Өз құқымызды қалай қорғаймыз және қайда жүгінеміз?

504 көрілім

Тәжірибе көрсеткендей, қарыз алушылар мен қаржылық ұйымдар арасында туындайтын түсінбеушіліктің басты себебі қарыз шартына қол қойғанда онымен мұқият таныспау болып саналады. Естеріңізде болсын, келісім-шартқа қол қойған уақытта сіз өз мойныңызға белгілі бір міндеттерді аласыз! Осы ретте аталған мәселе Түркістан қаласының тұрғындарын да айналып өтпейтінін айтқымыз келеді. Мұндай мәселеге мән беру қажеттігін азаматтар көп жағдайда кейін түсініп жатады. Соған орай Түркістан қаласының тұрғындарына заң кеңесі ретінде керек кеңес айдарында төмендегі жайларды ұсынамыз.  

Мысалы, банктен қарыз алу кезінде шартқа қол қою арқылы қарыз алушы банктің барлық талаптарымен, соның ішінде кредит бойынша төлемді мерзімінде өтемегенде іске асырылатын әрекеттермен автоматты түрде толық келіседі. Қарыз алушы шарт талаптарын зерттемеген жағдайда оған сай міндеттерін орындамаудың салдары қаншалықты ауыр екенін түсінбейді. Сондықтан, кез келген шартқа қол қойғанда өте мұқият болған дұрыс!

Төменде зейін салуға тұрарлық бірнеше кеңесті ұсынып отырмыз:

Өзіңіз түсінбеген дүниеге қол қоймаңыз. Қаржылық ұйымның менеджеріне өзіңізді толғандырған сұрақты қоюдан, шарт бойынша егжей-тегжейлі кеңес алудан ұялмаңыз, сіз толық ақпарат алуға құқылысыз. Егер сенімсіз болсаңыз, шартты еркін отырып зерттеп, туыстарыңызбен кеңесіп алу үшін бірнеше күн тайм-аут алыңыз. Шартқа қол қоймай тұрып, оның мазмұнымен толық келісетініңізге көз жеткізіңіз.Өзіңізге керек қаржылық қызметтердің нарығына кішігірім талдау жасаңыз. Мысалы, түрлі қаржылық мекемелердегі, ұйымдардағы талаптарды (сомалар, мерзімдер, айыппұлдар/өсімпұлдар және тағы басқаларын), қызметтердің құнын зерттеп, бонустардың бар-жоғын, кімнің қандай тиімді шарттар ұсынатынын және тағы басқасын қарастырыңыз.

Егер қаржылық ұйым өзінің шарт бойынша талаптарын орындамаса немесе одан бетер сіздің қаржылық қызметті тұтынушы ретіндегі құқықтарыңызды бұзса, сіз олардан қателіктерін түзетуді талап етуге толықтай құқылысыз. Мүмкін, келіссөздер жүргізу барысында екі жақты да қанағаттандыратын шешімге келерсіздер. Дегенмен де, сөйлесер алдында шартты тағы бір рет мұқият қарап, өз талаптарыңызды айқын жеткізіп, өз құқығыңызды білетініңізді және оларды қорғауға дайын екеніңізді көрсетіңіз. Көп жағдайда ұйым бейбіт келісімге келуге тырысады, себебі олар істі соттың қарауына жіберуді қаламайды.

Ал егер клиент пен ұйым өзара диалог құра алмаса, не бұл әрекеттері нәтижесіз болса, ҚР қаржылық нарықты реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктен кеңес алуға болады. 

Қаржылық реттеушінің басты міндеттерінің бірі — қаржылық қызметті тұтынушылардың мүддесін қорғауды лайықты деңгейде қамтамасыз ету, қаржылық ұйымдар және олардың қызметтері туралы тұтынушыларға берілетін ақпараттың толыққандылығы мен түсініктілігін қадағалау, сондай-ақ тұрғындардың қаржылық сауаттылықтары мен қаржылық қолжетімділікті арттыру болып табылады. Аталмыш агенттікте сіздердің құқықтарыңызды қорғаумен арнайы бөлімше — Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті айналысады. Департамент қызметкерлері азаматтардың өтініштерін қарастырып, құжаттық тексерулер жүргізіп, азаматтарды қабылдап, тегін құқықтық көмек көрсетіп, тұрғындарға осылайша қолғабыс етеді.

Қаржылық қызметті тұтынушылардың құқығын қорғау саласына байналысты сұрақтарды қаржылық реттеушіге «FinGramota Online» қосымшасы бойынша тікелей қоя аласыз. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жолдайтын жауаптар ресмилігімен қатар, түсініктемелік сипатқа ие болады.

Қазіргі қаржылық қызметтердің серпінді дамуы, түрлі өнімдердің онлайн-форматқа айналуы және жаңа цифрлық технологиялар, күрделі әрі тәуекелді қаржы құралдарына деген сұраныстың артуы жағдайында халықтың қаржылық сауаттылығы мәселесі оның өзектілігін арттыруды талап етеді. Халықтың қаржылық білімін арттыру қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің негізгі элементі, халық пен бизнестің қаржылық қызметтерге үздіксіз қол жеткізу, қаржылық тұрақтылықты және қоғамның әл-ауқатын қамтамасыз етудің талабы болып табылады.

Қаржылық сауаттылық деп мына құрауыштардың жиынтығы түсініледі:қаржылық қызметтерді және құралдарын пайдалана білу;меншікті қаржы құралдарын басқару дағдылары;халықтың қаржы жүйесі, оның жұмыс істеу қағидаттары, сондай-ақ қаржылық қызметтер саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау  туралы хабардар болу деңгейі.

Осылайша халықтың қаржылық сауаттылық деңгейінің жоғары болуы азаматтардың өмір сүру деңгейінің артуына, еліміздің экономикасына жеке инвесторлар қаражатының келуіне, қаржы нарықтарында бәсекелестіктің дамуына, қаржылық тұрақтылықтың нығаюына және қоғам әл-ауқатының артуына ықпал етеді.

«FinGramota Online» қосымшасын App Store және Play Market-тен тегін жүктеуге болады, сондай-ақ осы мессенджердің веб-нұсқасы да бар. Сонымен қатар Агенттікте: +7 (727) 237 1000 шұғыл желісі жұмыс істейді, мұнда азаматтар қаржылық қызметті тұтынушылардың құқығын қорғау сұрақтары бойынша жауап ала алады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы