Бұл жөнінде Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен болған кездесуде мәлім болды. Қазіргі таңда Түркістан қаласы әкімідігі және қалалық полиция басқармасы, қоғамдық бірлестік өкілдері қала аумағында түрлі кездесулер өткізіп жүр. Басқосу барысында тақырыбымызға арқау болған алаяқтық ісі туралы орын алған оқиғалар және оның алдын алу шаралары туралы сөз болады.
Елімізде жеке мүлікке қарсы құқық бұзушылықтардың арасындағы алаяқтық қылмыстар саны артып отырғаны жасырын емес. Алаяқтық – алдау немесе сенімге кіру арқылы бөтеннің мүлкіне қол сұғу, иә болмаса бөтен мүліктің құқығына ие болу арқылы іске асатын қылмыс. Алаяқтық қылмыстар үшін 2015 жылдан қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде аталған құқық бұзушылық жауапкершілігі 190 бапта көзделген. Алаяқтық үшін тағайындалатын ең жоғарғы жаза — белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Алаяқтар адамдардың жеңіл пайда табу, бір нәрсеге оңай әрі тез қол жеткізу сияқты әдеттерін ескеріп, өз ісіне оңтайлап алады. Олардың негізінен әртістік дарыны бар, өтірікті шындай етіп жеткізетін айлакерлігі басым. Әдетте олар таза әрі әдемі киінеді, асықпай сөйлеп, әзіл-қалжың айтады, адамның көзіне тура қарап, барынша сенім тудыруға барын салады. Алдау-арбау жолында жүрген жұбайлық жұптар да кездеседі.
Алаяқтарға ісіңіз түссе, олар сізге ойлануға уақыт қалдырмайды. «Тез шеш», «бүгін-ертең ақша бермесең, ісің бітпейді», деп, асықтырып, жылдам шешім қабылдатады. Әрине, асыққан адам ағаттыққа барады. Содан соң, жапа шеккендер «не болғанын түсінбей қалдым», «ол сондай сенімді сөйлеп, нандырды», – дегенді жиі айтады.
Алаяқтық қылмыстар туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қанша айтылып, жазылып жүрсе де, қарапайым адамдар арасында түрлі алдауға сеніп, арбауға түскендер көп. Тек уақыт өткен соң ғана олар бармақтарын тістеп, өкініп жатады. Алаяқтықтың алдын алу, оларға заң жүзінде жаза тағайындау жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ, айласын асырғандар өз қылмыстарын жасыра да біледі. Ал, сот тек қылмысы дәлелденгендерді заң аясында жазаға тартады. Сол үшін алаяқтардан абай болыңыздар!
АЛДАУ-АРБАУ ЖОЛЫНДА ЖҮРГЕН ЖҰБАЙЛЫҚ ЖҰПТАР ДА КЕЗДЕСЕДІ
393 көрілім