Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифнгте Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев «конструктор» көліктердің заңдастырылмайтынын айтты.
«Конструктор» деп танылған автокөліктерді біз заңдастыру кезінде тіркеуге алмаймыз. Себебі бұл көліктердің ешқандай құжаты жоқ. Шекара арқылы Қазақстанға заңсыз кіргізілген. Сондықтан аталған көліктер тіркеуге жатпайды. Ал енді осы көліктерді алып келген және оны әрі қарай сатқан кісілер дәл осы көліктердің заңсыз екенін біледі», – деп мәлімдеді Қайсар Сұлтанбаев.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, «конструктор» деп танылған автокөліктер елімізге жүріп тұрған күйінде кіргізілмеген. Олар бөлшектеліп әкелініп, кейін Қазақстанда құрастырылған. Ведомство дерегінше, қазір елімізде мұндай 5 мыңға жуық көлік бар.
