1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Жылына бір келетін мейрамды 1990 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бекіткен болатын. Сол кезден бері «Халықаралық қарттар күні» атап өту дәстүрге айналған.
Дүниеге келер бір рет, Дария-кеуде, Тау-мүсін. Құрыштан құйған құдірет – қарттарым, аман-саумысың? Иә, ақын Сағи Жиенбаев ауыл қарттарына осылай өлең жолдарын арнаса, «Неменеге жетiстiң бала батыр? қариялар азайып бара жатыр. Бiрi мiнiп келместiң кемесiне, бiрi күтiп, әнеки жағада тұр» деген мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңін білмейтін қазақ жоқ шығар.
Қартты қазынаға балаған қазақ жасы үлкенге қашанда төрден орын беріп, құрмет көрсеткен. «Қарт» деп кімді айтамыз? Осы сұраққа алдымен тоқталсақ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуінше, 60 пен 74 жастағылар қарт адамдарға жатқызылса, 75-89 жасты алқымдаған жандар кәрілер тобына жатады-мыс. Ал, ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар енеді екен.
Қазақтың батыры Бауыржан Момышұлы қарттарды: шал, қария, ақсақал және абыз деп төрт топқа бөлген екен. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қартты шал десе, өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген жанды қария деп атаған. Ал, тұтас бір ауылдың жыртығын жамап, айдынын асырып отырған қартты ақсақал деп мерейін өсірсе, елдің ішінде туындаған дау-дамайын шешіп, тарих пен шежірені бойына сіңірген, тұла бойы ұлттық рух сынды ізгі қасиеттерден тұратын қартты абыз деген. Халықаралық қарттар күніне орай бейнеттің зейнетін көріп, еңбек адамынан ауылдың абызына айналған Түркістанның «Құрметті азаматы» Жантемір Алимов жайлы баяндамақпыз. «Жастар жылында» елге еселі еңбек еткен бейнеткер қариямызды өскелең ұрпаққа қалай дәріптесекте жарасары анық. Жантемір Алимов 1937 жылы Түркістан қаласына қарасты Серт ауылында туған. Әке-шешеден ерте айырылып, тағдыр тауқыметін тартқан ол 10 жылдық мектепті бітіріп, 1955 жылы Ташкент қаласында Орта Азия политехника институтына түскен. 1960 жылы аталмыш оқу орынынан гидро-құрылыс инженері мамандығын алып шықты. Сол кездегі жаңадан басталып жатқан Шардара ГЭС құрылысына жолдамамен жіберілген жас маман алғашқыда мастер, соңыннан прораб, учаскі бастығы болып құрылыс саласында басшылық жасаған. Сырдария өзенінің ұлтанынан су электро-станциясын салудағы ерекше еңбегі үшін Қазақ ССР Жоғары Советінің мақтау грамотасымен марапатталған.
Сонымен қатар, Түркістан СМУ-водстрой құрылысының, ПМК-ға және «Мырғалымсай Свинецстрой» тресіне қарасты Түркістан құрылыс басқармасына бастық етіп тағайындалады. Бұл кезде Түркістанға қала статусы берілген шақ еді. Бұл құрылыс басқармасының басқаруымен қаладағы мүгедектер үйі, жоғары медицина колледжінің жатақханасы, оқу корпустары, Қазпочтаның ғимараты, Достық кинотеатры, 110 пәтерлік №7, №8, №9, №64 тұрғын үйлер және мақта зауыт алаңындағы мектеп-интернат, қазіргі Яссы қонақ үйі, қалалық аурухана ғимараттары салынған, пайдалануға берілген.
1980-1981 жылдар аралығындағы Жантемір Алимов СМП-194, ЖБИ мекемесінде директордың орынбасары, өндіріс басқармасы бастығы болып қызмет етті. 1981 жылы тамыз айында КОЗКП, облыстық партия комитеті және қала партия комитетінің нұсқауымен облыс деңгейіндегі көне ескерткіштер мекемесіне (ТСНРМ) басшы болды. Бұл мекеме бүкіл әлемге белгілі болған Қ.А.Ясауи кесенесінің қалпына келтіру жұмыстарын басқарған еді. Қарнақ ауылында Шамет ишан, Отырар ауданынындағы Арыстанбаб кесенесін, Алғабас ауданында Шаян мешіт-медресесін, Тұрбат ауылындағы Ленин ауданына қарасты Исхақ ата, Исмаил ата кесенелері сияқты ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарын басқарды. Түркістанның символына айналған Қ.А.Ясауи кесенесін ұрпаққа мирас қылып жеткізу біздің міндетіміз деген Жантемір Алимов сол кездегі ауа айналымдары тоқтатылып, құзданып құлау жағдайына жеткен тарихи ескерткішті дер кезінде тиісті шаралар жасап, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жасағандығын тілге тиек етті.
«35 жыл көлемінде бұл мәселе мемлекеттік деңгейде көтеріліп келеді. ЮНЕСКО қарамағына өткен Қ.А.Ясауи кесенесінің тағдыры мен үшін өз алдына үлкен мәселе болды. Бұл кесенедегі шалағайлыққа жол берген Қазақ Республикасындағы мәдениет министрінің инженерлік тұрғыда істейтін жұмыстарды маман емес архитекторларға басқаруға беріп қойғандығынан қателіктерге жол берген. Олар кесененің ауа айналымын қамтамасыз етіп тұрған есік-терезелерді, құбырларды түгелдей жауып тастап, үлкен күмбездегі Әмір-Темір сары кірпішімен қапталған, 570 жыл сақталған кірпішті алып, орнына көк әйнек (глазур) кірпішімен қайта қаптайды. Бұл инженерлік есеп емес, туристерді қабылдау үшін сұлу етіп көрсету үшін істелінген жұмыс еді. Оның нәтижесі 1982 жылы үлкен күмбез астарындағы оймалардың құлап түсуіне, оларды ұстап тұрған ағаштардың шіруіне әкеліп соқты. Бұл мәселені сол кездегі қала әкімі Әли Бектаев мені шақырып, танысып, кесене басына барып, ішін, төбесін түгелдей айналып министрліктегі Қ.Тұяқбаевқа кеткен қателіктерді көрсетіп шықты. Және оны қайтадан қалпына келтіруге мойынына алғызды. Бұл қала әкімі үшін үлкен ерлік еді», – деді Жантемір Алимов.
Қазіргі таңда орасан зор еңбектерінің жемісін көріп, мұсылманның бес парызының бірі қажылыққа барып келген қария зейнеткерлікке шыққаннан бері облыс орталығындағы «Яссы» «Шавгар» мөлтек ауданында ауыл билерінің төрағасы. Шыншылдығы мен туралығының арқасында «Төле би» атағы беріліп, қала әкімі жанындағы тұрақты жұмыс жасайтын ақылдастар алқасының мүшесі. Сондай-ақ Қазақ ССР Жоғарғы советінің мақтау грамотасы және осы сынды түрлі медальдар, грамоталармен қоса 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталған. 2009 жылдан бері «Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде төрелік айтып келеді.
Қорыта айтқанда қаламыздағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметіне сүйенсек, рухани шаһарда 11788 зейнеткер бар. Оның ішінде қатарлары сиреген Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің саны саусақпен санарлық. Атап айтсақ, Фазыл Азимов, Немат Абдрасилов, Әбжаппар Дайрабайұлы, Құрманбай Мубараков, Абдулла Рысметов сынды 5 бірдей майдангерлеріміздің жасы ғасырға жуықтаған. Бұдан бөлек, 682 тыл, 132 Ауған соғысы, 415 «Семей-Невада» антиядролық қозғалысы, 22 Чернобыль апаты ардагерлерінің орны бір төбе. Өткенге бойламай, келешекке қадам басу мүмкін емес. Ел үшін ерлік жасаған жандар әрдайым халық қаһарманы. Жыл сайын атаулы мерекелерде ардагерлерге әкімдіктің және еріктілердің қолдауымен көмектер көрсетіліп, Үкімет тарапынан қаржылай сый-сияпаттар беріліп тұрады. «Керуеннің басы білікті болса түйе азбайды» деуші еді ғой. Біздің елдің керуен көшін алға сүйреген қазыналы қарттарымыз аман болып, бейбіт күнде өмір сүруімізді жастар сол жандардың арқасы екендігін естен шығармағаны абзал.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».
