АЙНҰР КӨПБАСАРОВА: “ТЕАТР ЖАНАШЫРЛАРЫНЫҢ КӨБЕЮІН ТІЛЕЙМІН”

697 көрілім

«Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген тәмсіл бар-ды. Иә, шығып жатқан Барыс жылы қаламыздағы бірқатар мекемелер мен мәдени ордалар үшін табысты жыл болғаны анық. Солардың бірі де бірегейі – Түркістан музыкалық драма театры. Біз театрдың көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасаровамен тілдесіп, бірер сауалымызды қойғанбыз.

– Айнұр ханым, «Үздік театр» атануларыңызбен құттықтаймыз! Жалпы, өткен жыл Сіз үшін, ұжымыңыз үшін несімен ерекшеленді?

– Түркістан музыкалық драма театры – ең жас театр. Соған қарамастан, театр әлеміне тың жаңалық әкелуімен ерекшеленді. Түркістан музыкалық драма театрының өзіндік қолтаңбасы бар, оның спектакльдері ерекше, несімен? Қазақстанға танымал актерлердің біздің сахнада бас қосуымен, әлемге белгілі режиссерлердің біздің театрда спектакль қоюымен, мультимедиялық тұрғыда озық форматты пайдаланумен, жарықпен жоғары деңгейде қамтамасыз етумен, күрделі декорацияларды пайдалану, сахна киімдерінің жиынтығын аса талғампаздықпен саралауымен ерекшеленді.

Алғашқы қойылымымыз «Бөрте» барша қазақстандық көрермендерге таныс. Одан кейін аз уақыттың ішінде «Махаббат мұнарасы», «Фариза», «Триптих» және «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық қойылымымен толықты. Өздеріңізге белгілі жақында ғана «Мағжан» спектаклі түркістандық көрермендерге жол тартты.

Осы спектакльдерге келетін тұрақты көрермен қалыптасты. Жергілікті көрермендер мен қатар республика көлемінен көрермендердің театрымыздың қойылымдарына арнайы келіп көруі- елімізде театр мәдениетінің жандануының көрінісі.

Өткен жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және Өнер саласындағы «ҰМАЙ» тұңғыш ұлттық сыйлығы тағайындалды. Осы сыйлыққа өтінім берген 400 өнер ордасы арасынан топ жарып Түркістан музыкалық драма театрының, театр өнері номинациясы бойынша «Үздік музыкалық-драмалық спектакль» номинациясын жеңіп алуы «ерекшелік» немесе «ерлік» деп айтар едім. Финалға шыққан үздіктер қатарында «Бөрте» мен «Қорқыт туралы аңыз» спектаклі болуы, оның ішінде «Бөрте» қойылымының үздік атануы бір жарым жылдық тарихы бар театрға аз олжа емес, Бұл еліміздің өнер саласы бойынша тарих бетінде қалатын театр жетістігі.

Сондай-ақ, Түркістан музыкалық драма театры «Бөрте» спектаклі бойынша Дулат Исабековтің 80 жас мерейтойына орайлас өткізілген ІІ халықаралық «Исабеков әлемі» атты театр фестивалінің бас жүлдесін, Тикетонның 10 жылдығына арналған «Тикетон премия 2022» байқауында «Жылдың үздік премьерасын», «Қорқыт туралы аңыз» спектаклі бойынша Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма XXVIII Республикалық фестивалінде «Айырықша пластикалық шешім» номинациясы бойынша жүлдені жеңіп алдық.

Түркістан музыкалық драма театрының көрермендері республиканың түкпір-түкпірінен болғандықтан басқа өңірлерге шақырту да жиі түсіп жатады. Әзірге «Бөрте» спектаклі Алматы театрында және Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында, «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі Астана опера және Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қойылды.

Астаналықтар мен алматылықтар үшін екі күн қатарынан қойылған Түркістан музыкалық драма театрының қойылымдарында ине шаншар бос орын болмады. Билет сатылымға шығарылған күні-ақ өтіп кетті. Бұл біздің театрымызға деген көрерменнің зор құрметі деп есептедік.

Біздің театр бір жылдың ішінде 31 қойылым 18000-нан астам көрермен жинады. Бұл да өткен жылдың ерекшелігі.

–Келер жылдан күтесіз?

– 2023 жылға Гогольдің «Шинель» повесінің желісі негізінде Фархад Молдағалидің инсценировкасы сахнаға дайындалып жатыр. Одан бөлек те көптеген қойылымдарды жоспарлап жатырмыз. Алдын ала жайып салмай құпия ұстайық. Театр репертуарында өткен жылғы спектакльдерден де маңыздырақ, терең тақырыптарды қарастыратын тың дүниелер пайда болатынына сенімдіміз.

– Түркістандықтарға, оқырмандарымызға деген ізгі тілегіңіз…

– Театр – тірі организм. Актер мен көрермен арасындағы байланыс сахнаға жан бітіреді. 2023 жылы өнердің құдіретін сезінетін көрермендер қатары өсуін, мәдениеті келіскен ортаның қалыптасуын, театр жанашырларының көбеюін тілеймін! Жаңа жылда отбасыларыңыз аман, денсаулықтарыңыз мықты, өнер ордасы театрға деген тыныстарыңыз әрдайым ашық болсын!

– Сұхбатыңыз үшін рахмет, жаңа жылда жаңа белестерді бағындыра беріңіздер!

Әтіргүл ТӘШІМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы