Үш буынды модель – адам құқығын қорғаудың заманауи үлгісі. Басқаша айтқанда бұл – полиция, прокуратура мен соттың алдына қойылған жаңа талап. Түркістан қаласының прокуратурасы қала полиция басқармасының тергеушілері мен анықтаушыларының өндірісіндегі қылмыстық істерге күнделікті қадағалау жүргізуде, олардың басым көпшілігі электронды форматта жүзеге асырылуда. Жаңа үш буынды модель қолданысқа енген соң прокуратурамен тергеу органдарының әр қадамы жіті бақылауда болып, әр шешімдері жан-жақты бағаланып отырылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында адам құқын қорғауға бірден-бір жауапты – үш буынды модель құруды тапсырды. «Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек», деп оның негізгі бағыт-бағдарын да айқындап берді. Себебі Президент айтқандай, «Қылмыстық істегі қателік адам тағдырын өзгертетінін естен шығармау керек». Бұл – заңдылық пен әділеттілікті толық қамтамасыз етуге басымдық берген мәселенің бірі.
Президент Әкімшілігі басшысының атына жолдаған хатында прокуратура органдарының ардагері С.Ерімбетов енгізіліп жатқан үш буынды модель прокуратураның міндеттері мен функцияларын түбегейлі өзгертетінін, алайда, бұл өзгерістерді пысықтай түсу керек екендігін айтады. Істі тергейтін, тергеу барысын қадағалайтын, іс бойынша негізгі шешімдерді келісетін прокурор әрқашан айыптау үкіміне ие болады. Бұл жерде бізде өткеннен алған сабақ бар. Прокуратурасы істі басқаратын және толыққанды тергеу жүргізетін неміс моделі біздің прокуратураның функцияларына сәйкес келмейді. Себебі, бұл модель сәтті жұмыс істейтін мемлекеттерде прокуратура атқарушы билік жүйесінде, айыптау органы болып табылады және қадағалау функциясынан айырылған.
Біздің прокуратура атқарушы билік жүйесіне кірмейді және елдегі заңдылық режіміне жауап беретін негізгі мемлекеттік орган болып табылады. Сондықтан 90-жылдарда оны тергеу функциясынан босату орынды деп танылды. Мемлекет басшысының саясатын іске асыру тетіктерінің бірі ретінде айқындай отырып, тек құқық қорғау функциясы ғана жүктелді. Конституция оған ел аумағында заңдардың орындалуын жоғары қадағалауды жүзеге асыру функциясын берді. Сондықтан прокуратураға кең тергеу функциясын беру оның іс-әрекеттеріне айыптауды кері қайтару дегенді білдіреді.