Бүгін шаhар басшысы Нұрбол Тұрашбеков қаладағы “Отырар” секторының тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді. Кездесуде тұрғындар әлеуметтік көмек қарастырылуын, аулаларды абаттандыруды, инфражүйелердің іске қосылуын және КСК мәселесін көтерді. Нұрбол Әбдісаттарұлы жағдайды барып сол жерде зерделейтінін жеткізді.

Сонымен қатар, “Жаңа қала” 16/1 тұрғыны ауланы абаттандыру, паркинг, тазалық жұмыстарын жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтты. Шаһар басшысы аталған мәселе бойынша жауапты мамандарға тапсырма берді. “Отырар” мөлтек аудан тұрғындары тарапынан А.Байтұрсынов атындағы мектепте оқулық жетіспеушілігін, атаулы әлеуметтік көмек алатындар арасында жалған ажырасу, табысын жасыру жағдайлары барын айтып, тізімді қайта тексеру жөнінде ұсыныстар айтты.

Сонымен қатар тұрғындар тарапынан мынадай мәселелер де айтылды. 8 және 12 бағыттағы қоғамдық көлік маршрутын созу, аты жоқ көшелерге атау беру, ойын алаңшаларына көңіл бөліп оларды қоршау, “LF Түркістан” футбол клубына қолдау көрсету, “Тұран батыр” аула клубына ғимарат беру, көшелердегі қоқыстардың жиі алынуы керек екендігі жөнінде сөз қозғады. Сондай-ақ кәріз жүйесі құрылысы автомобиль жолдарына зиянын тигізбесе деген тілектерін жеткізіп, құрылыс аяқталған жерлердің қайта қалпына келтірілуін қадағалауды сұрады.

Тұрғындар ұзақ уақыттан бері үй кезегінде тұрғандықтарын айтып, көпбалалы мен әлеуметтік әлсіз топтарға берілген үйлерді қайта тексеруді сұрады. Азық-түлік бойынша берілетін көмектер тек атаулы әлеуметтік көмек алатындарға ғана емес, әлсіз топтарға да үлестірілсе деген өтініштер де қаралды. Кездесу нәтижесінде хаттамалық тапсырма түзіліп, айтылған мәселелердің орындалуы бақылауға қойылды.
Шапағат ҒАЙБУЛЛА.
