Ассалаумағалейкүм, ардақты «Түркістанға» ен тағып еншілеген 7075 оқырман!
Келіп жеткен жаңа жылдың игілігі мол болсын, ағайын! Алдағы күндерден жақсылық күткен халқымыз үшін өткен жыл есте қалар оқиғаларға толы болды. Барыс жылының басы өздеріңіз білетіндей көпшіліктің әлеуметтік мәселелерді оңалтуды талап етіп, жарқын болашаққа қол созған бейбіт шерудің соңы арандатушылықпен қақтығысқа ұласты. Сөйтіп «қаңтар оқиғасы» деген атаумен тарих қойнауына енді. Қантөгіске ұласқан қаңтар оқиғасы баршамызды алаңдатып, жанымызға батып, жүрегімізді жүдетті.
Десе де, басы қатты жылдың аяғы жақсылыққа жалғасты десек қате айтпаған болармыз. Соның ішінде Түркістан облысында 2022 жылы көптеген жағымды жаңалықтардың куәсі болдық. Өңіріміздің орталығы Түркістан қаласының күн сайын көркейіп, тұрмысты түзеуге бағытталған әлеуметтік шаралар қатарының арта түскенін газетіміздің әр санында қадірменді оқырмандарымызға жеткізуге тырыстық. Жыл басындағы алғашқы санымызда өткен бір жылдың айшықты оқиғаларын жария етіп отырмыз.
Негізгі айтпағымыз тарихи шаһарымыздың қара шаңырақ басылымы тұрғысында еді. Көзі қарақты оқырманның ұсыныс-тілектерін естіп, біліп жүрміз. Көңілден шығатын дүниелерді газет бетінде таспалауға да барымызды салып келеміз. Өкінішке орай, нарық заманы кей кездері ойдағы дүниені іске асыра беруге мұрша бермейтіні тағы бар. Неге дейсіз бе? Өйткені, редакция ұжымындағы оннан астам шығармашылық топтың тұрмыстық мәселесінің де түйткілдері аз емес.
Ең бірінші кезекте нан болмай ән болмайтынын ескерсек, тұрақты түрде айлық-жалақы, баспанасыз редакциямыздың пәтер жалдап отырған отбасы секілді жалға алған ғимараттың ақысы, апта сайын басылған газетіміздің баспахана шығыны, одан өзге « тонналап қағаз жейтініміз» тағы бар. Күнделікті шығындардан бөлек өзге де шығындарды қоса алғанда ай сайын үш миллионға тарта қаражат жұмсап отырамыз. Бұл сома кейбір азаматтар үшін түк болмауы мүмкін. Бірақ біздің ұжымға бұл оңай емес. Жыл басында редакция әуелі осы қаржыға қол жеткізуді мақсат тұтады. Оны бізге ешкім бере салмайды. Бәсекелестік заңына сәйкес билік өкілдері өздері шамалаған қаржыны конкурс (тендер) арқылы бәсекелестік ортаға жария етеді.
Сонан соң жарияланған конкурсқа құжаттарымызды әзірлеп қатысамыз. Тек біз ғана емес, өзіміз секілді қызмет көрсетемін деп жария етілген қаржыға қол созатын өзге де әріптестеріміз бар. «Алуан-алуан жүйрік бар әліне қарай шабады». Бәйгенің аты бәйге, бәсекелестік нарық заңы.
Нәтижесінде кім қызмет ақысын төмен бағада ұсынады, сол жеңімпаз. Сондықтан барымызды салып, аталмыш конкурста жеңімпаз болуға тырысамыз. Барыс жылында да осылайша өз арманымызға қол создық. Түркістан қаласының әкімдігі жариялаған конкурс талаптарында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, ұсынылған мемлекеттік тапсырыстың жартысынан астамын білім мен ғылымды және тіл саясатын дәріптеуге бағыттапты. Сол себепті газет бетінде ұстаздар, ғылым жолындағы жандар мен тіл жанашырларына көптеп орын берілді.
Сонымен бірге, облыс орталығындағы газет болған соң бағымызды сынап, облыспен қатар көрші аудандардың тапсырысын орындауға ұсынып көрдік құжаттарымызды. Түпкі мақсатымыз облыс аумағында «Түркістан» газетінің оқырмандар санын арттыру. Түркі дүниесі пір тұтқан қасиетті мекенде болып жатқан жаңалықтарды өңіріміздегі барлық ауданның тұрғындары біліп отырса дейміз және оған барынша күш салып жатырмыз. «Түркістан» газеті Түркістан облысындағы аудандарға тарап жатса несі айып? Қазіргі күннің өзінде көптеген аудандарда саны аз болса да жазылушыларымыз бар.

Жыл басындағы алғашқы санымыз түрлі-түсті болып қайта жарық көрді. Осы қалыпты одан әрі жалғастыра береміз деп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей барыс жылының алғашқы тоқсанында шарықтаған баға тікелей баспа қызметі нарығын қыспаққа алды. Қағаздың бағасы аспандап артқанын өздеріңіз де білесіздер. Осы кезде жылдық шығынымызды үнемдеуге мәжбүр болдық.
Соның есебінен газеттің түрлі-түсті реңін ақ пен қараға ауыстыруға тура келді. Бүгінгі есебіміз әрі қарай бастапқы қалпымызға енуге лайықталып жасалып отыр. Газетімізге жазылу ақысының артқаны да оқырманға оңай тимейтінін жақсы білеміз. Соны біле тұра жазылушыларымыз бізді де түсінер деген оймен аталмыш қадамға бардық. Алдағы уақытта теңгенің құнсыздануы ғайыптан тайып еселеп артып кетпесе, таяу жылдарда газет бағасына өзгеріс енгізбейміз деп шештік.
Редакция ұжымының бүгінгі күйі осындай. Көп жағдайда біздің қуатты болуымыз, сапалы шығуымыз газетімізге жазылушылар санының көптігіне байланысты. Оқырман біздің арқасүйер сүйенішіміз. Бүгінде нарық заманның талабымен әлеуметтік жағдай, экономика алға шықты да идеология кейінге ысырылып қалуда. Бұл осы заманның шынайы келбеті. Елдің мәселесін қаржыгерлер, құрылысшылар, заңгерлер қала берді «IT» саласының өкілдері шешетін болды. Демек билік басындағы шенеуніктердің басым бөлігі осы салаға жақын жандар. Ал, руханият өкілдері белгілі-белгісіз тетіктер арқылы аталған сала мамандарының тапсырмасын «орындаушыға» айналды. Қалай десек те ақиқаты осы.
Дегенмен де біздің хәлімізді жете түсінетін азаматтар да жоқ емес. Бірінші жаратқан иеміз десек, одан кейін руханиятқа жаны жақын бірді-екілі билік өкілдерінің арқасында бұқаралық ақпарат құралдары өлместің күйін кешіп жатқаны ащы болса да шындық. Кеше ғана осы мәселе яғни, газеттің жайын талдап жеткізген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Қамзабекұлының айтқаны (газетіміздің осы санында жарияланды) әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп жатыр. Баспасөздің бағын ашу үшін нақты іс керек екенін бұған дейін де айтылуда. Бірақ, бұл жерде мәселеге терең бойлап мән берілмесе бұдан былай кеш болатыны ескертіліп отыр.
Қорыта айтқанда, бұл да бір сынақ кезеңі шығар. Көзі қарақты оқырман барда, газет бар. Билік те бұл мәселеде үнсіз қалмас. Аймақтардағы баспасөздің уақыт өткен сайын шиеленісіп бара жатқан мәселесін жергілікті атқарушы орган шешпесе оны өз ақыл-парасатының деңгейіне қалдырдық. Біздің үміт көзі қарақты оқырман мен руханият жанашырларында.
Мәлік ДӘУЛЕТОВ,
«Түркістан- Медиа» ЖШС директоры.
