ЖӘРДЕМАҚЫ ЖАН БАСЫ КӨБЕЙГЕН САЙЫН АРТА ТҮСПЕК

1  185 көрілім

Қазіргі таңда елімізде халықтың әл-ауқатын арттыру басты назарда болып отыр. Осыған орай енді отбасындағы бала санына қарай төленетін мемлекеттік ай сайынғы жәрдемақы мөлшері арта түспек. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. «Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Әр балаға орташа есеппен 10-11 мың теңге берілмек. Бұл 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқтатылған осыған ұқсас жәрдемақы мөлшерінен 7-8 есе артық болады», – деді министр.

«Бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады» деуші емес пе еді? Оң шешімін тапса, 2020 жылдан бастап күшіне енетін жаңа өзгерістер халық үшінді тиімді болмақ. Себебі, мемлекеттік жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы жанұяларға табысына қарамастан төленетін болады. Нақты айтсақ, көпбалалыларға көмек отбасындағы балалар санына қарай 42 500 теңгеден 73 370 теңге аралығында беріледі. Мәселен, 4 баласы бар жанұяға 42 500 теңге берілсе, 53 125 теңгеге 5 баласы бар отбасы қол жеткізе алады. Ал, 63 750 теңге 6 перзенті бар ата-анаға үлкен көмек болса, 73 370 теңге 7 ұл-қызы бар отбасыларға бұйырмақ.

Айгүл Рысқұлова 5 баланың анасы. Балабақшада тәрбиеші болып қызмет атқаратын көпбалалы жан жаңалықты алғашында әлеуметтік желіден естіген. Қуанышын бізбен бөлісіп, мемлекетке айтар алғысы орасан екендігін жеткізді. «Жанұяда жалғыз адам жұмыс жасап, жан бағу өте қиын. Балаларымның алды бастауышта білім алса, кішкентайым әлі бесікте. Жәрдемақы берілсе мен секілді көпбалалы аналарға тиер шарапаты мол болар еді», – дейді ол.

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) қайтадан тоқсанына бір рет беріледі. Яғни келесі 3 айға арналып тұрмысы төмен отбасыларға жол тартады. Егер көпбалалы үй табысына қарай тұрмысы төмен отбасы санатына жатса, онда бұл жанұяға атаулы әлеуметтік көмек пен қатар балаларға кепілді әлеуметтік пакет қоса тағайындалады. Нәтижесінде көпбалалы тұрмысы төмен отбасы мемлекет тарапынан үш бірдей әлеуметтік көмек пакетіне ие болады. «Аш адамға балық берме, қармақ бер» дейді. Тұрмысы төмен отбасының еңбекке қабілетті мүшесі мемлекет тарапынан ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылатындығын айта кетейік.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы