СОТ ЖҮЙЕСІ ӨЗГЕРІП ӘРІ КЕМЕЛДЕНІП ОТЫРУЫ КЕРЕК

269 көрілім

Еліміздің сот жүйесіндегі реформалауда «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, судьялар съездерінде берген тапсырмалары, «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламалары, Мемлекет басшысының Жолдаулары рес­публика сот жүйесін жаңа арнаға салды.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан екі жыл бұ­рын өзінің ант беру рәсімінде айт­қандай, сабақтастықты сақтай оты­рып, Елбасының бастамаларын одан әрі дамытып, іске асырып келеді. Бұ­ған бар білімім мен күш-жіге­рім­д­і сот жүйесіне арнаған кәсіби заң­­гер ретінде көз жеткізіп келемін. Заңгерлік тәжірибемізді отс­тав­каға шыққаннан кейін де мүм­кін­дігінше пайдаланып, жас заң­гер­лерге ақыл-кеңес беріп, сот жүйесіндегі бастамаларға үн қосып отыруды жөн көрдік. Осы мақсат­та Жоғарғы Соттың отставкадағы судья­­лары­ның бастамасымен «Қа­зақ­­стан Рес­публикасы Жоғар­ғы Сотының отставкадағы судья­лары» қоғам­дық бірлестігін құ­рып, жұмыс істеп жүрміз. Бұл – ком­­мер­ция­лық емес дербес ұйым.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес сотқа талап-арыз берген адам емес, ке­рі­­сінше, мемлекеттік орган өз ше­­шімін не әрекетін түсінді­ріп, не­гіздеп, дәлелдеп беруге мін­детті. Міне, осы заң 2021 жылғы 1 шіл­деден бастап күшіне енеді. Бұ­ған дейін сот жүйесінде азамат­тар тарапынан мемлекеттік органдарға қарсы талап бойынша талапкер өз шағымын дәлелдеуге міндетті болды. Судья процесте тыңдайтын. Мемлекеттік органдардың сот шешімдерін орындауы, шыны керек, нашар жүргізілетін. Енді заң бойынша 1 шілдеден бастап мемлекеттік органның кінәлілік презумпция­сы күшіне енеді, бұл дегеніңіз, мемлекеттік органдар өз уәждерін дәлелдеуі тиіс. Судья та­лап­кердің мүддесі үшін белсен­ді­лік көр­сетуге құқылы. Сондай-ақ судья шешімнің орындалуын ба­­қы­­лайды әрі орындамағаны үшін мемлекеттік органның бас­шы­­сы­на айыппұл салуға да құқы бар.

Біз азаматтарды және заңды тұл­­­ғаларды қабылдап, сұрақ­тары­­на жауап береміз, олардың ара­­ларын­­да туындаған дауларды ар­бит­раж, медиация арқылы шешу мүм­­­кіндіктерін қа­рас­тыра­мыз. Осы­­лайша, сот­тар­ға түсірі­летін арыз­­дар мен ша­ғым­­­дарды азай­тып, сот­тардың жұ­­мыс­тарын же­ңіл­­детуге ұмты­ламыз. Соны­мен қатар сот жүйе­сін да­мыту үшін бас­­қа да жолдар мен әдісте­ме­лер­ді іздес­тіре­міз. Судья­лардың әлеу­­меттік мәселе­лерін шешу мүм­­кін­діктерін де қа­рас­­тырамыз. Мә­се­лен, өзімізді тол­ған­дырып жүр­ген өткір мәсе­ле­лер мен сот жү­йе­сіне, қоғамда заң­ды­лық­ты сақ­тау, пандемия ке­зе­ңін­дегі қар­жы-қаражат сая­сатына қатыс­ты ұсыныс-пікірлерді біл­діріп, Мемлекет басшысына арнайы хат жолдадық.

Азаматтық процестік кодекске түзетулер енгізілді. Егер бұрын судьяның азаматтық процестегі рөлі шектеулі болып келсе, енді ол өзгерді. Судьяның процестегі бел­сенділігі артты, жауапкершілігі күшейді. Судьяны талап-арыз қыс­пағынан шығармайтын шек­теу­лер келмеске кетті. Судья істің шынайы мән-жайын анық­тау үшін қо­сым­ша дәлелдемелер­ді сұратуға құ­қы­лы. Өз бетінше ақи­қатқа көз жет­кізуге ұмтылып, процесс барысында тараптардың уәждеріне қатысты өз ойын батыл айта алады. Ол үшін заң қажетті өкілеттік беріп отыр.

Президент тапсырмасымен судьялар арасындағы сыбайлас жем­қорлыққа қарсы пәрменді шара­лар жүріп жатыр. Оны қоғам сезіне бастады. Соңғы уақыт­та судьялардың парамен ұсталу фак­ті­лерінің орын алуы осыны айғақ­тайды. Осы арада бұл мәселені қо­ғамға судья көзқарасымен тү­сін­діріп өткім келеді. Өйткені оның «сырын» былайғы жұрт көп бай­қай бермейді. «Судья парамен ұс­тал­ды» десе болды, жерден жеті қоян тапқандай, Жоғарғы Сот бас­­шылығын, не жалпы судья­лар қауымын қаралап жатады. Шын мә­нінде солай ма? Жоқ, мүл­де олай емес.   Біріншіден, сот – классикалық стильдегі мемлекеттік орган емес. Шешімді судья­ның өзі дайындайды және өзі шығарады. Осы орайда оның кеше ғана судья болғаны немесе 20 жыл­дық жұмыс өтілінің бар-жоқ­тығы маңызды емес. Айта­лық, шенеуніктің қатесін тез ара­да, айғай-шусыз түзетуге бола­ды және бұл туралы сырттан біреу­лер­дің, яғни көпшіліктің білуі екі­та­лай. Ал судьяның қателігін жоғары тұрған орган ғана түзетуге құ­қылы. Мұның өзі әрдайым ашық жағдайда өтеді және бірден іске ас­пайды. Оған кем дегенде бір айдан астам уақыт өтеді. Яғни ше­неунік пен судьяның қате­лік­терінің салдары – жер мен көктей. Екіншіден, соттар кадр мәселелерінен шеттетілген. Сот кадр­ларын іріктеумен сот төр­аға­лары емес, мүлдем басқа орган – Жоғары сот Кеңесі айналысады. Кеңес жұмыстан босату немесе жаза беру мәселелерін де шешеді.

Ал судьяның пара алуының се­бебіне үңілсек, бұл судьялық кадр­лар сапасына тікелей байланыс­ты ма деп ойлаймын. Мысалы, 2018 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 230-дан аса жаңа судья қабылданған. Осыған байланыс­ты 2014 жылы бұрын-соңды бол­ма­ған жағдай орын алып, 750 кан­ди­даттың 500-і бірден судья атанды. Бұл әр үш үміткердің екеуі судья мантиясын киді деген сөз. Ал енді қараңыз: осы 500 судьяның 103-і түрлі негіздер бойынша лауазымдарынан босатылды. Олардың ішінде 19-ы тәртіптік жазаға тар­тылды. Ал 10 судья сыбайлас жем­қорлық үшін қылмыстық қудалау объектісіне айналды.

Жоғарғы соттың басшы­лы­­ғ­ына берген нақты бағыт-бағ­­дарынан кейін судьялыққа білікті мамандарды тартуға жол ашылды. Жаңа HR сүзгілері «кез­дей­соқ» және кәсіби деңгейі т­өмен заң­герлердің сотқа келуі­не тос­қауыл қойды. 2018 жылдан бас­тап жы­лына 50-ге жуық үміт­кер судья лауазымына таға­йын­далу­­да. Енді судьялыққа үміт­кер­­­лер­ді мұқият тексеруге әрі зерт­­­теуге мүмкіндік бар. Мұны цифр­­­лар­дың өзі дәлелдеп береті­нін бай­қау­ға болады. Егер 2018 жыл­ға де­йін­гі 5 жылды алып қара­сақ, 100 кан­ди­даттың 25-і судья болға­нын аң­ға­рамыз. Қазір әр 100 үміт­кер­дің ішінен судьялыққа өтетін адам­­дар­­дың саны әрі кетсе 6-дан аспайды.

Осы уақыт ішінде 300-ге жуық бос жұмыс орны пайда бол­ды. Әрбір 4-ші аудандық сотта төраға жоқ. Мұның себебі тілек біл­діру­шілердің жоқтығында емес. Олар­дың қатары жеткілікті. Мәселе – кандидаттардың Жоғары Сот Кеңесінің жаңа талаптарына сәйкес келмей отыр­ғанында. Екінші ма­ңыз­ды мәсе­ле, менің ойымша, қазір­­гі жағ­дайдың ерек­шелігі. Бү­­г­інгі таңда судья­лар­дың кәсіби жа­­рам­­дылы­ғын бағалаудың жаңа көп сатылы жүйесі енгізілді. Жүйе қазір­дің өзінде халықаралық сарап­шылар тарапынан оң пікірге ие бол­ды. 2019 жылдан бастап 600-ге жуық судьяның атқарған қызметі осы­­лай бағалануда. Олардың 10%-ы судья­лыққа өтпеді, не кәсіби жа­рам­­дылығы үшін жұмыстан шы­ға­рылды, не жүктемесі аз учас­ке­лерге ауыстырылды. Бұрын бір­неше жыл ішінде 1600 судья­ның ішінен 15 судья ғана қанағатта­нар­лық­сыз баға алған, яғни 1%-дан да аз.

Сот жүйесіндегі жаңғырудың тағы бір көрінісі – қазір ақтау үкім­дері көптеп шығарылуда. Мұ­ның себебі неде? Жоғарғы Сот 2015 жылдан бастап 2017 жыл қоса қамтылған кезеңде Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің істері бойынша қа­мауға алынған адамдардың бірде-бірінің ақталмағанын жа­рия­лады. Ал соңғы 3 жылда қа­мауда отырған 36 адам ақтал­ды. Ауыр және аса ауыр қыл­мыс­тар бойынша ақталған адам­дар­дың саны 8 есе өсті (2015-2017 жыл­дардағы 60 адамнан 2018-2022 жылдарда 480 адамға дейін). Соттар тергеуге қарсы шағым­дарды жиі қанағаттандыра бас­тады. Күдіктілерді қамауға санк­ция беруден екі есе жиі бас тарты­лады. Айта кету керек, 2018-2022 жылдары сыбайлас жемқор­лық үшін прокуратураның 23 қыз­мет­кері, сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қызметтің 10 қызметкері жә­не басқа да құқық қорғау орган­дары­ның 930-дан астам адамы сотталды. Бұл деректер Жоғарғы сот та­ра­пы­нан біраз жұмыс істеліп жат­қа­нын көрсетеді. Кейде әлеуметтік желі­де «заң­сыз әрекетімен көзге түс­кен немесе әді­летсіз шешім қабыл­даған судья­лар неге жұмыстан шығарыл­май­ды?» деген сауал айтылып қалады.

Жұмыстан шығарылғанда қандай! 83 судья теріс себептер бойынша жұ­­­мыстан босатылды немесе қыз­­­метінен төмендетілді. Бұл аз емес. Бұрынғыдан 4 есе көп. Мә­се­л­ен, мас күйінде жол апатын жа­са­ған Батыс Қазақстан облысы аудан­дық соттар төрағасының бірі қыз­меті­нен босатылды. Немесе әлеу­мет­тік желілерде Алматы облысы аудан­дық соты төрағасының каран­тин­дік шектеулер кезінде мон­шаға түсіп жатқаны туралы бей­не­көрініс болғаны белгілі. Ол да жұмыстан шығарылды. Қазір­гі таң­да Қарағанды облыстық соты­­ның 3 судьясына қатысты мате­риал­­­дар Жоғары сот Кеңесіне жіберілді.

Судья әдебі кодексін бұзғаны үшін судьяны жұмыстан шы­ғару рәсімі өте ұзақ уақытты ала­ды. Бұл үшін алдымен Судья әдебі жөнін­дегі комиссия, содан кейін Судья­лар одағының Орталық кеңесі, одан соң Жоғары сот Кеңесі жа­­нын­­дағы Сот жюриі, содан ке­­йін ғана Жоғары сот Кеңесі­нің өзі қо­рытынды беруге тиіс. Оның ұсы­нуы бойынша түп­кілікті шешімді Пре­зи­дент қабыл­дайды. Бұл процесс көбінесе ұзақ уақытқа созылады. Қоғам, егер шаралар дереу қа­был­­данбаса, олар мүлдем қа­был­дан­­байды деп санайды. Шын мә­нін­де олай емес, әр нәрсе­нің өз мер­зімі, өз реті бар. Сон­дық­тан сот­­­­­тар­дың жұмысына қатыс­ты мә­­се­леге асы­­ғыс­­тықпен емес, түсі­­ніс­тікпен қара­­ғанымыз абзал. «Асыққан – шай­­тан­ның ісі» еке­нін әркім білсе керек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы