ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауындағы тапсырмаларды, қоғамдық қауіпсіздіктің сервистік моделіне көшуі, жедел және дамыған әдістерді қолдануы, цифрлық технологияны меңгеруі бойынша ауқымды істер атқарылуда.
Осыған орай Ұлы Дала музейінің конференция залында пилоттық режимге енгізілген Түркістан қаласында қоғамдық қауіпсіздіктің сервистік моделінің енуіне арналған жиналыс ұйымдастырылды. Іс-шараға Түркістан облысы Қоғамдық кеңестің мүшесі Зуппархан Чалданов, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы, Түркістан қалалық Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Шалбай Мақсұтұлы, қалалық прокуратураның бөлім басшысы Мақсат Кенжеханұлы қатысты.
Кездесудің күн тәртібінде бірнеше мәселелер қаралып, баяндамалар жасалды. Біріншіден, Түркістан қаласы әкімдігінің қоғамдық қауіпсіздіктің сервистік моделін енгізу мақсатында атқарылған жұмыстар туралы мәселе қаралды. Екіншіден, Түркістан ҚПБ-ның осы жаңа бағдарлама бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар талқыланды. Үшіншіден, Түркістан қаласы бойынша 2019, 2020, 2021 жылдарда орын алған қылмыстарды саралау бойынша құрылған ведомствоаралық топ мүшелерінің қорытындысы тыңдалды.
Жиналғандар Түркістан өңірінде қоғамдық қауіпсіздіктің сервистік моделіне көшу жұмыстарын сапалы іске асыруды саралады.
Тарқатып айтсақ, бұл жөнінде Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Ш.Мақсұтұлы арнайы баяндап өтті.
«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделіне көшу азаматтық қоғамның қажеттілігіне бағдарланған полицияны реформалаудың маңызды кезеңі саналады.
Сервистік модельдің басымдығы – заңға мойынсұнатын азаматтардың мүддесі. Шетелдік тәжірибе сервистік модельдің барлық елге бірдей әмбебап еместігін көрсетіп отыр және ол нақты жергілікті жағдайға бейімделеді. Дәстүрлі және сервистік модельдің негізгі айырмашылықтарына қысқаша тоқталып өтейін. Полицияның дәстүрлі қызметінде негізгі мақсат қылмыспен күреске шоғарыланған. Осы осыған байланысты жұмыс мәнері негізінен құқық бұзушылыққа шұғыл әрекет ету болады. Соған орай басты нысанда қылмыс пен құқық бұзушы саналады. Ал көрсеткіші – айыппұл, тұтқынға алу, айыптау түріндегі жазалау іс-шараларының саны.
Ал сервистік модельде полицияның жұмысын бағалау өзгеше – құқық бұзушылықтың алдын алу, көмек көрсетуге дайын болу және халықпен сенімге негізделген қатынас орнату. Полицияның сервистік моделіндегі басымдыққа ие міндет – қауіпсіздік сезімін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу. Азамат пен қоғамдастық – басты ошақ, ал қауіпсіздікті сезіну, полицияға сенім арту, қоғамдастық өмірінің сапасы тиімділік көрсеткіші саналады.
Жалпы, сервистік модельге көшу үшін құқықтық та, ұйымдастырушылық та негіз бар. Кодекстер, оның ішінде «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы», «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысу туралы» сынды салалық заңдар қабылданды. Тиісті мемлекеттік және қоғамдық институттар жұмыс істейді.
Орталық, өңірлік және аудандық деңгейде құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиялар құрылды. Президент реформасында көтеріп, тиісті жұмыс бастауға тапсырма беруіне орай жергілікті полиция қызметінде бөлімшелер құрылған.
Бұл процестегі ең маңыздысы – қызметкерлеріміздің қызметтегі идеологиясы мен мәдениетінің өзгеруі. Қызметкерлеріміз құқық бұзушылықты және оған қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағдарланған. Сервистік полицейлер болса, көмек көрсетуге және сенімге негізделген қатынас орнатуға дайын. Яғни, басқарудың барлық дегейінде терең өзгерістер қажет-ақ.
«Сервис» сөзін ағылшын тілінен аударсақ «қызмет» деген мағынаны береді. Демек, күнделікті өмірде түрлі салада халыққа қызмет көрсету деген сөз. Осы ретте сервистік екі түрі жайында сөз қозғауға болады.
Дербес сервис – бұл полицияның полицейлік қызметтерді сапалы ұсыну негізінде арызданушымен, зардап шегушілермен және құқық бұзушылармен жұмысы.
Ал ұжымдық сервис – бұл полицияның жергілікті билік органдармен қоғамдастықпен серіктесе отырып, қауіптерді анықтау және проблемаларды шешу.
Полицияға сервис көрсету қызметін жүктеген жағдайда, ол қоғаммен барынша белсенді түрде ықпалдасып, халыққа жақындай түседі әрі заң нормаларының сақталуына жауаптылық жүктейтін құқық қорғаушы мәртебесіне әлеуметтік қызмет мәртебесін қосып алатын болады.
Сервистік полицияның кешенді моделін құрудағы мақсат – барлық мемлекеттік құрылымдар мен қоғамның тиімді өзара іс-қимылы арқылы, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, халыққа дер уақытында көмек көрсету арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Нәтижесінде халықтың қауіпсіздігі жан-жақты қамтамасыз етіліп, азаматтардың тәртіп сақшыларына сенім арта түседі»,- деп атап өтті.
Ал мұндай жұмыстар өз кезегінде Түркістан қаласын қауіпсіз әрі қылмысы аз аймақ қатарынан көрініп, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге, қауіпсіз аймаққа айналдыруға үлкен үлесін қосады.
