Ата Заңымызда жазылғандай, біздің еліміз өзін демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде айқындап, адамның құқықтары мен бостандықтарын қымбат қазына ретінде қарастырады. Ал құқықтық мемлекеттерде азаматтар құқықтарының қорғалуы, ең алдымен, олардың құқықтық білім мен құқық бұзушылыққа қарсы тұра білу деңгейіне байланысты көрініс береді. Бұл – құқықтық мәдениет. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру қаламызда да жүзеге асуда. Мәселен Түркістан қаласының тәртіп сақшылары тұрғындар мен оқушыларға арнап құқықтық сауаттылық және құқықтық мәдениет жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Сондықтанда керек кеңес айдарында құқықтық мәдениет және құқықтық сауат жайында ақапараттарды таратқанды жөн көрдік. Құқық — бұл мемлекет бекіткен және рұқсат еткен жалпыға бірдей міндетті мінез-құлық ережелерінің жиынтығы, құқық адамдардың арасындағы маңызды қатынастарды реттейтін, оның орындалуын мемлекет қадағалап отыратын жалпы білімдік нормалар жүйесі. Құқықтың мазмұны оның негізгі бастамаларында, яғни негізгі ұстанымдарында көрініс табады. Олар мыналар: саяси биліктің халық еркіне бағынуы; меншік түрлерінің теңдігі және адамгершілік ұстанымдарына сүйену. Құқықтық мәдениет – белгілі бір мемлекеттік діни, этникалық қауым мүшелері қабылдаған, олардың қызметін реттеу үшін пайдаланылатын құндылықтар, құқықтық идеялар, сенім-нанымдар, мінез-құлық қалыптары, құқықтық дәстүрлер жүйесі. Құқықтық санамен тығыз байланысты және оның туынды құбылысы құқықтық мәдениет болып табылады Құқықтық мәдениет қолданылып жүрген құқық нормалары білімінің жоғары деңгейімен сипатталады. Оған субъектінің құқыққа құрметпен қарауы тән. Ол адамдардың мінез-құлқы олардың құқықтық сенімдеріне, сондай-ақ олардың басқа адамдар қылықтарының заңдылығына баға беруіне және құқық бұзушылықтың жасалуына бастамашылықпен кедергі жасауына сәйкес келуін анықтайды. Жеке адамның құқықтық мәдениеті дегеніміз – орынды тәртіп пен мінез-құлық, жан-жақты құқықтық білімдерімен заңды құрметтеу, құқықты қорғау іс-әрекетінің терең бірлігі.
Құқықтық мәдениет:Құқықтық мәселелер, құқықтың қатынастар, құқықтық мекемелерді адамның білуі. Құқықтық сананың қалыптасуы. Құқықтық қоғам демократиялық принциптерге сүйене отырып, әр адамның шығармашылық күштерін, ниетін, ойын, сезімін, ұмтылысын толық және еркін жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Адамның жалпы мәдениеті мен оның құқықтық мәдениетінің арасында байланыс бар. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру маңызды. Ол құқық қоғам мен қоғамның әрбір мүшесінің бүкіл өмірін қамтып жатады. Құқықтық мәдениеті нашар дамыған адам тек заңның өрескел бұзылған жағдайына ғана оған зейін аударады да, құқықтық талаптарды мойындамаған көп жағдайларды байқамайды. Заңды білмеу – құқықтық мәдениеттің елеулі кемшілігі. Заңды білмеу, оны бұзу жауапкершіліктен құтқармайды. Құқықтық мәдениет адамнан жан-жақты құқықтық білімдерді талап етеді. Адамның құқықтық мәдениеті – күрделі құбылыс. Бұл құбылыс қоғамның, мемлекеттің көптеген маңызды салаларында көрінеді. Ең бастысы адамгершілікті адам тұлғасының сапалық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал жасайтын тәрбие құралдарының бірі – орынды тәртіп және мінез-құлық тәрбиесінің жоғары деңгейінде болуы.
Құқықтық мәдениеттің негізі адамның саналы тәртіп пен мінез-құлықтары. Құқықтық мәдениеттің осы екі деңгейіне көтерілген, яғни құқықтық білімді меңгерген, заңды құрметтейтін адам заңға қайшы келетін әрекеттерден аулақ болады. Тек қана заңға сәйкес жүру дағдысы пайда болады. Мұны заңға мойынсынушылық дейді. Бұл деңгейлік сатыда ішкі қозғаушы күш – адамның ұяты, ар-ожданы. Ұят, ар-ождан және сенімдер адамның мәдениеті тек қана заңға мойынсыну емес, заңды қорғау үшін тұрақты белсенді әрекетке қатысуға дайын тұру. Құқықты құрметтеу, әділдікті, борышты, жауапкершілікті, заңдылықты, сезіну – адам тұлғасының жоғарыдан көрінуі.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін қоғамда, білім беретін ұйымдарда құқыққа байланысты кешенді шараларды жүргізу маңызды. Осы бағытта мынадай жұмыс түрлерін жүргізуге болады:
Еліміздің заңдары мен халқына құрмет сезімін тәрбиелеу, құқықтық білім беру, оны насихаттау мақсатында құқықтық лекториялар жүргізу маңызды. Ол жұмыс түрі арқылы заңды білу жүзеге асырылады. Оны жүргізу барысында көркем фильм, деректі фильмдер көрсету мәнін ашады.
Жағдаяттық практикум –құқықтық тәжірибені байытады. Оның барысында адам құқығының бұзылуы сипатындағы жағдаятқа тап болғаны сұрап, шешімін табуға жетелеу керек. Немесе құқыққа байланысты мәселені қойып, соны шешуге бағытталады.
Кездесулер ұйымдастыру- құқық қорғау, заң саласында қызмет жасап жүрген мамандармен арнайы кездесулер ұйымдастыру арқылы, құқықтық білім мен мәдениетті қалыптастыруға бағыт беріледі.
Пікірталастар ұйымдастыру – құқыққа байланысты талас тударатын мәселе төңірегінде түрлі ақпарат көздерімен жұмыс жасау арқылы, жинақтаған ақпаратымен бөлісу, ғылыми-танымдық көзқарасты білдіру арқылы құқықтық сауаттылыққа жол ашады. Мысалы, «Сен өз құқығыңды білесің бе?» т.б. Аталған шаралар адамның саяси-құқықтық көзқарасын қалыптастырады, құқықтық мәдениетінің көтерілуіне орта құрып, ықпал етеді. Жалпы құқықтық мәдениетті қоғамдық іске айналдыру бүкіл қоғамның ісі.
Ендеше, біздің әрқайсымыз үшін қымбат қазына – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары десек, оны бағалай білу құқықтық мәдениеттің қайнар көзі екендігінде дау жоқ. Алайда, құқықтық мәдениет әр адамның өмір сүру құндылығы ретінде жеке тәрбиесінен көрініс бермей, жалпы мәдениеттің қажетті бөлшегі ретінде оны бойға сіңіру мүмкін емес. Сондықтан да біздің елімізде көбіне құқықтық мәдениетті заң талаптарын қатаң қолдану арқылы ғана қалыптастыру бағыты ұсталады. Соған сай заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайтындығы қатаң ескертіледі. Бірақ заңды білмеудің салдары құқықтық мәдениеттің жоқтығы емес, керісінше оның дәнін бойға сіңдіре алмау екендігі көп жағдайда назарға алына бермейді. Міне, осындай жағдайлардың салдары құқықтық мәдениетті қалыптастыру ісінің қанат жаюына шын мәнінде кедергі келтіретіні анық.
Олай дейтініміз, бірде танысымыз қызмет ететін мекеме алдында өрескел қылық көрсетіп тұрған жас жігіттерді көріп, оларға жайымен бұл теріс екенін, сондықтан бұл қоғамдық тәртіпті бұзушылық екенін айтқанымызда, шыны керек, дөрекі жауап алдық. «Не шаруаң бар, өзіміз білеміз ғой» дейді. Дәл солардың қасында өзге де азаматтар отырған. Бірақ олардың бірі әлгілерге ләм-мим демеді. Соның салдарынан біздің ескертуіміз, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» қалпында қалды. Ал көпшілік болып, әлгі өрескел қылық жасаған жігіттерді тезге сала қойғанда, олар мұндай әдетті ендігәрі қайталамас еді. Өйткені құқықтық мәдениетсіздік осындай ұсақ құқық бұзушылықтан басталады. Құқықтық мәдениетті сақтау туралы ескерту берген жандарға кейбіреулер ата жауын көргендей жиырыла қалады.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Дамыған қоғам барлық жерде тəртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден жəне жарқын жүзді адамдардан басталады. Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді. Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады. Сондықтан біз құқықтық нигилизмді жеңіп, қоғамды қоғамдық тәртіпті қорғау ісіне тартуымыз керек. Біз əлеуметтік бүлдіргі пиғылды жұмысқа орналасу мәселесімен байланыста қарауымыз керек. Біз қоғамдық орындардағы бұзақылық әрекет үшін жеке іс қағазында және резюмеде міндетті түрде көрсетілетін жəне жұмысқа қабылдау, қызмет сатысы бойынша өсіру кезінде ескерілетін жаза қолдануды енгізуіміз керек. Мұның бəрі қоғамдық өмірдің нормасы болуға тиіс» делінген.
Бұл теріс қылықтарға мүлдем төзбеушілікті көздеген қағида қоғамның ең ұсақ құқық бұзушылықтар мен бұзақылықтарға сын көзбен қарау жауапкершілігін тудырғаны рас. Мұндағы негізгі мақсат – қоғамдағы ұсақ құқық бұзушылықтармен күрес жүргізе отырып, жалпы қылмыстың деңгейін төмендеуіне ықпал ету еді. Соның арқасында бірқатар заңнамалар жетілдірілді. Əсіресе, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық атқару жəне қылмыстық іс жүргізу, Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстеріне өзгерістер енді. Сөйтіп ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеу – бұл қоғамдық тəртіпті қамтамасыз ету мен ірі қылмыспен күрес жүргізуге бастайтын және жаппай құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі ретінде ескерілді. Бұдан кейін қоғамдық орындарды ластау жəне тағы да басқа мəдениетсіздіктер құқық қорғаушылардың назарынан əсте тыс қалмауы тиіс еді. Алайда бұл жұмыс қазіргі күні ақсап тұрған секілді. Яғни, кез келген тəртіпсіздіктер қатаң қадағалауда болғаны жөн дейміз де сонымен тоқталамыз.
Жалпы құқықтық сана мен саяси сауаттылық дегеніміз тұлғаның қолданыстағы немесе қабылданатын құқық нормаларына көзқарасы, оларға баға беру мүмкіндіктері екені мәлім. Азаматтардың өзінің іс-әрекетінде құқық нормаларын басшылыққа алуы, оны терең түсінуі қабылдау дәрежесінен көрініс табады. Құқықтық сана мен мәдениет адам, азамат, қоғам, мемлекет мүддесіне сай келетін, олардың мақсат-мүдделерін қанағаттандыратын нормаларды қабылдау қажеттілігінің негізі болып табылады. Мемлекет неғұрлым құқықтық мәдениетті арттыруға ерекше мән берсе, құқықтық мемлекет ретіндегі өз міндеттері мен мақсаттарын еш кедергісіз жүзеге асыра алатындығына күмән жоқ. Осы мәселелерді автор егжей-тегжейлі қарастырған. Сондай-ақ құқықтық мәдениет қалыптасуы үшін, ең бастысы, сол елдегі азаматтардың құқықтары тиісті деңгейде қорғалып, заңның үстемдігін дәлелдейтін жағдай орнатылуы тиіс. Әрбір азамат өзінің бұзылған құқығын қорғай алатындығына сенімді болса, мемлекет үшін бұл үлкен жетістік. Дегенмен, елімізде әлі де болса, құқықтық сана, құқықтық мәдениет тиісті дәрежеде қалыптаса қойған жоқ. Көптеген азаматтарымыз заң саласында, құқық қорғау саласында қандай жаңалықтар болып жатқандығынан бейхабар. Олар өз құқықтарын білмеуі себепті қоғам өміріндегі маңызды салаларда артта қалушылық сипат алып, мемлекет дамуына кері әсерін тигізуде. Адам құқығын дұрыс түсінбеушілік нәтижесінде қарсы пікірлер қалыптасып, әлем қолдайтын заңнамалық актілердің кейбір жаңа мәселелері жүзеге аспай отыр. Мемлекет осындай олқылықтарды болдырмау мақсатында азаматтарға өз құқықтарын түсіндіру, тиісті дәрежеде жеткізу шараларын жүргізіп отырады. Құқықтық мәдениетті арттыру үшін балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін адам құқықтары мен бостандықтары, мүдделерін қорғау мәселелері қозғалуы тиіс. Монографияда құқық қорғау органдары мен халық арасында өзара сенімді қарым-қатынас орнату, кейбір шараларды бірлесе атқару формалары жақсы қарастырылған. Мемлекетіміздің дамуы, өркендеуі, дамыған елдер қатарына қосылуы үшін құқықтық білімді, тәрбиені биік деңгейге жеткізу басты міндет екендігін автор терең талдау жасап көрсеткен. Автор құқықтық сана, ойлау мәнері, құндылықтар жүйесі, саяси сауаттылықты арттыру ұғымдарын өз тәжірибесі арқылы сипаттайды. Сонымен қатар құқықтық тәрбиені адамгершілік тәрбиесінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырады. «Құқықты құрметтеу, әділдікті, борышты, жауапкершілікті, заңдылықты сезіну адам тұлғасының өсуіне алып келеді» дейді ол. Қазіргі кезеңде қоғамның демократиялық дамуы құқықтық тәрбиені зор шеберлікпен, шығармашылықпен іске асыруды талап етуде.
