АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

1  906 көрілім

Түркістан қаласына қарасты Бірлік елді мекеніне жауапты Жетісай ауданы, облыстық қоғамдық даму басқармасы, Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі өздеріне тиесілі 15 сектор бойынша сенбілік жұмыстарын апта сайын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бүгін жоғарыда атап өткен аудан, басқарма, бөлім қызметкерлері Бірлік елді мекенінің аумағында абаттандыру жұмыстарына білек сыбана кірісті. Сенбілік басында Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбековке жолықтық.


“Қасиетті шаһар облысымыздың орталығы ретінде бізге бөлінген 15 сектор, яғни Бірлік елді мекенін тазалау, абаттандыру жұмыстарына ден қойып келеміз. Өткен аптада елді мекеннің тазалық жұмыстарын жүргізсек, осы апта тал егу жұмыстары бойынша оның орнын қазып жатқан жайымыз бар. Бүгін өзім бастап, 140-ға жуық жетісайлық мемлекеттік қызметкерлер өздеріне тиесілі аумақта жұмыстар жүргізуде. Тал егу жұмыстарын алдағы 19 қазаннан бастап, 3 кезең ішінде 10 мыңға жуық түп отырғызу көзделіп отыр. Сонымен қатар, бүгінгі таңға дейін 3 аялдама орнаттық, алдағы уақытта тағы 6 аялдама тұрғызу жоспарымызда. Бірлік елді мекені 984 гектар жерді құраса, онда 57 көше орналасқан, тұрғындарының саны 1282-ні құрайды. Біз еккен ағаштарды күтіп баптауға, әрбір тұрғын өз үйлерінің айналасындағы талдарды суғаруға күш салса, еткен еңбегіміз өз жемісін береді”, – дейді Мақсат Жанұзақұлы.


Иә, соңғы кезде қаламыз облыс орталығы ретінде көркейіп, абаттанып, дамып келеді. Шаһарда ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Көше бойлары түгел жарықтандырылып, қала заманауи үлгіде дамуда. Қаламыздың осылай көркейіп жатқанын көріп қала тұрғындары ыстық ықыластарын білдіріп жатыр. Қала әкімі бас болып, қаламыздың тазалығына мән беріп, оны халық болып жалғастырып жатқаны әрине, сүйсінерлік жәйт. Әсіресе, қаланы, ауыл-аймақты көгалдандыруға көп көңіл бөліп, соған бар күшті салуымыз керек. Қала тазалығы – тұрғындардың айнасы екендігін ескерсек, өзіміз өмір сүріп жатқан ортамызды таза ұстау, абаттандыру әрбіріміздің борышымыз болмақ.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы