ЖОЛАУШЫ ӘУЕ КЕМЕСІНДЕ ҚҰҚЫҚ БҰЗСА ҚАРА ТІЗІМГЕ ЕНЕДІ. ҚАЗАҚСТАН АВИАЦИЯ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

555 көрілім

2022 жылы 29 желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңына қол қойған болатын. Соған сәйкес азаматтық авиацияға қатысты “Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы” Заңға, Жер кодексіне, Еңбек кодексіне және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

“Бұл тасымалдау көлемінің болжамды өсуін ескеруге, әуежайлардың инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті жер учаскелерін қамтамасыз етуге, халықаралық стандарттардың, оның ішінде ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздіктің де сақталуын қамтамасыз етуге септігін тигізеді”, – делінген хабарламада.

Енді әуе көлігі арқылы жүруге шектеу қойылған адамдардың тізімі жасалатын болады. Демек, қара тізімге енгізілген жолаушы рейске жіберілмейді. Бұған қоса жолаушы әуе кемесінің бортында құқық бұзушылық жасаған жағдайда тиісті заңға сәйкес әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енген кезде немесе осы бұзушылығы үшін айыптау үкімі негізінде бір жыл мерзімге дейін аталған тізімге енгізілуі мүмкін”, – деп түсіндірді комитет өкілдері.

Сондай-ақ қаржылық қиындықтарға тап болған және өзінің операциялық шығындарын қамтамасыз ете алмайтын өңірлік әуежайларды мемлекеттік қолдау мақсатында субсидиялау тетігі қарастырылады.

Бұдан басқа осы заңда халықаралық әуежайлар үшін әуежай инфрақұрылымын дамытудың нақты кезеңдерін және басым міндеттер тізбесін қамтитын бас жоспарды бекіту жөніндегі ереже белгіленеді.

Ұшқышсыз басқарылатын әуе жүйелеріне байланысты сертификаттау тәртібі енгізіледі. “Мысалы, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын пайдалану процесін реттеу жөніндегі норманы енгізу қашықтан сәйкестендіруге қойылатын талаптарды белгілеп, оларды пайдалануға арналған аймақтарды айқындауға ықпал етеді. Сондай-ақ “ұшқышсыз авиациялық жүйе” және “ұшқышсыз әуе кемесі” ұғымдары енгізіледі”, – деді ведомство өкілдері.

Тұтастай алғанда, енгізілетін өзгерістер авиация қызметінде мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігін арттырып, азаматтық авиация субъектілері үшін кейбір аспектілерді нақтылап, халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге жол ашады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы