КЕЛЕС: АУДАН ӘКІМІ АРХИТЕКТОРЛАРМЕН КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

468 көрілім

Келес ауданы 2018 жылы дербес аудан ретінде құрылып, орталығы Абай ауылы болып белгіленді. Өткен 4 жылдың ішінде аудан орталығындағы инфрақұрылым жүйелері жаңартылып, аумағы кеңейді. Ендігі кезекте Абай ауылын жаңа қасбетке кіргізу бағытында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев кешенді жоспарлар түзіп, кәсіби архитекторлармен кеңес өткізді. Нақтырақ айтсақ, аудан басшысының шақыртуымен Түркістан облысы сәулетшілер одағының төрағасы Еркін Жүсіпов және «Сәулеттік бюро» КМ-нің директоры орынбасары Нұрбол Мұсаев Келес ауданына келіп, аудан орталығының даму жоспарымен танысты және жоспарды жетілдіру бағытында ұсыныстарын білдірді.

— Ең алдымен аудан орталығын дамытуды қолға алуымыз қажет. Ол үшін арнайы өздеріңізбен кеңесіп, ұсыныс пікірлеріңізді тыңдауды жөн көрдік. Биыл аудан болып құрылғанымызға бес жыл толады. Ал еңбекқор келестіктердің бос уақытында бой жазып, еркін демалатын аймақтар ауданымызда жоқтың қасы. Табиғат сыйлаған мүмкіндіктерімізді кеңінен пайдаланып, барынша аудан орталығымен оған іргелес жатқан елді мекендерді дамытудың кешенді жоспарын жасауымыз керек, – деген Жәнібек Есенұлы кәсіби мамандардың пікірін тыңдады.

Өз кезегінде Еркін Жүсіпов пен Нұрбол Мұсаев аудан орталығының бас жоспарын көзден кешіріп, жаңа даму қарқынын Абай ауылының шығыс беткейінен бастау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Келес өзенінен бастау алатын Ошақты каналының айналасын абаттандыру бағытында өз ұсыныстарын жеткізді.

Нәтижесінде, аудан орталығының бас жоспарын жасаған мекеме мамандары арқылы қажетті шаралар атқарылуы жөнінде аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы мен Абай ауылының әкіміне бірқатар тапсырмалар жүктелді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы