БІЛІМДІ ДАМЫТУ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫМЫЗ

437 көрілім

Биылғы жыл біздің басқарма үшін айтарлықтай табысты жыл болды, елеулі есте қаларлықтай айшықты оқиғалар орын алып, білім саласы үшін маңызды міндеттер оң шешімін тапты.

Түркістан облысында білім саласы үшін үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Мен Түркістан облысының білім басқармасына басшылық етуге өткен жылдың сәуір айынан бастап кірістім. Алдымен жұмысымызды талдаудан бастадық. Қай деңгейдеміз? Және оны түзету үшін қандай шаралар қабылдау керек? Міне осы сауалдарға қатысты үлкен жұмыстар жүргізілді.

Қазіргі уақытта Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының атынан білім саласын дамыту мәселесі – ол кісінің жүргізіп отырған саясатының негізгі бағыты. Білім саласына қатысты мәселелер жан-жақты талданып, соны шешу жолдары да қарастырылып жатыр. Түркістан облысы республика бойынша білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі жағынан бірінші орында тұр.

Білім сапасы балабақшадан бастау алады. Осы орайда біздің алдымызда балабақшадағы білім сапасын көтеру міндеті тұр. Облыста 1400-ден аса мектепке дейінгі ұйымдар қызмет етуде. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау ондағы тәрбие мен оқытудың сапасын арттыруға үлкен көмек болмақ.

Яғни, басты құндылық балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуі, педагогтерге қойылатын біліктілік талаптардың сақталуы және тәрбие мен білімнің сапасы артады. Барлық балабақшаларға кезекке қою, жолдама беру, қабылдау «Balabagsha.snation» жүйесімен толық автоматтандырылған (2019 ж. бастап). Ендігі кезекте балалардың балабақшаға келуін есепке алуды автоматтандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Яғни, бұл дегеніміз нақты бала санын келіп-кетуінің ашық жүйесі орнатылады деген сөз.

Қазіргі таңда, Түркістан облысының білім беру саласын кешенді дамыту мақсатында 2022-2025 жылдарға арналған «TURKISTAN BILIMI» стратегиялық даму жоспары әзірленуде.Осы жоспарға сәйкес ауқымды жобалар іске асырылады.

«TURKISTAN BILIMI» экожүйесі, яғни білім саласын автоматтандыру және білім сапасын арттыру. Бұл бағытта жұмысты бастадық. Ағымдағы жылы оқу процесіне қажетті барлық функциялардың жиынтығы қамтылған білім саласындағы ақпараттық жүйелермен интеграцияланған «Bilim Land» платформасымен «Әлеуетті мемлекеттік жекешелік әріптестікті іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандум» түзілді. Аталған платформаның білім мазмұнына қатысты жүйесіне облыс мекептері 100% тегін қосылды.

Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша республика көлемінде «100 үздік мектеп» тізіміне Түркістан облысының 11 мектебі енген. Бұл біздің педагогтердің қажырлы еңбегі екендігін атап өткіміз келеді.

Түркістан облысында «Балалар жылын өткізуге» арналған кешенді жоспар бекітіліп, 80-ге жуық іс-шаралар өткізілді.Іс-шаралар шеңберінде өңірде «Балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл, облыс әкімінің бала құқығы жөніндегі кеңесшісі» бекітілді. Облысымызда бұл жауапкершілік Вероцкая Гүлжан Ералықызына жүктелді. Кәмелетке толмаған балалар арасындағы қылмыс пен жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және балалардың өзіне-өзі қол жұмсауының алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Өткен жылдың еншісінде, сондай-ақ, біршама жаңа мектептердің ғимараттары пайдалануға берілгенін айту парыз. Облыста 2021-2022 оқу жылында жалпы 35 мектеп қолданысқа берілді. Оның ішінде 22 мемлекеттік, 13 жекеменшік білім беру мекемесі. 2021 жылмен салыстырғанда биылғы жылы жекеменшік мектептер саны артты. Жекеменшік мектептер есебінен оқушы тапшылық орындары шешілді деуге болады. Қосымша біліммен қамту үлесі да артты.

Осы бағытта Қазығұрт ауданында 120 балаға арналған, Келес ауданында 320 балаға, ал Сайрам ауданында 300 оқушыға арналған жаңадан оқушылар үйі ашылды. Ал, Түлкібас ауданы «Жанкент» жалпы орта мектебінің базасында 150 балаға арналған «Өнер» мектебінің филиалы құрылғанын да жылдың айшықты оқиғалары қатарында атап өтуге болады.

Келе жатқан жылда облыста білім саласында айтарлықтай жағымды жаңалықтар болады деп ойлаймын.

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 14 шілдедегі кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің (жобалық қуаттылығы 57 300 орын) құрылысын салу жоспарға енді. Жаңа жайлы мектептің іргетасы осы жылдан бастап қаланады. Сонымен қатар, педагогтерді аттестаттау процесін автоматтандыру бойынша «Е-Портфолио», білім саласының аналитикалық есебін қалыптастыратын «Basqarma.Smartnation.kz» білім беру ресурстары енгізілуде.

Сондай-ақ, мектеп кітапханаларын цифрландыру үшін «Е-Кітапхана» платформасы іске қосылуда. Осыған орай, Басқармада білім беру ұйымдарындағы жағдай мен білім сапасын қадағалайтын және білім саласын цифрландыруды жүзеге асыратын ситуациялық орталық үлгісінде жұмыстардың орындалуы алдағы жылдың еншісінде.

Облыс бойынша 2025 жылға дейін «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 324 мектептің кітапханаларын жаңғырту жоспарлануда. Өздеріңіз көріп отырғандай, заманауи кітапхана оқушының тек кітап алып, кітап оқитын орны ғана емес, баланың толыққанды ақпарат алып, ізденетін, еркін ойлы қатарластарымен бірге тиімді уақыт өткізетін ортасы болып саналады. Алдағы жылдары білім беру ұйымдарындағы кітапханаларда IТ жабдықтары бар Coworking – орталықтары ашылатын болады. Өткен жылға өкпе жоқ, біршама жұмыстар атқарылды, сонымен қатар алдағы жылдарда бізді ауқымды жұмыс жоспарлары мен жобаларымыз жүзеге асады деп сенемін.

Киелі де, қасиетті Түркістан шаһарынан орын тепкен «Түркістан» газетінің оқырмандарына әлеуметтік мәселелерді батыл көтеретін, елдің рухани көкжиегін кеңейту жолындағы тынымсыз еңбектеріне толағай табыстар тілеймін. Халқымызда «Қаламның ұшында найзаның сұсы бар» дейді. Ендеше, еліміздегі өзіндік тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымның газет шығару қамында жүрген редакция ұжымына, газет оқырмандарына шалқар шабыт, шығармашылық табыс тілеймін!

Дінислам БОЛАТХАНҰЛЫ,

Түркістан облысы адами әлеуетті  дамыту басқармасының басшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы