Құқықтық мәдениеттің дамуы әр азаматтың құқықтық іс-әрекетінен көрініс табуына тікелей байланысты.
Адамдардың белгілі бір мүдделеріне қатысты заң нормалары тұлғалардың санасы мен еркіне сүйеніп дайындалады. Сондықтан да сол заң нормаларында көрсетілген талаптар да адамдардың саналы әрі ерікті іс-әрекеттері нәтижесінде орындалады. Мемлекетімізде азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құруды жүзеге асыруда. Азаматтардың құқықтық мәдениеті жоғары болған сайын құқықтық нормалардың сақталуы да, мүлтіксіз орындалуы да, іске асырылу деңгейі де жоғары болады. Дамыған мемлекеттің азаматы “құқықтық талаптарды міндетті түрде мүлтіксіз орындау қажет, себебі бұл менің өміріме, қоғамның дамуына пайдалы” деген нақты қағиданы түсінеді.
Міне, кейде осы жағдайды көпшілік арасында терең түсіне бермейтін жандар кездесіп жатады. Таяуда түркістандық полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында контрафактілік өнім дайындайтын жасырын цехті анықтады. Сондай-ақ, тексеріс жұмыстары арқылы оның қызметіне тосқауыл қойды.
Қарқынды іздестіру мен тексеріс жұмыстарының нәтижесінде полицейлер 4 күдіктіні ұстады. Оның бірі контрафактілік өнім дайындауды ұйымдастырушы, Түркістан қаласының тұрғыны болса, екеуі Түркістан қаласының тұрғындары және 1 Өзбекстан азаматы болып шықты.
Жедел уәкілдер аталмыш үйдің ауласын тінту кезінде, 40 келі қаптарға оралған ұнтақ затты тапты. Олардың саны шамамен 200 дананы құрады. Сонымен қатар, электронды таразылар, тығыздағыш машиналар және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Ұнтақты заттың жалпы салмағы 8 тоннадан асты.
Ал, күдіктілер қаптағы ұнтақтарды полиэтилен пакеттерге шамалап салып, яғни «Ariel», «Миф», «Tide» және «Persil» сияқты кір жуғыш заттардың белгілі брендтерін қолдан жасаған. Полицейлер жинақталған материалдарды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жолдады.
Бұл жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекстің 222-бабы 1-бөлігі «Тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, географиялық көрсеткішін және тауар шығарылған жердің атауын заңсыз пайдалану» бойынша тіркеуге алынды.
Өз кезегінде Түркістандық тәртіп сақшылары тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, географиялық көрсеткішін және тауар шығарылған жердің атауын заңсыз пайдалану әрекеттеріне заң алдында жаза бар екендігін ескертеді. Егер де осындай жайттардың куәсі болсаңыздар полицияның «102» байланыс телефон нөміріне хабарлауды сұрайды.
Енді осы оқиғаға түсінік беретін болсақ. Құқықтық мәдениетке қарама-қайшы келетін құбылыс – бұл құқықтық нигилизм. Оның пайда болуына не себеп болады? Атап айтар болсақ, ең алдымен азаматтардың көптеген бөлігінің заңнан хабардар болмауы, өз елдерінің заңдарын білмеуі, құқықтық тәрбиенің өз деңгейінде жүргізілмеуі салдарынан деуге негіз бар.
Былай қарағанда өз еңбектерімен өнім өндіріп, барлық талаптарға сай өнімді нарыққа шығаруда. Алайда, одан пайда табу үшін өнімнің шынайы белгісін пайдаланбай нарықта үлкен сұранысқа ие кір жуғыш ұнтақтардың брендін пайдаланған. Соның салдарынан заң талаптарына сай кінәлі азаматтар жауапкершілікке тартылуда.
Бұл дегеніміз құқықтың құндылығын саналы түрде жоюға, жоққа шығаруға бағытталған әрекет болып саналады. Яғни құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің дамуына кедергі жасайды.
Қорыта айтқанда, аталған әрекет заң жүзінде қылмыс түріне баланып отыр. Егер ол өз кәсібін заң аясында яғни, белгілі бер атаумен жүргізіп, өнім шығарғанда басқаша көрініс табар еді. Бұл ретте тұлғаның жауапкершілігі, тәртіптілігі, еңбексүйгіштігі, заңды құрметтеуі, жеке басының намыс сезімі, білімге құмарлығының артуы сияқты іс-әрекеті үлгі болар еді.
Сондықтан қайсы бір істе болмасын атқарып жатқан жұмысыңыздың заң шеңберінде жүріп жатқанына көз жеткізуді дағдыға айналдырыңыз. Бұл қоғамдағы құқықтық мәдениеттің өркен жайып келе жатқанын білдіреді.
ҚҰҚЫҚТЫҚ БІЛІКТІЛІК ҚАЛЫПТАСПАЙ, ИГІЛІККЕ ЖОЛ АШЫЛМАЙДЫ
547 көрілім
