ҰСТАЗДАР МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

2  654 көрілім

Бүгін облыс орталығы Түркістан қаласында облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы мен облыстық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен ұстаздар мерекесі салтанатты жағдайда аталып өтті.


Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев барша ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтап, игі тілегін арнады. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп халық даналығында айтылғандай, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп отырған ұстаздардың еңбегі орасан зор.


Ұлт ұстазы, қазақ руханиятының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса мектебі де сондай болмақ» деп айтқан. Арада ғасыр өтсе де, Алаш арысының осы сөзі бүгінгі күн тәртібінен түскен жоқ.
Алдағы уақытта облысымызда «Дарын» мектептері жоқ аудандарға дарынды балаларға арналған мектептер ашу жұмыстары қолға алынады. Осы жылдың қараша айында дарынды балаларды анықтап олимпиадаларға дайындап, әдістемелік, педагогикалық жұмыстарды жүргізіп отыратын облыстық «Дарын» ғылыми- әдістемелік орталығы ашылады.


Оқушылардың мәдени дамуына жағдай жасау, олардың бос уақытын тиімді пайдалану бағытында Түркістан қаласында 2020 жылы Оқушылар сарайын ашу жоспарлануда,-деп облыс басшысы білім саласына Елбасымыз мен ҚР Президенті тарапынан үлкен қолдаулар көрсетіліп жатқанын атап өтіп, ұлағатты ұстаздарды марапаттау рәсімін жасады.


Алдымен, еңбектерінің зейнетін көріп отырған облыс көлеміндегі ардагер ұстаздарға облыс әкімі атынан гүл шоқтары мен сый-сияпаттар тапсырылды. Мерекелік шарада марапатталған ұлағатты ұстаздардың арасында М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназияның директоры қызметін талай жыл абыройлы еңбегімен атқарып, биылғы жылы зейнеткерлікке шыққан ардагер ұстаз Тамара Пірімжанова «Ы.Алтынсарин» атындағы мемлекеттік төс белгімен марапатталғанын ерекше атап өткіміз келеді.
Жиынның соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, ұстаздар қауымына ән мен жырдан шашу шашылды.
Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы