Темірәлі ағамызбен әкімдікте қызмет етіп жүргенде таныстық. Жасы егде тартқанымен өзі белсенді. Құрылыс саласындағы білгір маман. Бұл азамат жәй ғана маман немесе басшы болсын ешқандай айырмашылық жоқ. Мансап қуып, өзінен кейінгілердің алдында кісілік таныту Темірәлі ағамыздың табиғатында жоқ қасиет. Үлкенмен де, кішімен де бірдей жүре білетін ағамыздың адамдық келбетін жалғыз мен емес, көпшілік жұрт жоғары бағалайды деп санаймын.
Міне, кішіпейіл, елгезек, іскерлігі бір төбе Темірәлі Әбдірахманов 63 жасқа толып отыр. Бұл жасты барлық азамат ерекше құрмет тұтатынын ескерсек, оған жету жолдары әрқалай. Сондай жандардың арасында елге елеулі еңбегімен танылған, қасиетті Түркістан қаласының өркендеуіне уақытпен санаспай өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Темірәлі ағамыз зейнет жасына үлкен абыроймен жетіп отыр деуімізге толық негіз бар.
Кейде ағамыздың әңгімесін тыңдап отырсаңыз қаланың инфрақұрылымын қалыптастыруға байланысты ойлары өте орынды. Сол мақсаттағы ұсыныс-пікірлері бүгінде іске асқанын да айта кету керек. Мәселен, қаланы ауыз сумен, сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету, сарқынды су жүйелерін қалыптастыру секілді ауқымды жобаларды іске асыру барысында Темірәлі ағамыздың өзіндік қолтаңбасы бар. Тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында жылусыз отырған «Сауран» мөлтек ауданындағы көпқабатты үй тұрғындары бүгінде сол қиын кезеңдерді ұмыта бастаған да шығар. Осы маңға жылу жүйесін қалыптастыруға жергілікті атқарушы орган өкілдерінің ішінде Темірәлі ағамыз да елеулі үлес қосты. Айта берсек, шаһардағы осындай ірілі-ұсақты мәселелерді шешуде жан аямай еңбек етіп келе жатқан Темірәлі Әбдірахмановтың еңбегі өлшеусіз.
Ендеше, тарихқа зер салып, сәл кейінге шегініс жасасақ. Темірәлі Әбдірахманов 1956 жылы 29 қыркүйекте Түркістан қаласында өмірге келген. М.Маметова атындағы орта мектепті 1973 жылы бітіріп, 1978 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын тәмамдаған. Еңбек жолын 1978 жылы қаламыздағы құрылыс материалдары мен конструкциялау комбинатында шебер болып бастаған. 1982-1991 жылдар аралығында Түркістан қалалық комсомол комитетінде, қалалық атқару комитетінде, қалалық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы және Түркістан қалалық партия комитетінде қызмет еткен. 1991-2005 жылдары рудасыз материалдар комбинатының жауапты қызметтерінде, 2005-2007 жылдары жеке кәсіпкер, 2007-2013 жылдары Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» ММ бас маманы, бөлім басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. 2013 жылдан бүгінгі күнге дейін Түркістан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» ММ бөлім басшысының орынбасары, құрылыс секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Бүгінгі таңда Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласына ауысуына байланысты, инфрақұрылым жүйелерін ұлғайтуға белсенді араласып келеді.
Құрылыс саласындағы ерекше еңбек жетістіктері үшін Темірәлі Әбдірахманов «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы», «ОҚО еңбек сіңіргені үшін», «Түркістан қаласына еңбек сіңіргені үшін» және Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», ҚР «Құрметті құрылысшысы» төсбелгілерімен және облыс, қала әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған.
Тізбектеп, өткен-кеткенді қағаз бетіне түсіре берсек, Темірәлі ағамыздың кейінгі ұрпаққа үлгі болар өнегелі істері, тәжірибесі, адамдық қасиеттері жетерлік.
Зейнет жасыңыз құтты болсын! Деніңіз сау, отбасыңыз күй-қуатты болғай. Ел алдындағы мәртебеңіз асқақтай берсін аға!
М.ДӘУЛЕТОВ.
