ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖУРНАЛИСТЕРМЕН АШЫҚ ФОРМАТТА КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

602 көрілім

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев «Turkistan» телеарнасының ұжымымен кездесті. Жүздесу барысында журналистер өз пікірлері мен ұсыныстарын алға тартты. Сондай-ақ ақпараттық саланы дамыту жөнінде ой қозғады. Облыс әкімінің орынбасары журналистика саласының маңыздылығы жайлы пікір білдірді. Жас телеарна ұжымының бастамалары мен  жобаларын тыңдай отырып, жоғары бағалады.

– Журналистика саласының өкілі болғандықтан жұмыс барысының қиындықтарын жақсы білемін. Түркістан облысының оң имиджін қалыптастыруда, ақпараттық және идеологиялық бағыттарды жүзеге асыруда телеарнаның маңызы зор. Түркістан облысының құрылғанына биыл 5 жыл толады. Қаланың қалыптасу кезеңі аяқталып, инфрақұрылымы қаланды. Енді даму кезеңіне қадам басамыз. «Turkistan» телеарнасы да қалыптасып болды деп ойлаймын. Енді сіздер де жаңа идеяларды жүзеге асыру, даму кезеңіне келіп тұрсыздар. Өңірдегі жаңалықтарды жедел шығару, еңбек адамдарын насихаттау, ел ішінде жүрген танылмаған таланттарды таныту, туризм, спорт, медицина және өзге де салалар бойынша жаңа бастамалар қажет. Телеарнаға қолдау көрсету жалғасады және күшейтіледі. Сіздердің идеяларыңыз бен ұсыныстарыңызды тыңдап,  бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Бейсен Дәулетұлы.

Телеарна директоры Жанахмет Ағыбаев арнаның  материалдық-техникалық базасы жақсарып, бірқатар өзекті мәселелер шешімін тапқанын мәлімдеді. Сонымен қатар жүзеге асқалы тұрған  жобаларымен таныстырды. Халық сұранысына айналған  әлеуметтік желілердің де жұмысы өркендейтінін ашып айтты.  

Кездесу барысы телеарна журналистерінің сұрақтары мен еркін пікір алмасу алаңына айналды. Сонымен қатар, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев пен Түркістан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Мира Сүлейменова да ақпараттық салаға өз пікірін айтып, журналистермен тығыз байланыста жұмыс жүргізу жалғасатынын жеткізді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы