Қазақстанда интернет-алаяқтық жағдайлары өршіп тұр. Бұл туралы ішкі істер министрлігі мен бас прокуратура мәліметіне сүйенген жергілікті қаржылық басылымдар хабарлады. Дәл сол секілді Түркістан қалалық прокуратурасы, қалалық полиция басқармасының өкілдері редакциямызға орын алған осы алаяқтық фактілері және оның алдын алу барысында түсіндірме мақалаларын ұсынып келеді. Соның ішінде төменде баяндалған насихат тұрғысындағы мақалада алаяқтарға алдап қалмаудың түрлі амалдары келтірілген. Сондықтан зейін қойып оқып, өзіңіз болмасаңыз да жақындарыңызға ескертіп жүргеніңіз абзал.
Мәселен биыл ел аумағында алаяқтық бойынша 4 мың қылмыс тіркелген. Бұл былтырмен салыстырғанда шамамен 31 пайызға көп. 43 пайызы немесе 1,8 мыңнан астамын интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстар құрайды. Бұған дейін екінші деңгейдегі 11 банк интернет-алаяқтықтың өршігенін айтып, ескерту сипатындағы ортақ мәлімдеме таратқан. Олардың айтуынша, алаяқтар көбіне өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, клиент есепшотынан ақша ұрланғанын айтып, сақтандыру агентіне немесе “балама шотқа” ақша аударуды ұсынады. Пошта немесе мессенжер арқылы да қайырымдылық акциялары, ерекше қаржы қызметі, сыйлық ұтып алу сияқты түрлі шаралар туралы ақпарат жібереді. Банктер ондай кезде телефон тұтқасын бірден қоя салуға кеңес береді және ешқашан жеке деректерді бермеуге шақырады. Статистика бойынша, қаңтар айында аяқталған “алаяқтық істер” бойынша мемлекетке 1,8 млрд теңге көлемінде шығын келген. Одан жеке тұлғалар көбірек зардап шеккен (1,1 млрд теңге).
Алаяқтық дегеніміз – бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстардың түрі. Ол қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатады. Соған орай, алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді.
Интернет-алаяқтық деп – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерге барады.
Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар дәстүрлі алдау қағидаларын ұстанғанымен, олардың ерекше сипаттары да бар. Мәселен, олар интернетті пайдаланатындықтан, халықаралық деңгейде таралуымен ерекшеленеді. Яғни, бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды алдап-арбай беретін шекара талғамау сипаты бар. Екіншіден, интернет-алаяқтар жасырын болып келеді. Яғни, олар жалған жеке және заңды тұлғалардың атынан жиі әрекет етеді.
Біздің бөліністің негізгі міндеті – ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы күрес болып табылады. Сонымен бірге, кейбір квалификациялық белгілері бар қылмыстық құқық бұзушылықтарға, яғни ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын алаяқтық, ұрлық, қорлау, жала жабу және т.б. қарсы жұмыстар жүргізеді.
Елімізде көп кездесіп жүрген алаяқтық түрлеріне: интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, фишинг, интернет арқылы қайыр сұрау, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады.
Түсінікті болу үшін нақты мысалдарға тоқталғаным дұрыс шығар. Мысалы, қазіргі таңда адамдардың көпшілігі кез келген затты сату немесе алу үшін арнайы сайттарды пайдаланады. Жақында мынадай бір оқиға болды. Бір адам өзінің автокөлігін сату үшін арнайы сайтқа хабарландыру береді. Көп өтпей оған біреу хабарласып: «Маған сіздің көлігіңіз ұнап тұр. Сатып алайын деп едім», – дейді. «Жақсы, келіп көруіңізге болады», – дейді бұл. Бірақ, анау: «Мен барғанша сатып жібермейсіз бе? Мен Ресейде едім. Сізге барам дегенше 2-3 күн өтеді. Сондықтан, сізге 100 мың теңге кепілақы беріп қояйын. Сөйтіп, мен алып кеткенше сатпай ұстап тұрсаңыз», – дейді. Клиенттің табыла кеткеніне қуанған бұл адам да көп ойланбастан оған банк картасының нөмірін береді. Сәл уақыттан кейін қайта телефон шалған сатып алушы: «Мен сізге ақша аудардым. Қазір сізге бір хабарлама келуі тиіс. Сол хабарламадағы сандарды маған айтып жіберсеңіз, сізге ақша түседі», – дейді. Негізі, интернет-банкингті пайдаланатын адамдар біледі, ол жерде түрлі операцияларды орындағанда, банк код жібереді де, астында «Ешкімге бермеңіздер» деп жазып қояды. Бірақ, бұл кісі болса келген кодты айта салып, алаяққа алданып, сан соғып қалды. Өйткені, осы код арқылы әлгі адамның интернет-банкингіне кіріп, оның есеп-шоты бойынша кез келген операцияны жасай беруге болады.
Бұдан бөлек, өткен жылдың қараша айынан бастап Халық банкінің банкоматтарында «Қолма-қол ақшаны картасыз алу» жаңа қызметі қолжетімді болды. Енді төлем картасынан қолма-қол ақшаны алу үшін мобильді телефонның болғаны жеткілікті, мұнда да оған банкоматтан ақша алу үшін банктен код жіберіледі. Бұл қызмет түрі дұрыс қолданған тұтынушылар үшін өте тиімді. Алайда, осы қызмет түрі бойынша да екі-үш айдың ішінде қаншама адамдар алаяқтарға алданды.
Бұл – интернет пайдаланушының жеке мәліметтерін (логин мен пароль) жасырын алу болып табылады. Қаскүнемдер алдымен танымал брендтердің немесе банктердің атынан жаппай электронды хаттар таратады. Негізі, айта кететін нәрсе, электрондық адресіңізге өзіңізге қатысты емес, сіз білмейтін мекенжайлардан келген хаттарды ашпаған жөн, ашқан күннің өзінде ол жерде көрсетілген сілтемелерге кірудің қажеті жоқ. Ондайларды мүмкіндігінше сол келген бойында жойып отыру керек және міндетті түрде вирусқа қарсы бағдарламаларды қолданған жөн.
Мысалы, сізге байланыс операторларының атынан осындай жалған хат келеді. Егер сол хаттың ішінде көрсетілген сілтемені бассаңыз болды, сіздің компьютеріңізге вирус кіріп кетуі мүмкін. Тіпті, вирус кірмесе де, сілтеменің ішінде «Қауіпсіздікті сақтау үшін логин мен пароліңізді қайта енгізіңіз немесе өзгертіңіз» деген сияқты жазу болады. Ол жерге өзіңіздің логиніңіз бен пароліңізді жазсаңыз – осы мәліметтеріңізді қаскүнемдердің қолына ұстаттыңыз деген сөз. Бұл жерде алаяқтар интернетте, әлеуметтік желілерде танымал демеушілердің, қайырымдылық қорларының атынан мұқтаж адамдарға көмек көрсету туралы жарнамалар береді. Өздері сол қорлардың сайтының не аккаунтының тура көшірмесін жасайды. Көп адамдар оның жалған сайт екенін білмей қалуы мүмкін. Тек, реквизит номерлері ғана басқаша болады. Көмек көрсеткісі келген адам қорлардың шын сайтына кірдім деп ойлап, ақшаны алаяқтардың шотына аударып жіберіп жатады. Сондықтан, қорларға қаражат аударамын деген адам алдымен оның иелерімен сөйлесіп, аударылатын есепшот нөмірін тексеріп алып қана көмек қолын созуы тиіс.
Мұндай қылмыс түрін жасаған адамның мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ал егер аса ірі мөлшерде жасаған болса, мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Жоғарыда интернет-дүкендер жайлы айтып өттік. Әрине, интернетте керемет тауарлардың жарнамаланып жатқанын көргенде, қай-қайсымыз да оны сатып алуға құлшынамыз. Мұндай жағдайда, ең біріншіден, сол тауар алатын сайт қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтауға тырысуымыз керек. Оның мекенжайы, телефондары бар ма, соған қараймыз. Егер болып жатса, оған хабарласып, сатушысымен сөйлесуіміз қажет. Осы сайтта бұл тауарды бұрын алған адамдардың пікірлері бар ма, олар не дейді, осыған да назар аударған артық болмайды. Осындай жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуімізге болады. Ал, жалған интернет-дүкендерге алданып қалып жатқандардың көбі «дүкеннің» егжей-тегжейін қарап тексеріп жатпай-ақ, сайтта көрсетілген шотқа ақшаны жібере салады.
Осы жерде тағы айта кететін маңызды нәрсе – әрбір интернетке қосылған компьютерде, планшетте вирусқа қарсы бағдарламалар міндетті түрде болғаны дұрыс. Өйткені, ол сізге қажетсіз, күмәнді, сіздің бағдарламаларыңызға тікелей зиян келтіретін бөтен файлдарды тез анықтап, бәрін өзі-ақ жойып отырады немесе сізден сұрап отырады.
Одан кейін естеріңізге сала кетейік, банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіптен, қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Өйткені, телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді. Осыны ұмытпайық.
БАНККЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕҢІЗ ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ ШЕШІЛМЕЙДІ
362 көрілім
