ІІМ-НІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА БОЛДЫ

309 көрілім

Облыс орталығына келген құрметті қонақты Түркістан облысы Полиция Департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов қарсы алды. Ержан Саденов қызметтік сапарын департаменттегі арнайы мақсаттағы қызметтік көліктерді тексеріп, олардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін бақылаудан бастады. Одан кейін Жедел басқару орталығының қызметімен танысты. Сондай-ақ жаңадан іске қосылған «Қорғау» бағдарламасының жұмысын қадағалады. Мұнда ЖБО-ның бастығы полиция подполковнигі С.Бахтығалиев: «Түркістан облысында 1400-ден астам бейнебақылау камерасы бар, оның 1126-сы Жедел басқару орталығына қосылған. Жыл басынан бері осы камералардың көмегімен 63 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 115 қылмыс ізі суымай ашылды. Ал «Қорғау» бағдарламасымен қарқынды жұмыс жасалуда деп айта аламыз. Мәселен айыптұраққа 1100-ден аса көлік қойылды. Жалған мемлекеттік нөмір таққан 21 көлік анықталды. Темір тұлпар тізгендеуге құқығы жоқ бола тұра, басқарған 104 дерек тіркелді. Жалпы қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындар тыныштығын сақтау, жол-көлік оқиғаларын азайтуда бейнекамералар өз септігін тигізуде. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстағы 951 мектепке 11 мыңнан астам камера арнатылды. Оның 5 мыңнан астамы ЖБО-ға қосылған. Одан бөлек мектептерге 515 дабыл батырмасы қойылды», -деп қаладағы тәртіп сақшыларының жұмысын және оған мемлекет тарапынан жасалған жағдайлар жөнінде атап өтті.

Одан соң полиция генерал-майоры Е.Саденов департаменттің мәжіліс залында жеке құраммен кездесу өткізді. Мұнда ІІМ-нің орынбасары, Мемлекет басшысының 1-қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы кеңінен айтылды. Ондағы Ішкі істер министрлігіне қатысты айтылған тапсырмалар мен ұсыныстарды дер кезінде орындау керектігін жеткізіп:

«Жолдаудағы бесінші бағдар «Заң және тәртіп», бұл — тікелей қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қылмыстың алдын алуға бағытталған. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы:

«Келесі мәселе – құқық қорғау органдарын реформалау туралы.  Бұл сала әрдайым қоғамның жіті назарында.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы тәртіп сақшылары үшін нағыз сынақ болды. Ол кезде арандатушылардың кесірінен шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оның ақыры мемлекетке қарсы бүлік шығаруға әкеп соқтырды. Жұртты арандатушылардың көбі шартты немесе жеңіл жазамен құтылып кетті. Шын мәнінде, олардың кінәсі әлдеқайда ауыр. Өйткені, жағдайды қасақана ушықтырды. Соның салдарынан іс насырға шауып, қайғылы оқиғалар болды.  

Маған құқық қорғаушылар, адвокаттар қауымдастығының өкілдері бірнеше рет өтініш жолдады. Олар елді жаппай тәртіпсіздікке үндеген адамдарды қатаң жазалау қажет екенін айтты. Бұл – орынды ұсыныс. Сондықтан өкілетті органдарға осы мәселені қарастырып, нақты шара қабылдауды тапсырамын.

Біз кез-келген ашық арандатушылыққа және заңсыз іс-әрекетке қатаң тосқауыл қоюымыз керек. Ел ішіне іріткі салған және заң бұзуға шақырған адамдар қатаң жазадан құтылып кетпейді.

 «Саяси плюрализмге ашықпыз, экстремизмнен, қарақшылық пен бұзақылықтан қашықпыз» деген ортақ қағиданы бүкіл қоғамның есіне салғым келеді. Қасақана арандату басталған жерде, сөз бостандығы мен пікір алуандығы туралы әңгіме қозғаудың өзі артық.  Бұл – қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, мемлекеттің тұғырын шайқауға әрекеттену деген сөз. 

Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр.

Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым.

Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтыны түсінікті. Сондай-ақ, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды.   

Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз.

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың жағдайы төмен отбасыларына материалдық көмек беріледі. «Қазақстан халқына» қоры да осы игі іске лайықты үлес қоса береді деп ойлаймын.

Біз қаңтар оқиғасынан сабақ алып, қоғамдық қауіпсіздікті едәуір күшейту қажеттігін түсіндік. Соңғы кезде адам өлтіру, қарақшылық жасау сияқты ауыр қылмыстар көбейіп барады. Аса қатыгездікпен жасалатын мұндай әрекеттер бүкіл қоғамға қатер төндіреді. Жазаны қатайту, мұндай қылмыс жасағандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды доғару арқылы осы қауіпті үрдістің тамырына балта шабу керек. 

Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. 

Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек.

Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде.  Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі  10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып  жатыр.  Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел.

Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан, Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет. 

Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет.  Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн.

Бюджет қаржысын және жалпыұлттық байлықты талан-таражға салатын жемқорлық әрекеттер мен оның астыртын жолдарын ұйымдастырушыларды іздеуге, түпкі амал-тәсілдерін анықтауға барынша күш салу өте маңызды.  

Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді мұқият саралап, ондағы қолданылмайтын немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін артық-ауыс нәрсенің бәрінен арылу қажет. Тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін оларды қайта-қайта өзгерте бермеу қажет. 2015 жылдан бері Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге 1200-ден астам өзгеріс енгізілген.

Уақытша жағдайларға байланысты немесе аясы тар корпоративті мүдделерге бола заңдарды өзгертуге жол берілмеуге тиіс. Сондықтан, қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы түзету құзыретін Әділет министрлігіне беру қажет. Ол үшін мекеменің кадрлық әлеуетін нығайтып, заң шығару қызметінің сапасын арттыру керек»,-деп атап өтті. Бұл өз кезегінде бізге үлкен міндет жүктейді.

Елімізде алаяқтық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, заңсыз есірткі айналымы, басқа да қылмыстарды болдырмау, алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстарды одан әрі жандандыру қажет. Әсіресе профилактикалық іс-шараларды көбейтіп, құқық бұзушыларды қатаң бақылауға алыңыздар. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыруды да күн тәртібінен түсірмеңіздер! Ашық, қолжетімді полиция қағидатын іске асырып, «Жаңа қазақстанды» құруда бірлесіп қызмет етейік!»-деп атап өтті.

Бұл бойынша Түркістан облысы Полиция Департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, жедел шаралар уақтылы іске асып, Президент Жолдауында айтылған тапсырмалар нәтижелі атқарылатынын жеткізді.

Өз кезегінде жеке құрам Жолдауға қолдау білдіріп, қарқынды қызмет етуге уәде етті.

Кездесуден кейін іс-сапар, облыс орталығындағы маңызды нысандарды аралаумен жалғасын тапты. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрінің орынбасары Ержан Саденов, Полиция департаментінің жаңа ғимаратының құрылысымен танысты. Полицейлердің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы