МІНДЕТІМІЗ ОРТАҚ – ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ БОЛАШАҚ

871 көрілім

Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.

Қызмет бабын пайдаланып, мемлекет мүлкін талан-таражға салу, ақ адал жандардың обал, сауабын аттап, имандылық қасиеттерден жұрдай болу секілді бастапқы нышандары сонау мүлік теңсіздігі пайда болған тұста-ақ қылаң берген жемқорлық сипатындағы қылмыстардың түп-тамырын қуалап келсеңіз алаған қолым береген деген ұстанымға мұндай бақай есепшілік ертеден-ақ көптеген мемлекеттерде орнығып қалған. Олардың бір-бірінен ат төбеліндей айырмашылығы тойымсыздық пен ашкөздіктің әр мемлекетте әр түрлі деңгейде екендігінде ғана. Адамзаттың ұшқыр ақыл-ойы уақыт шабысымен бірге үзеңгі қағыстырып қатар келе жатқан жемқорлықты болдырмас үшін қандай тәсіл ойлап таппады дейсіз. Олар жұрт күткендегідей нәтиже берсе жемқорлық ұғымы санадан сызылып, ол әлдеқашан көнерген сөздердің қанжығасында кетер еді ғой. Керісінше, бай мен кедейдің аражігі ашылып, қоғамдағы қайшылықтар тереңдеген сайын, жұрт сыйлаған лауазымды адамдардың қазына-мүлкіне көз тігіп, сұғанақтық жасауы тіптен асқынып бара жатқандай.

Сыбайлас жемқорлық дегеніміз – қоғам мен мемлекеттің қылмыстық сипат алуы сияқты қауіпті ұғым. Оның жоғары деңгейдегі қоғамдық қауіптілігі ол мемлекеттіліктің негізін құлдыратып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Сыбайлас жемқорлық – бүкіләлемдік проблема. Сондықтан оның кез-келген түрлерімен аяусыз күресіп, түп-тамырымен жойған дұрыс.

Біздің ойымызша, сыбайлас жемқорлық негізінен мемлекеттік жүйеде орын алатындықтан, билік сенім білдіріп, құқық берген лауазымды адамдар моральдық тұрғыдан таза болулары керек.

Бүгінгі таңда құқық қорғау органдары әшкерелеп жатқан мемлекеттік қызметшілер тарапынан жасалатын сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың сипатын, жасалу себептері мен осыған итермелеген жағдайларға талдау жасайтын болсақ, олардың басым көпшілігі заңды білмеуден немесе оған немқұрайды қараудан орын алуда. Мысалы, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының талабына сәйкес мемлекеттік міндеттер атқаруға уәкілетті адамдар мен оған теңестірілген адамдар жыл сайын тұрғылықты жері бойынша салық органдарына табыстары туралы мәлімдеме тапсыруға міндетті.

Алғашқы жылдары осы декларацияны уақытылы тапсырмау сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтар жиі кездесетін болса, қазіргі кезде ондағы мүліктері жөніндегі мәліметтердің толық болмайтыны орын алуда. Бұл құқық бұзушылықты мемлекеттік қызметшілер мен оған теңестірілген адамдар әдейі жасайды деуге болмайды. Бұл негізінен қызметкерлердің жауапсыздығынан, осы мәселеге немқұрайды қарауынан немесе заңды білмеуінен болады.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш- жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Ел болып еңсемізді көтергенімізге, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылдық, көреген саясатының арқасында мемлекетіміздің тамыры тереңге тартылып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орнымыз айқындалды. Сондықтан әрі қарай қарқынды даму үшін сыбайлас жемқорлықпен күресуіне қоғамның барлық топтары жүйелі күш салысуы тиіс. 

Н.М.Ошантаева, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастырушылық жұмыс бөлімінің басшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы