шығарып тастаймыз» деп хабарлады. Сол күні түнде 0226 13 нөмірлі «НИВА» автокөлігімен сағат 22:20-да жергілікті инспектор келіп, «мәселені бірге шешейік» деп кездесуге шақырды. Сексенге келіп қалған қарт адаммын. Түнімен қызуым көтеріліп, жүйкем ауырып, ұйықтай алмадым. Бұл не қылған «сен салар да, мен салар, атқа шөпті кім салардың» соңында жүрген құқық қорғаушылар. Сегіз жылдан бері бір-біріне допша теуіп келеді. Қарапайым адамның мүддесін кім қорғайды» – деп редакцияға келіп мұңын шаққан сексенге таяған ақсақал Мәдібек Тілеубайұлының тағдырын жариялауды жөн көрдік.
ЖАНАЕВ ЖАУАПСЫЗ,
АЙТБАЕВ АЙТУСЫЗ
ҚАЛДЫ МА?
Аяқ астынан күтпеген қоңырау. Қалалық салық комитетінің маманы Дәурен Ибрагимов. Сымтетігі – 87024775777. «Балаңыз Бақытжан Тілеубаевтың атындағы «Toyota Land Cruiser-200» автокөлігінің салық мөлшері екі миллион теңгені құрап отыр. Салықты төлеудің жолын қарастырыңыз».
Мәселенің заңдылығын бақылайтын қала прокуроры Жаннұр Ахметбекке 26.10.22 жылы шағым арызбен жүгінген. Обалы не керек, ештен де кеш жақсы демекші Жаннұр Ахметбек Түркістан полиция басқармасы қылмыстық істі ұсына алмағанын, осы мәселені процестік шешім қабылдау үшін Өзіндік қауіпсіздік басқармасына жолданғанын хабарлайды. 15.11.2022 жылы №2-12-2203842.
Бұл басқарманың бастығы Н. Мырзатаев 25.12.2022 жылы №1851702313Н11 ПД АБ-ның бастығы Б. Нышанбаевқа жолдаған. Бұған департамент бастығының орынбасары А. Қалдарбеков жауабында 15.12.2022 жылы №1-42//2ТТ-85-48 Түркістан ҚПБ-ы қылмыстық істің мұрағаттан табылмауына байланысты ұсына алмады. Тергеу басқармасымен кінәлі қызметкерді анықтап тәртіптік шара көру үшін қызметтік тексеріс жүргізілуде.
БҰДАН ТҮЙІП
АЙТАР ТҮЙІН НЕ?
Қоғамдық тәртіп сақшысы да ұры-қарының өзі ме, әлде солармен сыбайлас па деген ой туады. Таратып айтып көрейік.
-Сіз тыңдаңыз мен шынайы шындықты Алланың бірлігінде ақ ниет, ақ тілек бар шыныммен баяндайын. Оқырман қауым, билік басындағы төрелер облыстық ішкі істер бөлімінің бастығы генерал-майор Мұрат Полатұлы Қабденов бұлар кімдер болды деп таңырқамаңыздар.
Бауыржан Жанаев Түркістан қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы міндетін 2019 жылы тастап, 2022 жылы қайта оралған басшы. Шені подполковник. Өз ісіне жауапсыз жан. Неге жауапсыз деп сұрайсыз ғой. 2019 жылы ұлым Бақытжан Тілеубаевтың 4.03.19 жылғы арызына 10.06.2019 жылғы судья А.С.Қосмұратовтың қаулысына, Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы М. Нұржановтың 18.03.2019 жылғы хатына құлақ аспай жауапсыз қалдырды.
Соның нәтижесінде Б.Тілеубаевтың атына заңсыз тіркелген «Toyota Land Cruiser -200» қамаққа алынбай, заңсыз тіркеген Мұхтар Қарынбаев жауапкер-шіліктен тыс қалып анықталмады. Бұл Бауыржан Жанаевтың бір жауапсыз әрекеті десек, екінші бір әрекеті осы мәселені анықтауға облыс басшысы М.П.Қабденовке 21.12.2022 жылы сағат 15:00-ге қабылдауға жазылған бола-тынмын. Қабылдауға баратынымды біліп, 20.12.2022 жылы түнделетіп са-ғат 22:00 шамасында балам Бақытжан-ды «НИВА» номері 0226-13 автокөлігі-не салып, «бастық шақырып жатыр» деп түн жамылған қарақшылық жасады. Сол күні күндіз сағат 13:00 шамасында 8708-190-75-65, сағат 11:00-де 8-771-794-13-12 ұялы теле-фондарымен қоңырау шалып, бірі «салықтан құтқарамыз» десе, бірі «көлікті есептен шығарамыз» деп әлек болды.
ЖОЛ КЕСКЕН ҚАРАҚШЫЛАР
Онымен қоймай не керек, 21.12.2022 жылы қабылдауға баруыма «қарақшылар» тобыры тосқауыл жасап, полиция полковнигі Б. Сапаровтың атына арыз, куәгер ретінде жауап алу хаттамасын толтыртты. Жол кескен «қарақшылардың» тосқауылынан қабылдауға бара алмай, екінші рет 21.12.22 жылы сағат 17:00-де облыстық полиция басшысы М.П.Қабденовке қайта жазылдым. 28.12.2022 күні басқарма басшысының орынбасары Бағланбек Есенбекұлы Айтбаевтың қабылдауына бардым.
Бұл күні де 03-32-13 «НИВА» көлігімен қарақшылар тобыры мені Жанаевқа апаруды мақсат етіп, мазалады. Оларға бой бермей, ақыл ой парасатпен оларды жіпсіз тізгіндеп, Айтбаевтың қабылдауына бардым. Айтбаевтың айтары жоқ екен. Қылмысты ашудың орнына «сотқа жүгініңіз. Салықтан құтыласыз» деп жұбатқан болды.
Дұрыс ау! Не дейміз бұған? Машина заңсыз тіркелді ме? Тіркелді. Қылмыс жасаған адам белгілі ме? Белгілі. Ол түркістандық МАИ қызметкері Мұхтар Қарынбаев. Оның серігі Аманбаев және алматылық МАИ қызметкері А. Моминов. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп айтсақ дана Абай сөлесін: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық. Аздырар адам баласын».
Иә, қарапайым халықтың проблемасын шеше алмайтын жұмысы жоқ, қарыны тоқ қарақшылар тобырын кім тізгіндейді?
Айтпақшы, осы департаменттің басшысы Мұхтар Полатұлы Қабденов өзінің «Түркістан» газетінің №25-26 17 маусым 2022 жылғы санында: «Ірілі-ұсақты қылмыстарға жол бермей, тез арада ашылуына жұмыс жасаймыз»,-деген болатын. Бәрекелді!!! Бұл айтқаныңыз жел сөз болып тұр. Сөзден іске көшкеніңіз жөн. Бұған Сіз не дейсіз Мұхтар мырза! Құрметпен, Мәдібек Тілеубайұлы.
PS: Жеті жылдан бері жалғасып келе жатқан Санта-Барбара драмасымен толық танысып, Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Полатұлы Қабденовтің өзі тікелей бақылауына алып, ақ-қарасын ашып, соңғы нүктесін қояды деген ойдамыз.
Ескендір ЕРТАЙ.
