Жаңа Қазақстанның қарыштап дамуы – бүгінгі ұлағаты мол ұстаздардың біліктілігі мен қарым-қабілетінің жоғары деңгейде екендігіне тікелей байланысты. Осы ретте жуырда өңірдегі ұстаздардың тарихи танымдығын, педагогикалық–психологиялық сауаттылығын, шығармашылық талантын анықтау мақсатында облыс ұстаздары арасында “Өнерлі ұстаз – 2022” байқауы өтті.
Аталған байқауға «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығы» мұрындық болды. Онда мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаттары, мектеп-интернат, арнайы мектеп-интернаттары, балалар үйлері ұстаздары, облыстағы жалпы білім беру ұйымдарындағы ұстаздар бақ сынады. Осынау дүбірлі додаға біздің “Ақжайық” музыка мектебінің дәстүрлі ән сыныбының мұғалімі Мира Омарова қатысып, Бас жүлдені қанжығасына байлады.
Түркістан облысына қарасты қосымша білім беру орталықтарының мамандары сынға түскен бәсеке үш кезеңді қамтыды. Кілең “Сен тұр, мен атайын…” деп сақадай-сай дайындықта келген байқау үміткерлері өздерін әр кезеңде жан-жақты қырларынан көрсете білді. Әсіресе, біздің әріптесіміз Мира Омарова бірінші кезеңде-ақ қазылар алқасының қырағы көзіне көркем таныстырумен ілініп, ерекше әсер қалдырды. Өзінің төл шәкірттерімен сахнаға шығып, мазмұнды түрде өзін өзгелерге таныстыра білді.
Ал, екінші кезеңнің шарты бойынша “Мен қазіргі заман педагогымын” тақырыбында бейнеролигін ұсынулары тиіс болды. Бұл сында үш минутқа жуық бейнеүзіндіні көгілдір экран арқылы көрсетті. Мираның мұғалімдік қыры мен дәстүрлі ән өнерінің сыры қамтылған дүниеде бүгінгі заман талабына сай оқушыларға беріп жатқан білімі мен үйретіп жүрген дәрістерін егжей-тегжейлі баяндай білді. Бұл кезеңде де көрермендер Мираның жаңа қырын байқап, қошеметтерін жаудырды.
Жанкүйерлер мен қазылар алқасы асыға күткен соңғы кезең өз өнерін көрсету болды. Бұл сында қарсыластар да осал еместігін танытты. Дегенмен, “Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” демекші, Мира әріпстесіміз арнайы “Ақжайық” музыка мектебінің ұстаздарынан жасақталған ансамблдің сүйемелдеуімен Халық әні “Ахау, керімді” нақышына келтіре орындап, дүйім жұртты өзінің қоңыр даусымен таң қалдырып, құлақ құрышын қандырды. Осы кезеңдегі ұлттық нақыштағы киім үлгісі Мираның сахна мәдениетін сақтауына сеп болса, жетіген, домбыра, баян, қобыз аспаптарының сазды үндері “Ақжайық” аспанын ән мен күйге бөледі.
Үш кезеңнен де сүрінбей өтіп, 32 үміткердің арасынан суырылып алға шыққан Мира қазылар алқасы құрамының шешімі бойынша үздік өнер көрсетіп, бәсі жоғары бәсекеде биіктен көрініп, Бас жүлдеге ие болды.
Тәрбие жүйесінде ұстаздардың жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына ерекше көңіл бөлу және жаңартылған білімдегі тәжірибесімен өзара бөлісу. Бұл осы байқаудың тағы бір діттеген мақсаты еді. Ал байқау үміткерлеріне жүктелген межелі міндетті үлкен жауапкершілікпен алып шыққан әріптесіміз мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік атанып, Қосымша білім беру орталығының директоры Бақытжан Ешенқұловтың арнайы Дипломы және Алғыс хатымен марапатталып, қаржылай сияпатқа ие болды.
Жалпы, халқымыздың мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерлері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі күнге дейін жеткен «ән қазынасы» қашаннан дәстүрлі өнердің қаймағы іспетті. Осы ретте Мира бүгінгі буынға дәстүрлі әннің нағыз дәмін сезіндіріп, оның ғасырлар бойы әсем әуезбен әрдайым әспеттелетінін әуелей шырқап үйретуден жалыққан емес. Оны мектепке келетін әрбір оқушының ынта қойып, әнді орындағанынан, ұстаздың беріле үйреткенінен көз көріп жүр. Яғни ұрпақтар сабақтастығына көпір болып жүрген әріптесімізді жүлдесімен құттықтап, “Жеңістің жалауын желбірете түс!” дегіміз келеді.
“Ақжайық” музыка мектебінің ұжымы

