Түркістан қаласының полиция басқармасының ұйымдастыруымен “Конгресс Холл” кешенінде «Түркістан – рухани қауіпсіз қала» тақырыбында форум өтті. Аталған форум Түркістан облысы Полиция департаментінің бастамасымен, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Түркістан қалалық Полиция басқармасының басшысы Бауыржан Жанаевтың мәлімдеуінше, Түркістан қаласында құқықтық саясаттың іске асырылу барысын,бейінді ведомстволардың құқықтық қамтамасыз ету, халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру мақсатында қалада «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде қылмыстар саны төмендеген. Мәселен, «Керуен сарай» сауда әрі ойын-сауық кешенінің басшылығымен және «Бірлік» мөлтек ауданындағы кафе иелерімен кездесіп, қауіпсіздікті сақтау бойынша бірлесе жұмыс істеуге келісімге келген. Сервистік полиция моделін қалыптастыру мақсатында «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз жол» іс-шараларын тұрақты түрде өткізіп, рейдтер ұйымдастырылған. Бұл жұмыстар өз жемісін беруде.
– Түркістан шаһарында тұрғындармен ашық әрі тығыз байланыс орнату, «сервистік полиция» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Түркістан облыстық полиция департаменті басшылығының тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау жұмыстары күшейтіле түсті. Қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрақтылықты ту ету басты орынға шықты. Шаһарда «Азаматтарға арналған қабылдау» фронт-кеңсесі жұмыс істеп тұр. Жаңа орталықтың ашылуы арқылы полиция қызметкерлері халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейді. Кеңес беріп, жаңа форматта жұмыс істеуде. Соның бірі – арыз, шағымдарды бейнежазу арқылы қабылдау. Арнайы техникамен жарақталған бөлме бар, сол жерде шағымданушының сөзін, айғақ заттарын таспаға басып алуға болады. Бұл өз кезегінде іс қағаздарының бұрмаланбауына әсер ететін бірден-бір фактор, – деп атап өтті қаланың бас полицейі.
Аталмыш форумға спортшы, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров, медиаэксперт, журналист Өркен Кенжебек, сарапшы, журналист Нұрділда Ораз, кәсіпкер, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Олжас Сүлейменов, әнші, спортшы Ескендір Ибрагим арнайы спикер ретінде келді. Сахна төріне шыққан спикерлер рухани астана атанып келе жатқан облыс орталығын қауіпсіз қала ету төңірегінде өздерінің пікірлерін жеткізіп, көрермендермен пікір алмасты. Форум соңында Түркістан қалалық Полиция басқармасының басшысы тұрғындарды қоғам тыныштығын бірлесе қамтамасыз етуге шақырды. – Түркістан – руханият орталығы әрі қауіпсіз қала. Біз осы ұстанымды жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Бұл ретте, киелі шаһардың тәртіп сақшылары өздеріне жүктелген міндеттер мен Президент, министрлік тапсырмаларын бұлжытпай орындауға күш салып келеді. Біз үшін басты құндылық – адам мен оның құқығы. Барша әріптестерімізді, Түркістан тұрғындарын бізбен бірлесе жұмыс істеп, қоғам тыныштығын қамтамасыз етуге шақырамын. Қоғам мен мемлекеттік мекемелер өзара үйлесімді байланыс орнатса ғана мемлекетіміз дамиды! – деді қорытынды сөзінде Б. Жанаев. Айта кетсек, бүгінде Түркістан қаласының Полиция басқармасында 500-ден аса қызметкер еңбек етуде, оның ішінде 103 учаскелік полиция және 214 патрульдік инспекторлары қоғам тыныштығына үлес қосуда.
Форумға Астана, Алматы қаласынан арнайы шақырылған спикерлер, мемлекеттік органдардың басшылары, депутаттар, мұғалімдер мен спорт мектептерінің жаттықтырушылары, мыңға жуық жасөспірімдер қатысты.
Форумды ашқан Түркістан қаласының полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаев қаладағы қоғамдық тәртіптің жай-күйі және полиция жұмысы туралы баяндама жасады.
Форумға спикер ретінде шақырылған ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров, медиаэксперт, журналист Өркен Кенжебек, сарапшы, журналист Нұрділда Ораз, кәсіпкер, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Олжас Сүлейменов, әнші, спортшы Ескендір Ибрагим арнайы түрік әлемінің рухани-мәдени орталығы атанған Түркістанды еліміздегі ең қауіпсіз қала ету төңірегінде өздерінің пікірлерін жеткізді, жасөспірімдерді білімге құштар болуға, спортпен шұғылдануға, руханият орталығының мәртебесіне лайықты, өзгелерге өнегелі жастар болуға шақырды.
Біз үшін басты құндылық – адам мен оның құқығы. Қазақстан өлім жазасына заң жүзінде тыйым салған 150 елдің қатарына қосылды. Енді еліміздегі ең қатал жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру болып қалды. Яғни Қылмыстық кодекстегі ең ауыр жаза – 47-бап – «Өлім жазасы» толығымен алынып тасталды. Осылайша, еліміз өлім жазасын толығымен жоюға бағытталған халықаралық қозғалысты қолдайтынын заң жүзінде дәлелдеді. Шынтуайтына келгенде, бұл Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың тең мүшесі ретінде, құқықтық жүйемізді қалыптастыру мен ізгілендіру кезеңіндегі өте өзекті және маңызды қадамы болып саналады. Бұл бағытта Елбасы 2003 жылдың 17 желтоқсанында қол қойған өлім жазасына мерзімсіз мораторий енгізу туралы Жарлықтың да алар орны ерекше. 2019 жылы 7 қарашада Женевада өткен БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесінде Қазақстан билігінің адам құқығы ахуалына байланысты есебі тыңдалды. Қазақстандық делегацияны бастап барған Әділет министрі Марат Бекетаев еліміздің халықаралық қоғамдастық алдында алған міндеттемелерін орындауға қатысты баяндама жасаған. Қазақстан есебін тыңдаған кейбір мемлекет сайлау заңнамасын жетілдіруге, азаптау фактілерін толық зерттеуге, бейбіт жиналу құқығын шектемеуге қатысты бірнеше ұсыныс-кеңестерін білдірген еді. Осы кеңестердің ең басында өлім жазасынан бас тарту тұрды. Халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстанды өлім жазасынан мүлде бас тартуға бұдан бұрын да шақырып келген болатын. Осыдан кейін 2019 жылдың желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші Факультативтік хаттамасына қосылу рәсімін бастауды тапсырды. Ал 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қылмыстық заңның нормаларын Хаттамамен үйлестіруді жүктеді. Екі айдан соң Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында ел Президенті Қазақстанда өлім жазасы толығымен жойылуға тиіс екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы 2021 жылдың 29 желтоқсанында қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды қабылдаудағы басты мақсат та осы – өлім жазасын жоюды көздейтін қабылданған халықаралық құқықтық міндеттемелерге сәйкес ұлттық заңнаманы үйлестіру. Ал мұндай халықаралық құжат – Қазақстан 2021 жылғы 2 қаңтарда ратификациялаған, өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге тіркелген Екінші Факультативтік Хаттама. Бұл – өлім жазасын жоюға бағытталған маңызды актілердің бірі. Бір ескерте кететін жайт, халықаралық хаттама өлім жазасын жою үшін қажетті шаралар қабылдауға міндеттейді, бірақ ескерту жасалған жағдайда қолдануға мүмкіндік береді. Қазақстан осыны пайдаланып, ратификациялау кезінде тиісті ескерту арқылы қабылдады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өлім жазасы 26 аса ауыр қылмыс үшін тағайындалатын. Бұл жаза 1997 жылғы Қылмыстық кодекстің 18 бабында ғана қалды. Ал 2014 жылы Қылмыстық кодекстің 17 бабында сақталған. Барлық санкцияға балама ретінде өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген. Алайда қоғамда өлім жазасын жақтайтындар да, қолдамайтындар да бар. Басқа-басқа сәбилердің көз жасына қалған педофильдерге қатысты сөз болғанда жұрттың пікірі екіге жарылады. «Азғындарға жаза біреу ғана болу керек. Ол – өлім жазасы. Әділдіктің ережесі осы ғана» дегенді әлеуметтік желіден талай рет оқып жүрміз. Тіпті демократиялық елдің төресі саналатын АҚШ-тың 28 штатында өлім жазасы әлі күнге дейін бар. Әлемде дамыған ел тізіміне енсе де осынау қатал жазадан түбегейлі бас тартпаған мемлекеттердің қатарында Сингапур мен Жапонияны кезіктіруге болады. Әрине, заңға әділетті, әділетсіз деген анықтама бере алмаймыз. Себебі заң – норма, қалып. Алайда заңды ізгілендіреміз деп ұлттық құқығымызды жоғалтып алмаймыз ба? Құқықтық қоғам құру жолында өлім жазасынан бас тарту нені білдіреді? Өлім жазасын жоюды көздейтін заңға байланысты көптің көкейінде жүрген осы сұрақтарды бірнеше сарапшы маманға қойып көрген едік.
Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуын ізгілікке жасалған нақты қадам әрі заңды құбылыс деп қабылдауымыз қажет», дейді «Адам құқығына арналған хартия» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова. «Өздеріңізге белгілі, бұдан бұрын еліміз өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге тіркелген Екінші Факультативтік хаттамаға қол қойған болатын. Осыған орай тиісті құжаттың қабылдануы – заңдылық. Қылмыстық кодексте 17 қылмыс құрамы бойынша қолданылатын өлім жазасына балама ретінде өмірлік бас бостандығынан айыру жазасын қолдану ұсынылған. Қазақстан 2003 жылдың желтоқсан айында өлім жазасы туралы үкімдерді орындауға мораторий жариялағаннан бері бұл жаза түрі елімізде мүлде қолданылған емес. Жалпы, тарихқа көз салсаңыздар, қазақ халқында өлім жазасы болмаған. Қазақтың байырғы ғұрыптық заңы «Жеті жарғыда» мемлекет ішіндегі бүлікшілер мен сатқындар ғана өлім жазасына кесілген. Ал өлген адам үшін жазалаудың ең көп қолданған түрі – құн төлеу», дейді ол. Қоғамда «Өлім жазасына кесілген адамды өмір бойы түзеу мекемесінде ұстау мемлекетке артық шығын емес пе?» деген де пікірлер айтылып жататыны белгілі. Осы сауалды Ж.Тұрмағамбетоваға қойған кезде ол: «Адам өмірін ешқандай да материалдық құндылықпен есептеуге болмайды. Себебі өмірдің өзі құнсыз, ол – адамның ең қымбат дүниесі. Шыны керек, өлім жазасына қатысты қазіргі қоғамның көзқарасы мен ой-пікірлерін естігенде кейде өзім де таңғаламын. Қит етсе, «ату керек», «өлтіру керек» деп жабыла кетеді. Бұл дұрыс емес! Халқымыздың әдет-ғұрпы мен дәстүрін негізге алған заңдар жүйесінде де адамның басты құндылығы – өміріне үлкен құрметпен қараған. Сондықтан дала заңының осы әділ шешімдерін де естен шығармағанымыз жөн», деді. Өлім жазасы – адамгершілікке жат. Ал Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова: «Өлім жазасын алып тастау – Қазақстанның қылмыстық саясатты ізгілендіруге бағытталған маңызды қадамы. Халықаралық құжаттарда өлім жазасы жазаның өте қатал, адамгершілікке жатпайтын ең жат түрі деп танылады. Бұл ретте өлім жазасын тағайындау кезінде сот қателерін жасау тәуекелдері бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Сондай-ақ жоғары жазаны сақтау қылмыстың төмендеуіне әсер етпейтінін дәлелдейтін деректер бар. Өлім жазасын сақтау немесе жою мәселесі әрқашан қоғамда қарама-қайшы пікірлер тудыратыны да баршаға белгілі. Өйткені көп адам өлім жазасын аса ауыр қылмыстарға ең қолайлы жауап деп санайды. Сонымен қатар адамды мемлекет атынан өмірден айыру адам құқықтарын қорғау мәселесі тұрғысынан тиімді болып табылмайды», дейді Э.Әзімова. Омбудсмен өз ойын одан әрі былай өрбітті: «Жеті жарғыда» өлім жазасы неғұрлым ауыр қылмыстар үшін жаза ретінде қолданылған. Бірақ бұл жаза сирек іске асырылатын. Билер өлім жазасын қолданудың әрбір жағдайы жаңа қылмысқа, барымтаға, өзін-өзі айыптауға және басқа да ерікті әрекеттерге себеп болуы мүмкін деген нақты түсінікке ие болды, сондықтан татуластыру рәсімдерін және өмірден айырумен байланысты емес басқа да жазалау шараларын қолдануға басымдық берілді», дейді ол.
