Шахмат – ақыл-ой иесі. Сондықтан бұл спорт түрінің қызығушылары да көпшілікті құрайды. Сауран ауданына қарасты Жаңа Иқан ауылында «Ифтихар» әуесқойлар шахмат-дойбы клубында Хашим ата Ирисбаевты еске алуға арнап шахматтан өткізілген VII турнирде 20 шахматшы қатысып, өз бағын сынап көруі соның айғағы іспеттес.
«Мектеп Жана Икан» ЖШС негізгі білім беру мекемесінде ұйымдастырылған жарыстың ашылу салтанатында Жаңа Иқан ауылдық округі әкімі Т.Абдаев, ауылдық өзбек этномәдени орталығының төрағасы О.Нематуллаев, жарыстың демеушісі Д.Ирисбаев, ең жасы үлкен қатысушы Т.Султонбоев және басқа да құрметті қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға жеңіс тіледі. Жарысқа қатысушылар төрт топқа бөлініп, өнер көрсетті.
Топ үздіктері жарысты жалғастырып жеңіс тұғырына көтерілу үшін аянып қалмады. Жетінші сынып оқушысынан бастап жетпіс жастағы аға буын өкілдеріне дейін қатысқан турнир қызық пен тартысқа толы болды. Оның дәлелі ретінде жеңімпаз бен жүлдегерлердің түрлі елді мекендерден болғанын атап айтуға болады. Атап айтар болсақ, шымкенттік Қайрат Батишев І орынға, ескіиқандық Акром Саидикромов ІІ орынға, жаңаиқандық Сувонхон Хасанов ІІІ орынға ие болып, диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Ирисбаевтар әулеті тарапынан дастарқан жайылып, ас берілді. Хашим атаның аруағына құран бағышталды.
ЖАСӨСПІРІМДЕРІМІЗ ЖОҒАРЫДАН КӨРІНДІ
Жуырда жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен Кентау қаласының ашық біріншілігі болып өтті. Додаға Сауран ауданына қарасты Жаңа Иқан ауылындағы «Жаңа Иқан» мектебінің оқушылары да қатысып, мектебіміздің мерейін үстем етті.
Жарыста 29 келі салмақ дәрежесінде белдескен 5 «Б» сынып оқушысы Дилнур Ирисбеков барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, жеңіс тұғырының ең жоғары сатысына көтерілді. Сондай-ақ, 5 «Б» сынып оқушысы Хажиддин Муслимов (26 келі) пен 5 «В» сынып оқушысы Шодиёр Қошқаров (32 кг) жүлделі ІІ орынға ие болса, 29 келі салмақ дәрежесінде күрескен 5 «Б» сынып оқушысы Сардор Бахадиров ІІІ орынды місе тұтты.
Жеңімпаз және жүлдегер атанған жасөспірімдеріміз медаль, дипломдармен марапатталды. Болашақтарынан үлкен үміт күттіретін жастардың осындай жеңістерге жетуде жаттықтырушы Ромаш Исмаиловтың еңбегі орасан зор.
Акажон ИЗЗАТУЛЛАЕВ,
жарыс ұйымдастырушысы және бас төрешісі.
