1 қазан – қарттар күні. Осыған орай Түркістан қаласында қазыналы қарттарға арналған жаңа орталық ашылды. «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-нің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ғимаратының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімінің орынбасары Ұ.Тәжібаев, облыстық ардагерерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов және Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков қатысып, зейнеткерлерді мерекесімен құттықтады.

Айтулы жиын барысында қонақтар орталықты аралап, ондағы үйірмелер және қызмет көрсету орындарымен танысты. Айта кетейік, аталған орталық қарттар мен зейнет жасындағы азаматтардың денсаулықтарын жақсарту және әлеуметтік-медициналық қызмет көрсетуді көздейді.



Мұндағы дәрігерлік бақылау бөлмесі, психолог кеңесі, сенсорлық бөлме, массаж, сауықтыру-гимнастика, ЛФК кабинеті, фитотерапия, акт залы, кітапхана, бильярд және теннис ойын алаңдары, ән-би үйірмелерінің негізгі мақсаты – қариялардың өз-өзіне қызмет етуіне қолайлы жағдай жасау.

Қазіргі таңда шаһарда 14915 зейнеткер бар. Ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелердің қоғаммен белсенді араласуына септігін тигізетін орталық күніне 60-70 зейнеткерді, айына 150-200 зейнеткерді қабылдайды деп жоспарлануда. Өмірін өнеге мен тағылымға толтырған қаламыздағы барша ата-әжелерді қарттар күні қарсаңында жеткен қуанышпен құттықтаймыз!
Дәурен ТІЛЕУХАН.
