Құқықтық түсіндіру жұмысы құқықтық мәдениет деңгейін арттырады

533 көрілім

Түркістан қалалық полиция басқармасына түрлі ұрлық оқиғаларымен шағымданушылардың саны аз емес. Осыған байланысты қала полицейлері түрлі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, құқықтық сауатты арттыруды, ұрылардан сақтанып жүруге шақырады. Сондай-ақ, өз кезегінде Түркістан қаласының полицейлері жеке мүлікке мұқият болып, сақтық шараларын қолдану қажеттілігін ескертеді. Мүліктің кез-келген түріне қырағылықпен, асқан жауапкершілікпен қарағанда ғана мұндай жағдайларды азайтуға болады. Сонымен қатар, өзгенің меншігіне көз тігіп, ұрлық тәуекелдеріне бармауға шақырады.

Түркістанда полицейлер дәріханадан ұялы телефон ұрлаған күдіктіні анықтаған болатын. Түркістан қалалық Полиция Басқармасының мәліметінше, полицияға жергілікті тұрғынның тарапынан арыз түскен. Онда жәбірленуші бойжеткен өзінің жұмыс істейтін дәріханасында тұрған «Айфон 13» маркалы ұялы телефонын белгісіз азамат ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 450 000 теңгені құрады. Тәртіп сақшылары аталған жайтты  саралай келе Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекстің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді. Хабар алысымен қырағы полицейлер тобы жедел әрекет етіп,  ұрлық  болған дәріханаға бағыт алды. Дәріхана иесі, жәбірленуші бойжеткен, басқа да көрген-білгендерден сұрастырып, бейнебақылау камераларын мұқият тексерді. Нәтижесінде тәулік ішінде күдіктіні тұрғылықты мекенжайы арқылы анықтады. Ол жергілікті тұрғын, ер азамат   болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Белгілі болғандай, күдікті дәрі алу мақсатында дәріханаға кірген. Содан соң қараусыз  тұрған ұялы телефонға көзі түсіп, оңай жолмен ақша табуды көздеген. Осылайша жанында адамдардың жоқтығын пайдаланып, білдіртпестен телефонды алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Қазір күдіктіден қолды болған ұялы телефон айғақты зат ретінде алынып, меншік заңды иесіне қайтарылды.

Қалта ұрылары жұмыстарын әдетте халық көп шоғырланған жерлерде жасайды екен. Бұл «кәсіп иелерінің» қол­дарының ерекшелігі болады. Олар адамның қалтасына, сөмкесіне қолдарын салғанда тіпті сездірмейді де. Сан соғып қалған адамдар бәрін кейін біледі. Біреудің ақшасы, біреудің құжаты… Тіпті, орталық «Көк базарда» жол жүру билетін алдыртып, үйіне қайта алмай тұрған зейнет жастағы қарт ананы да көрді көзіміз. Қалта ұрылары асарын асап, жасарын жасап жүре бере ме? Әсіресе қалаларда соңғы кездері қалта ұрылары қаптап кетті. Оларға неге тоқтау жоқ? Заң орындары еш әрекет етпей ме сонда? Ал адамдар базарда бақырып, аялдамада ақырып, автобустарда айқайлап шарасыз күйінде қалады. Қалта ұрыларын құтыртатын да өзіміз. Біреудің қалтасына қолын салып тұрып, көріп тұрған екінші адамды көз алмастан әбжыландай арбағанда, көріп тұрғанның тілі байланып, тас емендей қатып қалады. Өз басының амандығын ойлайды абдыраған адамдар.

Негізінде үй тонауды, мал ұрлауды бұрыннан білетінбіз, еститінбіз. Ал қарап жүрмей, осындай істі өздеріне «кәсіп» етіп алғандар да бар қоғамымызда. Жоғалған ақша да, құжат та, ұялы телефон да, ұсақ-түйектің бәрі де солардың олжасы. Ақша, телефон, ұсақ заттарды былай қойғанда, жоғалған құжаттарды қайта жасатудың өзі адамды қаншама әуреге салары анық.

Қазіргі кезде ұрлық үшін кей мемлекеттерде қол кесетін заң бар. Сондай мемлекеттерге қарайтын болсақ, ұрлық жоқ деп айтуға болады. Егер адамның жүрегінде иман, қорқыныш болмаса, онда оған қанша айтқанымен ол бәрібір ұрлық жасай береді. Адамды ұрлықтан да, кез-келген жаман әдеттерден тыятын да, қоғамды дамытатын да – ол рухани байлық. Біздегі ұрлықтың, зәбір көрсетудің, қылмыстың белең алуының бірден-бір себебі заңымыздың жеңіл қарайтындығы. «Ұрлық жасаушыларға жеңіл қарай саламыз. Белгілі бір айыппұл салып, белгілі бір мерзімге ғана абақтыға қамаймыз. Сонымен ғана шектеліп жатады. Қаладағы қоғамдық көліктерде, қоғамдық орындарда жайлауға келген малды күткен қасқырлар секілді қалта ұрылар да қаптап кетеді. Оны көріп, біліп, естіп жүрсек те, затымызды жымқырып кетіп жатады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы